check

You are here

АӘК тағайындаудағы бұзушылықтар жұмыспен қамту орталықтары мен учаскелік комиссиялардың атүсті жұмысының нәтижесі - Бердібек Сапарбаев

министр Б. Сапарбаев

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды.

Еңбек министрі қала және аудан әкімдерінің, жұмыспен қамту, әділет, мемлекеттік кірістер басқармалары мен бөлімдерінің, «Атамекен» ҰКП, ҮЕҰ және жұмыс берушілердің қатысуымен әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелері, соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Үкімет пен облыс әкімдеріне бірқатар маңызды міндеттер жүктеген болатын. Негізгі мәселе - Қазақстанның әл-ауқатын жақсарту, тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету және уақытылы жалақы төлеу. Мемлекет көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмекке республикалық бюджеттен 200 миллиардтан астам теңге бөлінді. Осы қаражаттың мақсатты пайдаланылуы мен мұқтаж отбасыларға жеткенін қамтамасыз ету – біздің негізгі міндетіміз», - деді Сапарбаев.

Министрдің мәліметінше, Жамбыл облысының 152 мыңнан астам тұрғыны атаулы әлеуметтік көмек алады, олардың 36 мыңы еңбекке қабілетті азаматтар. Алайда, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1,3 мың жәрдемақы алушы ғана жатады.

«АӘК-тің негізгі міндеті - мұқтаж отбасыларға өмірлік қиын жағдайдан шығуға көмектесу, қажетті мамандықтарға оқыту арқылы табыс деңгейін арттыру, жұмысқа орналасуға жеке кәсібін ашуға жәрдемдесу болып табылады», - деп атап өтті министр.

Министр атаулы жәрдемақыны тағайындау және төлеу кезінде анықталған бұзушылықтарды, соның ішінде артық төлемдерді, әлеуметтік байланыстардың жоқтығын, бір уақытта екі төлемді тағайындауды, өтініш беруші жүгінген күні тағайындау туралы шешім қабылдауды және т. б. келеңсіздіктерді жоюды тапсырды. Барлық заңсыз төленген қаражат бюджетке қайтарылуы тиіс.

«Басқа қалада оқып жатқан балалары үшін ата-аналар жәрдемақы алған жағдайлар да кездесті. Барлық анықталған бұзушылықтар жұмыспен қамту орталықтары мен учаскелік комиссиялар қызметкерлерінің өз жұмысына атүсті қарауынан орын алып отыр. Егер тиісті шаралар қабылданбаса, қатаң шаралар қабылдау үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілетін болады», - деп ескертті Сапарбаев.

Сондай-ақ, министр өңірде жұмыс істейтін тұрғындардың барлығы бірдей зейнетақы мен әлеуметтік аударымдармен қамтылмағанына назар аударды.

Кеңесте мүгедектігі бар азаматтарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері де назардан тыс қалмады.

Өңірге жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының жұмыспен қамту орталығының жұмысын тексеріп, қызметкерлермен және келушілермен әңгімелесті. Сондай-ақ, ол «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы ашқан сұлулық салонына барды. Аида Батырбекова 5 миллион теңге көлеміндегі жеңілдетілген микрокредиттің арқасында өз бизнесін ашып қана қоймай, алты қала тұрғынын жұмыспен қамтыды.

Министр қазақстандықтарды мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдалануға шақырды. Ағымдағы жылы бағдарламаға көп балалы отбасыларды, мүгедектігі бар адамдарды және жастарды қолдауға бағытталған біршама өзгерістер енгізілді. Олар үшін микрокредиттер мен мемлекеттік гранттар бойынша квота, сұранысқа ие кәсіптер мен бизнес негіздеріне оқыту қарастырылған.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Тұрар Рысқұлов ауданында болды. Ол жерде аудандық Жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты, ауыл тұрғындарымен әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелерін талқылап, көкейдегі сұрақтарына жауап берді.

25 шілде, 2019 - 17:57 өзгертілді
Әлеуметтік қорғау жүйелеріндегі үздік қызметкерге дауыс бер
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
үздік әлеуметтік жобалар дауыс беру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші