You are here

Қазақстандағы туризм бизнесі бірыңғай стандарт бойынша жұмыс жасайтын болады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы аясында туризм саласына арналған жаңа кәсіби стандарт дайындалып, аталмыш стандартта нарықта бар төрт кәсіпке сипаттама берілген.

Туризм саласындағы кәсіптік стандартты жасаумен Қазақстан туризм қауымдастығы айналысты. Осы жұмыс аясында туризм бизнесіндегі жұмыс жағдайларына кәсіптік стандартты сәйкестендіру  басты міндет ретінде белгіленді.

Ұлттық қызмет жіктемесінде туризм нарығында бар кәсіптер қамтылмағандықтан, әртүрлі туризм компанияларындағы бір кәсіп әртүрліше аталып жүр: туризм бойынша менеджер, туризм менеджері, туризм бойынша кеңес беруші, тревел агент және т.б. кәсіп атаулары кездеседі. Кәсіптік стандарт кәсіптердің атауын реттеп, аталған қызметтерді атқару үшін қажетті негізгі еңбек функцияларын, білімдер мен біліктерді анықтауға арналған.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде іс-шаралар ұйымдастырушысы, экологиялық туризм менеджері, туристік ақпараттық орталық менеджері және туризм қызметтерін ілгерілету жөніндегі менеджер сынды кәсіптердің сипаттамасы пайда болды.

«Дестинацияларды басқару» кәсіптік стандартын дайындау жөніндегі жұмыс тобының үйлестірушісі Клара Мамутованың сөзінше, «экологиялық туризм туризмдегі келешегі зор саланың бірі болып табылады. Статистика бойынша туристердің 70-80%-ы Қазақстанға іскерлік мақсаттарға байланысты келеді екен, 20-30%-ын экотуристер құрайды, ал олардың қатары артып келеді.

Дестинацияларды басқару нақты бағыттағы туризм инфрақұрылымын кешенді түрде дамытуды көздейді. Бүгінгі күні ол - кең сұранысқа ие сегменттердің бірі. «Халықаралық нарықта өз елімізді ілгерілетіп отырғандықтан, демек, біз осы функцияны күшейтуіміз қажет. Оқу мекемелері бірыңғайланған менеджерді дайындайды, алайда көшпелі және ішкі туризмнің өз ерекшеліктері бар. Бізде әрбір өңірдің өзінің туризм басқармасы, туристік ақпараттық орталықтары бар, ал республикалық деңгейде «Қазақтуризм» жұмыс жасайды. Туристік дестинация басқармасы арқылы әрбір адам өз телімі үшін жауап беріп, оны көркейтіп дамытумен айналысады, өзі жайлы жұртқа жариялап, қызметтер ұсынатын болады».

Кәсіптік стандартты білім берумен ары қарай  байланыстыру тетігі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындаын ынталандыру» жобасында көрініс тауып отыр. Жоба аясында біліктіліктер негізінде модульдік оқыту бағдарламаларын кәсіптік стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған білім беру стандарттары мен бағдарламалар жүйесін тұрақты түрде жаңғыртуға қолдау көрсетіліп келеді.

 

11 ақпан, 2019 - 14:33 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші