You are here

203 отбасы Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға көшіп барды

203 отбасы Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға көшіп барды

«Нұрлы Ертіс» пилоттық жобасын іске асыру аясында Павлодар облысына ерікті түрде қоныс аудару бойынша 2019 жылдың мамырынан бастап Қазақстан астанасынан Екібастұзға 203 отбасы немесе 1 мың 169 адам көшті.

Жұмыс күші артық өңірлердің тізімін биылғы мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласы толықтырды. Кеншілер қаласына көшуді шешкен елорда тұрғындары үшін Екібастұзда өмір сүру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Қоныс аударушыларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етеді, ал қажет болған жағдайда оқуға жібереді.

Екібастұзға алғашқылардың бірі болып көп балалы Шапағат пен Салтанат Маликовтар көшті.

«Осы жылдың мамыр айында «Нұрлы Ертіс» жобасының қатысушылары ретінде біз елордадан Екібастұзға көшіп кеттік. Келгеннен кейін бізге жалдамалы тұрғын үй - 3 бөлмелі пәтер берілді. Жолдасымды «Оптима Транс» ЖШС-де автомеханик ретінде жұмысқа орналастырды. Біздің төрт баламыз бар. Екі кішкентайымыз егіздер, 2 жаста. Үлкендеріміз екінші және алтыншы сыныптарда оқиды. Балабақша, мектепте тамақтану және балаларға арналған қоғамдық көліктер - барлығы тегін! Отбасымыздың өмірі жақсарды деп сеніммен айта аламын», – деп Салтанат Маликова өз қуанышымен бөлісті.

Елордадан Екібастұзға көшкен 203 отбасының 122-сі 3 бөлмелі пәтерге, 69 отбасы 2 бөлмелі пәтерге және 12 отбасы 1 бөлмелі пәтерге орналастырылды.

«Нұрлы-Ертіс» жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару осы мемлекеттік бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі болып табылады және келесі механизмдерді көздейді:

- көшуге 35 АЕК немесе отбасының әрбір мүшесіне 88 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы субсидия төлеу;

- қалалық аудандарда тұрғын үйді жалға алуға ай сайынғы шығыстарды 75 мың теңгеге дейін (30 АЕК) және ауылдық жерлерде отбасы мүшелерінің санына байланысты 53 мың теңгеге дейін (21 АЕК) өтеу;

- жұмыс берушілерге кемінде 5 адамның жұмысқа орналасуына ықпал жасаған жағдайда, 450 АЕК немесе 1 млн 136 мың теңге көлемінде субсидия беріледі;

- қажетті жұмыс құралдарын, технологиялық жабдықтарды, үй жануарлары мен құстарын сатып алу, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына 200 АЕК-ке дейін қаражат бөлінеді;

- қоныс аударушылар техникалық және кәсіптік білім алуға, қысқа мерзімді курстарға қол жеткізе алады, сондай-ақ оларға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді.

«Ерікті қоныс аударудың мақсаты еңбек күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету және өңірлік сәйкессіздіктер мен демографиялық теңгерімсіздіктерді жою болып табылады. Ерікті түрде қоныс аударуға Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының және Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары қатыса алады. Бүгінгі күні қоныс аударушыларды қабылдау үшін төрт өңір бекітілді: СҚО, ШҚО, Павлодар және Қостанай облыстары», – деп хабарлады ҚР Еңбекмині Халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы Айжан Жапалбаева.

2019 жылдың 8 айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде еңбек күші тапшы өңірлерден 1 мың 650 отбасы немесе 5 мың 918 адам көшіп келді.

 

12 қыркүйек, 2019 - 17:10 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші