check

You are here

Сұрақ-жауаптар «Еңбек құқығы мәселелері»

Сұрақ тақырыбы: 

Саламатсыздарма! Мен Алматы қаласы Алматы Сән және дизайн колледжінде 2010 жылдан бері жұмыс істеп келемін! 2014-2017 жылдар аралығында бала күтімі бойынша демалыста балдым! Жұмысқа 02.09.2017 жылы шықтым! Менің әріптестерім жұмысқа 28.08.2017 жылы шықты,  56 күн еңбек демалысында болады! Ал мен сияқты 02.07.2017 ж. күні жұмысқа келген басқа да оқытушылар 46 күн еңбек демалысында болады деді колледжіміздің әкімшілігі! Бұл қаншалықты дұрыс? Еңбек демалысын қалай есептейді? Неге 5 күн емес 10 күн айырмашылық? Және де оздоравительный қалай төленеді?

Жауап: 

Құрметті Айнур Мухаметовна!

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 22-бабына сәйкес жұмыскердің тынығуға, оның ішінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына құқығы бар.
Мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог жұмыскерлері (әскери, арнаулы оқу орындарының әскери немесе арнаулы атағы, сыныптық шені бар қызметкерлерін және әскери қызметшілерін қоспағанда) азаматтық қызметшілер болып табылады.
Кодекстің 139 бабы 10-тармағына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлененіледі.
Қазақстан Республикасы Білім туралы Заңының 53-бабы 1-тармағына сәйкес педагог қызметкерлер орта білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері мен оларға теңестірілген адамдар үшін ұзақтығы күнтізбелік 56 күн ақы төленетін жыл сайынғы демалыс алудың әлеуметтік кепілдіктерін иеленеді.
Кодекстің 91-бабына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскердің еңбек өтілі болған кезде беріледі (нақты жұмыс істелген уақыт, жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт, жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт, жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт еңбек өтіліне қосылады).
Осыған орай, бала күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс еңбек демалысына құқық беретін жұмыс стажына кірмейді.
Жоғарыда айтылғандарға орай:
- жұмыс стажы барларға (12 ай нақты жұмыс кезеңі болғанда) еңбек демалысы толық беріледі, егерде оның бөлуін қызметкердің өзі қалағаның және жұмыс берушінің келісімен қоспаған жағдайда;
- егерде қызметкерде жұмыс стажы болмаған жағдайда, онда қызметкердің арызы бойынша және жұмыс берушінің келісімімен қызметкерге аванспен еңбек демалысы немесе нақты жұмыс істелген уақыт үшін еңбек демалысының бөлігі берілуі мүмкін;
- егерде еңбек қатынас тараптардың пікіріне сәйкес жұмыс беруші (денсаулық сақтау мекемесі) өз еркімен міндеттеме алып бекітілген демалыс кестесінде қарастырылған жағдайда қызметкерге толық еңбек демалысын беруге міндетті.
Сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеуге қатысты азаматтық қызметшіге еңбек демалысы берген жағдайда ғана сауықтыруға арналған жәрдемақы беріледі.
Сондықтан, егер жұмыс беруші еңбек заңнамасын бұзатын болса Сіз еңбек құқығыңызды қорғау үшін еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орғанға шағымдануыңыз қажет.
Еңбек инспекциясы түскен арыз негізінде мекемеде тексеру жұмыстарын жүргізіп, бұзушылық анықталған жағдайда заңнамаға сәйкес тиісті шараларды қабылдайтын болады.

Сұрақтың нөмірі: 350067
26 маусым, 2018 - 17:58 өзгертілді
Сұрақ тақырыбы: 

Мен, Купашева Жанар Тулегеновна 2009 жылдың ақпан айында Орал қаласындағы А.Иманов атындағы жол-көлік колледжіне аудармашы лауазымына қабылдандым. Білімім - жоғары. Мамандығым - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 2011-2012 оқу жылында оқушылар құрамы 25 адамнан тұратын №20 топтың жетекшісі (руководитель группы) болып тағайындалдым. Одан кейінгі жылдарда да топтардың жетекшісі болуыммен қатар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы ретінде (замен жасап) сабақ беріп жүрдім және мемлекеттік емтиханға ассистент болып қатыстым (барлығы бұйрықпен белгіленді).

Жауап: 

Құрметті Жанар Тулегеновна!
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 1-бабының 1-тармағының 29) тармақшасына сәйкес еңбек өтілі – бұл жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға жұмсаған, күнтізбемен есептелген уақыт, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес еңбек өтіліне кіретін өзге де кезеңдер, оған:
- қызметкер жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған;
- жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына байланысты жұмыс істемеген;
- жалақы сақталмайтын демалысына байланысты жұмыс істемеген;
- оқу демалысына байланысты жұмыс істемеген;
- еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты жұмыс істемеген;
- жұмыскерлерге ереуіл өткізуге байланысты жұмыс істемеген;
- жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыттар;
- дуальдық оқыту бойынша өндірістік практикадан өту кезеңдер кіреді.
Кодекстің 21-бабына сәйкес еңбек қатынастары қызметкер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалған еңбек шартының негізінде туындайды.
Сонымен бірге айта кететін жайт, мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің лауазымдық жалақы белгілеуге құқық беретін мамандық өтілді еңбек өтілін белгілеу жөніндегі аранайы комиссия айқындайды.

Сұрақтың нөмірі: 349833
14 маусым, 2018 - 17:17 өзгертілді
Сұрақ тақырыбы: 

Ағымдағы жылдың мамыр айында  мемлекеттік мекеме бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған болатын. Осыған байланысты келесі сұрақтарды айқындап берулеріңізді сұранамын:

1. Жұмыскермен еңбек шарты қайта жасалады ма?

2. Жұмыскерге ескертпе хат ұсыну міндетті ме?

3. Жұмыскердің жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан босатылуы негізді ме?

 

Жауап: 

Құрметті Икрамхан Өмірзақұлы!
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 47-бабына сәйкес жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілілігі өзгерген, заңды тұлға акцияларының (қатысу үлестерінің) меншік иесі ауысқан, жұмыс беруші заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайларда жұмыскерлермен еңбек қатынастары өзгеріссіз жалғаса береді.
Егер жұмыскерлердің еңбек жағдайлары өзгерген жағдайда кодекстің 46-бабына сәйкес, қайта ұйымдастыруға немесе экономикалық, технологиялық жағдайлардың, еңбекті ұйымдастыру жағдайларының өзгеруіне және (немесе) жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты өндірісті ұйымдастырудағы өзгерістерге орай, жұмыскер өз мамандығына немесе кәсібіне, тиісті біліктілігіне сәйкес жұмысын жалғастырған кезде, еңбек жағдайларын өзгертуге жол беріледі. Еңбек жағдайлары өзгерген кезде еңбек шартына тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.
Егер еңбек, ұжымдық шарттарда хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші жұмыскерді еңбек жағдайларының осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер бойынша орын алған өзгеруі туралы күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты жұмыскер жұмысты жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, жұмыскермен еңбек шарты Кодекстің 58-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.
Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар жұмыскерлердің санын немесе штатын қысқартуға әкеп соғуы мүмкін болған жағдайда, жұмыс берушінің жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында толық емес жұмыс уақыты режимін енгізуге құқығы бар.
Сонымен қатар, Кодекстің 58-бабының 3-тармағына сәйкес жұмыскердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі (оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты) және демалысы кезеңінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша еңбек шартын тоқтатуға жол берілмейді.

Сұрақтың нөмірі: 349778
13 маусым, 2018 - 09:59 өзгертілді
Сұрақ тақырыбы: 

Сәлеметсізбе! 

1) Толық жеке материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалатын қызметкерлер тізіміне мұғалімдерді енгізуге боладыма? Мысалы оқу кабинеттеріндегі жиһазды, компьютерді мұғалім оқу процесі кезінде қолданады, сонда барлық мұғаліммен шарт жасалу қажетпе?

2) Химия,физика, биология кабинетінің зертханашысымен толық жеке материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалады, бірақ приборларды мұғалім сабақта пайдаланады, егер материалдық құндылыққа нұқсан келтірілсе кім жауапты болады?

3) Мектептің вахтерін, күзетшісі материалдық-жауапты тұлға болып саналады ма?

Жауап: 

Құрметті Арай Балкыбеккызы!
Бірінші және үшінші сұрақтар бойынша.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 123-бабының 7-тармағына сәйкес жұмыскерлерге берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегені үшін толық жеке немесе ұжымдық (ортақ) материалдық жауаптылық туралы шарт жасалуы мүмкін жұмыскерлер атқаратын немесе орындайтын лауазымдар мен жұмыстардың тізбесі, сондай-ақ толық материалдық жауаптылық туралы үлгілік шарт жұмыс берушінің актісімен бекітіледі.
Еңбек заңнамасында мұғалімдерге, мектеп вахтері мен күзетшісіне материалдық жауапкершілік туралы шарт жасасу туралы қарастырылмаған және ешқандай шектеу қойылмаған.
Осыған орай, мұғалімдер, мектеп вахтері және күзетшімен материалдық жауапкершілік туралы шарт жасаласуға болады деп есептейміз. Егерде, олар жұмыс берушінің материалдық жауаптылық туралы шарт жасасу лауазымдар мен жұмыстардың тізбесіне кіргізілген болса.
Сонымен қатар, жұмыс беруші жұмыскерлерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек жағдайын қамтамасыз етуге және мүлкінің сақталуына жағдай жасауы қажет.
Екінші сұрақ бойынша.
Кодекстің 120-бабының 2 және 3 тармақтарына сәйкес еңбек шартының басқа тарапқа нұқсан (зиян) келтірген тарапы оны Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өтейді.
Сонымен қатар, еңбек, ұжымдық шарттарда жұмыскер мен жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы нақтылануы мүмкін.

Сұрақтың нөмірі: 349726
7 маусым, 2018 - 18:48 өзгертілді
Сұрақ тақырыбы: 

демалыстар кестесі туралы

Жауап: 

Құрметті Нұрбек! Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 93-бабына сәйкес жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады не тараптардың келісімі бойынша демалыстар кестесінен тыс белгіленеді. Кодекстің 92-бабына сәйкес жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі. Және демалыс беру жұмыс берушінің актісімен ресімделеді. Кодекстің 23-бабының 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес жұмыскерді еңбек тәртіптемесі қағидаларымен, жұмыс берушінің жұмыскердің жұмысына (еңбек функциясына) тікелей қатысы бар өзге де актілерімен және ұжымдық шартпен таныстыруға міндетті. Осыған сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерге демалыс кестесіне байланысты еңбек демалысына жіберу туралы бұйрық шығарып, жұмыскерді демалыс беруге байланысты бұйрықпен таныстыруға міндетті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану бойынша жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келіспеушіліктер еңбек дауға жатады. Осы орайда, жұмыскерді демалыс кестесіне сәйкес еңбек демалысына шығару мәселесі татуластыру рәсiмдері арқылы ұйымдағы келісу комиссиясы (Кодексің 159 бабы), ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша сот тәртібімен шешілуі тиісті.

Сұрақтың нөмірі: 349618
31 мамыр, 2018 - 09:06 өзгертілді
Сұрақ тақырыбы: 

Саламатсыз ба! Мен 2016 жылдан бері балалар үйінде кадр бөлімінің инспекторы қызметін атқарудамын. ҚР Үкіметнің 30.01.2008 жылғы №77 қаулысына сәйкес кадр бөлімінің инспекторы лауазымы 1,0 жүктеме берілген (Балалар үйіндегі тәрбиеленуші-воспитанник саны 130 адам). Енді, балалар үйінде яғни мекемеде бала саны азайды, болжаммен 70 тәрбиеленуші қалады. Бірақ, балалар үйі атауы "орталық" деп өзгеруіне байланысты штат сандары қосылуда. Сонымен, болжаммен 134 адам санына, "кадр бөлімінің инспекторы" лауазымын 1,0 жүктемемен қалдыруға рұқсат па?

Жауап: 

Құрметті Гульзира Каныбековна!
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 8-бабының 3-тармағына сәйкес жұмыскерлердің жекелеген санаттарының еңбегін құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 Қаулысының 5-тармағына сәйкес жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда кадрлар жөніндегі инспекторлардың жүктеме бірлігі, тәрбиеленушілер топтарының санына байланысты өзгеріп отырады. Яғни 5-9 топқа дейін 0,5 бірлік, 10-нан жоғары топқа 1 бірлік жүктеме.
Сонымен қатар, Сізге, аталған сұрағыңыз бойынша қосымша түсініктеме алу үшін, білім беру саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне хабарласуыңыз қажет.

Сұрақтың нөмірі: 349517
25 мамыр, 2018 - 12:27 өзгертілді
Сұрақ тақырыбы: 

Cәлеметсіз бе, Мадина Абылкасымова . Менің сізге базалық зейнетақы тағайындау жөнінде қояр сұрағым бар.    Әкем, Қаумбеков Ж.С. зейнеткерлікке 1997 жылдың мамыр айында ІІБ-нен шыққан. Онда жалпы еңбек өтілімі 31 жыл болды. 1998 жылдың мамыр айынан 2011 жылдың маусым айына дейін азаматтық мекемеде жұмыс істеді. осы жылдар бойы ай сайын зейнетақы қорына жарналар аударылып тұрды және де әлеуметтік салымдар ұсталып тұрды. Ол жөнінде анықтамалары бар және де еңбек кітапшасында жазылған.

СҰРАҚ: Базалық зейнетақы есептегенде 33 жылға жетпей тұрған 2 жыл осы кейінгі еңбегінен қосыла ма?

Жауап: 

Гульмира Жанатқызы!

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы төлемді тағайындау тәртібі өзгертіледі.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан кем болатын адамдар үшін базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 % мөлшерінде белгіленетін болады, базалық зейнетақының мөлшері 10 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға 2 %-ға ұлғаяды және қатысу өтілі 33 жыл және одан көп болса, ең төмен күнкөріс деңгейінде белгіленеді.
Сол себептен, қазіргі зейнеткерлер үшін зейнетақымен қамсыздандырудың ортақ, сол сияқты жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілін ескере отырып, базалық зейнетақыны қайта есептеу жүргізілетін болады.
Бұл еңбек өтілі көп болса да, төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кететін жайт, зейнетақы мөлшерін арттыру зейнетақы ісіндегі құжаттарға сәйкес жүргізіледі. Қайта есептеу қосымша құжаттарды талап етпей жүзеге асырылады, яғни зейнеткерлерге ешқайда бару керек емес, себебі еңбек өтілі туралы ақпарат зейнетақы істерінде, ал міндетті зейнетақы жарналарын төлеу мерзімі – міндетті зейнетақы жарналарын төлеу туралы деректер базасынан алынады.
Сонымен, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемі қайта есептелгеннен кейін сұрақтар туындаса түсініктемелер алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша Мемлекеттік корпорациясына немесе Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Департаментіне өтініш беруіңізге болады.

Сұрақтың нөмірі: 349431
16 мамыр, 2018 - 09:18 өзгертілді
Сұрақ тақырыбы: 

Құрметті Мәдина Ерасылқызы! Мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директорын тағайындау үшін 2012 жылғы 21 мамырдағы «Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын бекіту туралы» № 201-ө-м Бұйрығына сәйкес 5 жыл басшылық лауазымы болуы қажет. Осы тұрғыда егер тұлға ЖШС директоры және қоғамдық бірлестіктің төрағасы қызметтерінде 5 жыл істеген болса мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры лауазымы қызметіне тағайындау заңды ма?

Жауап: 

Құрметті Ұлжан Ғаппаровна!
«Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012 жылғы 21 мамырдағы № 201-ө-м бұйрығына сәйкес ұйым директорына мына біліктілік талаптар қойылған: Тиiстi мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiм және экономикалық қызмет түрінде тиісті ұйым бейінінде басшы лауазымында жұмыс стажы кемінде 5 жыл болуы тиіс. «Іскер әкімшілік магистрі» ғылыми дәрежесі немесе басқару (менеджмент) саласында қосымша білімінің болғаны дұрыс.
Бұл ретте, ЖШС директоры, Қоғамдық бірлестігі төрағасы және басқа да заңды тұлға басшысы ретінде атқарған қызмет уақыты басшы лауазымында жұмыс атқарған стажына кіреді.

Сұрақтың нөмірі: 349286
11 мамыр, 2018 - 17:06 өзгертілді
Сұрақ тақырыбы: 

 

Салемеметсіз бе!

Жауап: 

Құрметті Ақсамал Нұрлановна!

«Барлық қызмет салаларына ортақ мемлекеттiк мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар мамандарының жекелеген лауазымдарының бiлiктiлiк сипаттамаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 1 қыркүйектегі № 775 бұйрығы тек мемлекеттiк мекемелер мен қазыналық кәсіпорындары жұмыскерлеріне таратылады.
«Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын бекіту туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012 жылғы 21 мамырдағы № 201-ө-м бұйрығы басшылардың, мамандардың және тағы да басқа қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығы ҚР еңбек заңнамасына сәйкес қызметкерлерге біліктілік талаптарын белгілеу үшін негіз болып табылады және еңбек қатынастарын реттеумен, ұйымдастырушылық - құқықтық нысанына қарамастан әртүрлі экономикалық қызмет түрлерімен айналысатын ұйымдарда мамандарды басқарудың тиімді жүйесін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді шешу үшін қолданылады.
Сіздің жағдайыңызда, біріншіден «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығын, ал онда реттелмеген мәселелер бойынша бірінші Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 1 қыркүйектегі № 775 бұйрығын, содан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012 жылғы 21 мамырдағы № 201-ө-м бұйрығы басшылыққа алу қажет.

.

Сұрақтың нөмірі: 349273
11 мамыр, 2018 - 17:02 өзгертілді
Сұрақ тақырыбы: 

02.09.2017 жылы мұғалім колледжге жұмысқа қабылданады. Одан кейін 02.12.2017 жылдан бастап 07.04.2018 жыл аралығында яғни (126 күнтізбелік күн) жүктілікке және босануға байланысты демалыста болады. Одан кейін 07.04.2018 келіп жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына өтініш жазады.

Жауап: 

Құрметті Баглан Асанович!
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 88-бабына сәйкес егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көбірек күн саны көзделмесе, жұмыскерлерге ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 53-бабы 1-тармағына сәйкес педагог қызметкерлер мынадай орта білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері мен оларға теңестірілген адамдар үшін ұзақтығы күнтізбелік 56 күн; оқу-әдістемелік қызметкерлері қамтамасыз ету, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері мен оларға теңестірілген адамдар үшін - күнтізбелік 42 күн ақы төленетін жыл сайынғы демалыс алудың әлеуметтік кепілдіктерін иеленеді.
Кодекстің 91-бабына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде:
1) нақты жұмыс істелген уақыт;
2) жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;
3) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт;
4) жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт еңбек өтіліне қосылады.
Осыған орай, жұмыскердің ағымдағы жылы яғни, 7.04.2018 жылы ақы төленетін еңбек демалысы алғандықтан оған 32 күн берілуі тиіс деп есептейміз.
Осы сұрағыңыз бойынша толығырақ ақпарат алу үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне хабарласуыңыз қажет.

Сұрақтың нөмірі: 349175
27 сәуір, 2018 - 16:57 өзгертілді

Беттер

ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші