You are here

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігін жетілдіру

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігін жетілдіру

 

Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі  ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-дан 70%-ға дейін арттырылады (14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін). Нәтижесінде, егер бұрын АӘК-ті 571 мың адам алған болса,
1 шілдеден бастап 830 мыңнан астам адам қамтылады.

Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төс белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедектігі бойынша балаларға берілетін жәрдемақылар алып тасталады.

Үшіншіден, ай сайын аз қамтылған отбасының әрбір баласына күнкөріс деңгейінің 70%-ы мөлшерінде кепілдендірілген көмек (20 789 теңге) көрсетілетін болады. Отбасының ересек мүшелері үшін АӘК мөлшері  бұрынғыдай есептеледі. Ол орта есеппен қолданыстағы көмектің мөлшерін 40%-ға арттырады.

Мысалы:

Отбасы құрамы – әкесі, анасы және 4 баласы.

Табысы – еңбек қызметінен түсетін табысы 50 000 теңге, 10504 теңге мөлшерінде көп балалы отбасыларға АМЖ (2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған кезде)

Отбасының жиынтық табысы - 60 504 теңге.

Жан басына шаққандағы табысы - 10 084 теңге.

АӘК тағайындау қолданыстағы тәртібі бойынша

Отбасының әрбір мүшесіне АӘК мөлшері   4 765 теңгені құрайды.

Барлығы отбасына АӘК мөлшері  айына   28 590 теңгені құрайды.

АӘК жаңа тәртібі  бойынша тағайындау  ( көп бабалы отбасылардың  жәрдемақыларын алып тастауды және ЕТКД 70 %-ға дейін  кедейлік шегін (20 789 теңге)  арттыруды есепке  алғанда)

Отбасының ересек мүшесіне АӘК мөлшері - 24 912 теңге (12 456 теңге*  отбасының 2 ересек мүшесі)

Балаларға АӘК мөлшері - 83 156 теңге (20 789 теңге*4 бала).

Барлығы отбасына АӘК мөлшері айына 108 068 теңге.

 

Төртіншіден, АӘК тағайындау рәсімі сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы жеңілдетіледі. Осылайша, халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтер мен кенттер әкімдіктерінің мамандары ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған кезде тиісті мемлекеттік органдарға сұрау салуларды рәсімдейді.

Аз қамтылған азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетілетін АӘК тағайындау тәртібі:

біріншіден:  ақшалай төлем;

екіншіден,  жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, яғни оқуға, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, белгіленген тәртіппен микрокредиттер беру;

үшіншіден, әлеуметтік бейімдеу шаралары, ол мүгедектерді  әлеуметтік оңалтуды, заң консультацияларын өткізуді, тұрғын үй коммуналдық қызметтерін төлеу бойынша шығыстарды өтеудің тұрғын үй көмегін алуды, тұрғын үй алуға және балабақшаларға кезекке тұруды, сондай-ақ әйелдер емханаларына есепке тұруды және т.б шараларды қамтиды (секциялар, үйірмелер, факультативтік оқулар мен мектепте оқитындарға тегін тамақ)     

АӘК: шартты және шартсыз ақшалай көмек болып 2 түрге жіктеледі:

1.Шартсыз ақшалай көмек еңбек етуге қабілеті жоқ азаматтар бар отбасыларға немесе еңбекке қабілеті бар жалғыз мүшесі белгілі бір себептерге байланысты (жеті жасқа дейінгі баланың, мүгедек баланың, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектің, бөгде адамның көмегіне мұқтаж қарт адамның күтімімен айналысатын) жұмыс істей алмай отырған отбасыларға беріледі.Шартсыз ақшалай көмек алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес.

2. Шартты ақшалай көмек құрамында кемінде бір еңбек етуге қабілетті мүшесі бар отбасыларға беріледі және әлеуметтік келісімшарт жасасу және оны адал орындау шартымен көрсетіледі.

Әлеуметтік келісімшарттың қолданылу мерзімі 6 айды құрайды.

Шартты ақшалай көмек жүгінген айынан бастап тағайындалады және ай сайын немесе әлеуметтік келісімшарт қолданылған кезде бір рет төленеді.

Өтініш беруші әлеуметтік келісімшарттың мерзімін ұзарту үшін әлеуметтік келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн қалғанда жазбаша жүгінуі қажет.

Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы табысы әр отбасы мүшесіне шаққанда кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тағайындалады.

Бүгінгі күні кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 50%-ын немесе 14 849 теңгені құрайды, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің
70%-ын немесе 20 789 теңгені құрайды.

 Осылайша, АӘК мөлшері адамға (отбасыға) шаққанда жан басына шаққандағы табыс пен өңірлерде әрбір отбасы мүшесіне белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде есептеледі.

Бұл ретте отбасының жиынтық табысы тұрғын үй және атаулы әлеуметтік көмекті, сондай-ақ белсенді жұмыспен қамту шараларын қоспағанда, барлық табыс түрлерін қамтиды.

Мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейту

2019 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан бала кезінен бастап бірінші топтағы мүгедектерге күтім көрсету бойынша мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 30%-ға артады.Нәтижесінде 100 мың азамат үшін жәрдемақылардың мөлшері 31 183 теңгеден 41 578 теңгеге дейін өседі.

Көп балалы отбасыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын кеңейту

Көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту мақсатында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы) шеңберінде мынадай шаралар көзделетін болады.

Біріншіден, гранттар мен микрокредиттердің жеке квотасы көзделеді. Көп балалы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін оларға отбасылық бизнес ашу және табысын арттыру үшін жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге (200 АЕК) мөлшерінде өтеусіз негізде мемлекеттік гранттар беріледі.

Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі көп балалы аналарға және мүгедектігі бар адамдарға өз ісін ашу үшін 6,5 млн. теңгеге дейін және якорлы кооперацияны дамытуға 20 млн. теңгеге дейін жеңілдікті микрокредиттер беріледі.

Екіншіден, көп балалы аз қамтылған ауылдық отбасылар үшін сұранысы бар мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады, үйде ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындары ашылады (киім тігу, нан пісіру және т.б.). Бұл бала күтімі мен еңбек қызметін қоса атқаруға, сондай-ақ қосымша табыс көзін алуға мүмкіндік береді.

Осы шараларды іске асыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізілетін болады.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі әрекеттегі шаралар

Бағдарламаның іс-шараларын іске асыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Бірінші бағыт «Техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету» - халықты жаппай оқыту жолымен нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту үшін жағдай жасауға бағытталған.

Бірінші, оқу орындарына түспеген мектеп түлектерін қоса алғанда, жұмыссыз жастарды техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі (ТжКБ) арқылы бірінші кәсіпке оқытуға мүмкіндік беріледі. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға арналған жыл сайынғы қабылдау жоспары 20,2 мың адамды құрайды.

Екінші, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру үшін 29 жасқа дейінгі жастарға, жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және қысқартылған қызметкерлерге стипендия мен материалдық көмек төлей отырып, қысқа мерзімді кәсіптік оқудан тегін өтуге мүмкіндік беріледі.

Екінші бағыт «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» қалаларда және ауылда микрокредит беруді кеңейтуге бағытталған.

Микрокредиттер бизнесті ашу, қолданыстағы кеңейту және якорлы кооперацияны дамыту мақсатында - 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін - 7 жылға дейін беріледі.

Кредиттер бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-дан аспайды.

«Атамекен» ҰКП «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін Бағдарламаға қатысушылар бизнес негіздеріне оқи алады.

Үшінші бағыт «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту».

Үшінші бағыт аясында әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, жастар практикасына және қоғамдық жұмыстарға жіберу қарастырылған.

Еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыру үшін азаматтарды еңбек күші көп өңірлерден (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда) елдің еңбек күшіне тапшы өңірлеріне (ШҚО, Қостанай, Павлодар, СҚО) ерікті түрде көшіру жүзеге асырылады.

Бағдарлама шеңберінде ерікті қоныс аударуға қатысушылар үшін мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі, олар көшуге арналған субсидиялар (35 АЕК мөлшерінде), тұрғын үй жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарды жабу және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін 12 ай ішінде берілетін ай сайынғы төлемдер (15-тен 30 АЕК дейін).

2018 жылдан бастап жұмыс берушілерге қоныс аударушылар қатарынан тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 450 АЕК мөлшерінде субсидия беріледі (5 адамнан кем емес).

Жастар жылы аясында жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу

2019 жылы жастарды қолдауға арналған «Zhastar El Tiregi» жалпыұлттық жобасы іске қосылады.

Осы жобаның «Жас кәсіпкер» бағыты бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде:

  • жастардың кемінде 20 мың өкілін «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған;
  • жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін жастарға қосымша 10 мың мемлекеттік грант бөлінеді (соманың 2 есеге 100-ден 200 АЕК-ке дейін немесе 252,5 мың теңгеден 505,0 мың теңгеге дейін ұлғаюымен).

2019 жылы жас кәсіпкерлерге 5 мың шағын несие (жоспарланған 14 мыңның ішінен) беріледі.

«Жас маман» бағыты шеңберінде жастар практикасымен қамту қосымша 10 мың адамға кеңейтіліп, 25,5 мың жасты құрайды.

Нәтижесінде 2019 жылы мемлекеттік қолдау шараларымен 60 мыңнан астам жастар қамтылады.

 

18 шілде, 2019 - 08:57 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші