You are here

Сарапшы ЖӘМИЛЯ БӨПИЕВА: «КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ҚАЗАҚСТАНҒА АУҚЫМДЫ НӘТИЖЕЛЕР ҚАЖЕТ»

28.02.2018

Қазақстанда отандық еңбек нарығындағы өзара қатынасты ретке келтіріп, нақты регламенттеуге арналған Ұлттық біліктіліктер жүйесі қалыптастырылып жатыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» атты жобасы аясында дайындалып, жаңартылып жатқан кәсіптік стандарттар жүйенің ажырамас бөлігіне айналмақ. Кәсіптік стандарттардың негізінде білім беру бағдарламалары дайындалады. Білім беру жүйесі осы бағдарламаларды қолдана отырып, еңбек нарығын белгіленген кәсіптік стандарт талаптарына сәйкес келетін мамандармен қамтамасыз етпек. Білім беру бағдарламаларының дайындалу барысы жөнінде ақпарат алу үшін біз экономика ғылымдарының докторы, GDSI limited компаниясының (Ирландия) сарапшысы Жәмиля Қадырқызы Бөпиевамен сұхбаттастық.

Кәсіпке қойылатын талаптар негізінде кәсіптік білім беру бағдарламаларын дайындау дұрыс әрі қисынды іс. Алайда мұны іс жүзінде қалай жүзеге асыру қажет, пайдалануға жарайтын қандай да бір әдістемелік нәтижелер бар ма?

Әрине бұл бағытта жүргізілген жұмыс нәтижелері бар. Қазіргі таңда Қазақстанның кәсіптік стандарттарға негізделген білім беру бағдарламаларын дайындау бойынша тәжірибесі бар, оны бірқатар халықаралық жобаларды (Еуропалық Одақтың ТАСIS жобасы, Еуропалық білім беру қорының, ЮНЕСКО-ның, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық еңбек ұйымының жобалары және т.б.) жүзеге асыру кезінде жинақтадық. Ұлттық біліктіліктер шеңбері аясында техникалық және кәсіптік білімге (ТКБ) жататын мамандықтар мен пәндерді оқытуға арналған оқу жоспарларын және модульдік бағдарламаларды дайындаудың әдістемесі бар.

Құзыреттілік негізіндегі оқытуға көшу үшін білім беру бағдарламаларын дайындауға арналған қолданыстағы қазіргі әдістемелік тәсілдеме неліктен жарамсыз? Жеке бір Нұсқаулықты дайындау неге қажет болды?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, құзыреттілік негізіндегі білім беру тәсілдемесінің жарты ғасырдан астам қалыптасу тарихына үңілуіміз қажет. Бұл тәсілдеменің іргетасы өткен ғасырдың 60-шы жылдары АҚШ-та қаланғанына қарамастан, құзыреттілік негізіндегі білім беру үлгісіне көшу тұжырымдасы бұл елде тек 2014 жылы ғана ресми деңгейде қолдау тапты. АҚШ-та бұл тұжырымдама Билл және Мелинда Гейтстың жеке қоры тарапынан кең қолдауға ие болып отыр. Құзыреттілікке негізделген бір білім беру бағдарламасын дайындаудың құны 78 АҚШ долларынан бастап 700 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Бір білім беру бағдарламасын дайындау мерзімі бір жылдан аз болмайды. АҚШ-тың тәжірибесіне сәйкес мұндай бағдарламаларды дайындаумен қатар, оларды бір университеттегі бір бағыт аясында ендіру барысында, соның ішінде технологиялық жабдықты сатып алуды қосқанда, бұл жұмыс бірнеше миллион долларға тең инвестицияны қажет етеді, яғни бұл өте күрделі реформа болып табылады. Оның барысында барлығы, атап айтқанда, кафедра үлгісі, оқыту технологиясы, оқытушылар мен студенттердің рөлі, тіпті жоғарғы оқу орнының қаржылық үлгісі де өзгерістен өтеді. Студенттерді қабылдау жылына бір рет емес, ай сайын өткізіледі, сәйкесінше жоғарғы оқу орынның табысы да өзгереді. Оқу мерзімі біліктілікті тағайындау үшін негіз болып табылмайды, керісінше, біліктілікті игеру нәтижесі тәуелсіз бағалаушылар жағынан мойындалуы тиіс болады.

Біздің еліміз туралы айтар болсақ, тарихтың таразысына салғанда біз бұл жолға тек жақында ғана қадам басып отырмыз. Бүгінгі қолданыстағы әдістемелік тәсілдемелер бір ортаға бірікпеген әрі шашыраңқы, сондай-ақ, жоғарғы білімге және ТКБ-ге арнап бір ізге келтірілмеген, кәсіптік стандарттарды дайындау әдістемесіндегі өзгерістерге сәйкес үйлестірілмеген.

Бірқатар міндеттерді шешу үшін жаңа Нұсқау қажет болды. Атай айтқанда, жоғарғы оқу орындар мен колледждерге арналған бұл бірыңғай Нұсқау – ТКБ-ны және жоғарғы білім үшін негіз. Тұңғыш рет кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламаларының құрылымдық бөліктері арасындағы өзара байланыстың нақты сұлбасы ұсынылып отыр. Даярлық кезең, жобалау кезеңі, дайындау кезеңі және сапаны бағалау кезеңі деген кезеңдерге бөле отырып, білім беру бағдарламасымен жұмыс жасау үдерісінің өзі нақты құрылымдалған. Нұсқауда техникалық-кәсіптік білім беруге арналған Еуропалық кредиттер жүйесіне көшудің әдістемелік негіздері қаланған. Сондай-ақ, Нұсқауда құзыреттілікке негізделген және студентке бағдарланған оқытудың аясында оқу үдерісін ұйымдастырудың әдістемелік ережелер кешені қамтылған. Сонымен қатар, Нұсқаудың ішінде жұмыс берушілердің оқыту нәтижесіне қоятын талаптарын нақтылап беретін кәсіптік саланы талдау әдістемесі де бар.

Дайындалған білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау тетіктері Нұсқауда қарастырылған ба? Олардың мәні неде?

Нұсқауда білім беру бағдарламаларын бағалауға арналған тетіктер ғана емес, сонымен бірге, олардың сапасын қамтамасыз ететін тетіктер қарастырылып қойылған. Білім беру ұйымындағы ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесі аясында білім беру бағдарламасын жүзеге асыру барысында оған мониторинг жүргізу, бағалау және қайта қарастырудың жоспары мен құралдар жиынтығы дайындалады. Құжаттың ішінде Еуропалық стандарттарға сілтеме және жоғарғы оқу орындары мен колледждердің ішіндегі білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз етуге арналған нұсқаулар, соның ішінде аккредитациялық агенттіктердің өлшемдері келтірілген.

Кәсіптік стандарттарға негізделген жаңа білім беру бағдарламаларына көшу барысы қалай ұйымдастырылуы қажет?

Менің ойымша, бұл орын алып жатқан өзгерістерге мониторинг және талдау жүргізуге негізделе отырып кезең-кезеңімен жүзеге асатын жұмыс болуы тиіс. АҚШ-тың жоғарғы білім беру жүйесіндегі үдеріс пен біздің елдегі өзгерістер мүлдем әртүрлі нәрсе екені анық. Яғни біз 20 жылдан кейін құзыреттілікке негізделген білім берудің қандай үлгісіне көшіп боламыз және дәл қазір не нәрсеге мүмкіндігіміз бар деген сұрақтардың басын бірінші кезекте ашып алуымыз қажет. Стратегиялық ұзақ мерзімді мақсат және орта мерзімді келешекте оған жетудің өлшемдері, әр жылдағы қол жеткізуіміз тиіс нәтижелер белгіленіп алынуы тиіс. Қазіргі кезеңде озық тәжірибені тарату және осы үдерісті үйлестіру түрінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау үлкен маңызға ие. Білім беру ұйымдары да көшбасшылық танытып, жұмыс берушілер мен халықаралық салалық серіктестер қауымдастығынан тұратын желілік құрылымдар аясында өзара әрекеттесу арқылы бір-біріне өзара қолдау көрсетуі тиіс.

Ұлттық біліктіліктер жүйесін құру және жаңа білім беру бағдарламаларын құру барысына Еңбек министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, салалық қауымдастықтар, білім беру ұйымдары сынды тағы да басқа көптеген мүдделі тараптар қатысатыны түсінікті. Ақырғы өнім сапалы болуы үшін олардың өзара әрекеттестігін қалай тиімді етуге болады?

Менің ойымша, осы үдерісті үйлестіру және де оның сапасын қамтамасыз ету үшін жоғарғы деңгейдегі диалог алаңы қажет. Кәсіптік стандарттар негізіндегі білім беру бағдарламаларын ендіруге мүмкіндік беретін өзінше бір Жол картасын құру қажет. Тұрақты түрде мониторинг, талдау жасап отыру қажет. Әйтпесе, бірталай қорымыз қажетті нәтиже берместен зая кетуі мүмкін.

Қазақстанның құзыреттілікке негізделген білім беру үлгісіне көшудегі әлеуеті қандай деп ойлайсыз? Бұған қанша уақыт қажет болуы мүмкін?

Әрине, әлеует бар екені сөзсіз. 2011 жылы бизнес-қауымдастықтар мен жұмыс берушілердің қатысуымен Кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі ұлттық одақ құрылғалы бері бұл мүмкіндік ТКБ жүйесінде белсенді түрде қалыптасып жатыр. Жоғарғы білім беру жүйесінде бұл жұмыс Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы аясында атқарылып келеді. Дүниежүзілік банктың техникалық қолдауымен Ұлттық біліктіліктер жүйесі кешенді түрде құрылуда. Аталмыш жүйе білім беру бағдарламаларын кәсіптік стандарттармен үйлестірумен қатар, біліктіліктерді тағайындайтын тәуелсіз сертификаттау орталықтарын құруды, ресми және бейресми оқуды мойындауды көздейді. Аса ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Білім беру әлемі салалық қауымдастықтар арқылы еңбек нарығымен тығыз өзара әрекеттесіп жатқаны да аса маңызды. Кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламалары бірлесе одайындалып, жіктеуіштер үйлестіріліп, бағалау әдіснамасы жетілдіріліп жатыр. Бұл үдерісті асықпай жүзеге асырған жөн деп ойлаймын. Қазақстанға кәсіби білім берудің негіздерін тереңінен өзгертетін ауқымды нәтижелер қажет.

Источник: https://tengrinews.kz/conference/240/

1 шілде, 2018 - 22:02 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші