You are here

Қазақстанда жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жұмыс жалғасуда

14 желтоқсан 2017

Еңбек нарығындағы күрмеулі мәселелерді шешу және де халықтың өмір сапасын көтеруге арналған қосымша шараларды қабылдау мақсатында Елбасы жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және де халықты жұмыспен қамту жөнінде Үкімет алдына міндет қойды.

Үкімет жұмыспен қамтуға арналған шараларға қатысты қолданылатын тәсілдемені қайта қарастырып отыр. 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі еңбек және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жаңа бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен біліктіліктерді игеру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ, еңбек делдалдығының тиімді үлгісін құру арқылы еңбек қорларының сапасы мен әлеуетін көтеруге барынша бағыт алып отыр.

2017 жылдың наурызынан бастап аталмыш Бағдарлама толық ауқымда жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаның жүзеге асу барысы жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаменті директорының орынбасары Ерболат Абулхатин тарқатып айтып берді.

 

- Ерболат Махамбетұлы, Статистика комитетінің мәліметтері бойынша үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. Бұл көрсеткіш қаншалықты шындыққа сәйкес?

- Статистикалық мәліметтер әрқашанда нарықтағы болмысты нақты сипаттап бере алмайды. Санға шаққанда 4,9% деңгейіндегі жұмыссыздық дегеніміз бұл 440 мыңға тарта адамды құрайды. Нарықтағы нақты жағдай бұдан айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін. Мәселен, міндетті медициналық сақтандыруды ендіру аясында жыл басында әрбір елдімекендегі үйлерді аралап шығу нәтижесінде есепке алынбаған азаматтар, соның ішінде жұмыссыз ретінде тіркелмеген тұрғындар мен өзін жұмыспен қамтып отырған азаматтар тізімі анықталды. Азаматтардың жұмысбастылық санатын тәптіштеп талдау және есепке алу мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, «өзін нәтижелі еңбекпен қамтып отырғандар» және «өзін нәтижесіз еңбекпен қамтып отырғандар» деген жаңа терминдер қолданыла бастады. Еңбек нарығындағы көптеген үдерістер бір уақытта орын алатынын ескерген жөн. Егер биыл біз 413 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтуға көмектесу үшін шаралар қабылдаған болсақ, бұл жұмыссыздар саны соншалықты көлемде төмендеді дегенді білдірмейді. Бір жағынан алып қарасақ, жұмыссыздар жұмысбаспен қамтуды қолдау шаралары арқасында жұмысқа орналасып жатыр, екінші жағынан, жұмыссыздар қатарына қосылып жатқан жаңа азаматтар да пайда болуда. Негізінен мұндай азаматтарға еңбек нарығына алғаш шыққан тұлғалар, атап тайқанда, оқу мекемелерінде оқып жатқан студенттер мен жоғарғы оқу орындарының түлектері жатады. Жалпы алғанда, еліміздегі жұмыссыздық көрсеткіші ұдайы төмендеп келеді: соңғы 7 жыл ішінде бұл көрсеткіш 0,9%-ға төмендеді.

 

- Бағдарлама міндеттерінің бірі өзін жұмыспен қамтып отырған азаматтар арасындағы өзін нәтижесіз жұмыспен қамтып отырған тұлғалардың үлесін төмендетуге бағытталған. Бұл терминді қалай түсінген жөн?

- Жалпы алғанда, жұмысбасты халықты екі санатқа бөлуге болады: жалдамалы жұмысшылар және өзін жұмыспен қамтып отырған азаматтар. Атының өзі айтып тұрғандай, жалдамалы жұмысшылар – бұл қандай да бір ұйымға жалданып жұмыс жасайтын азаматтар. Өзін жұмыспен қамтып отырғандар санатына жеке кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес секторындағы азаматтар және де өзінің жеке қосалқы шаруашылығында жұмыс жасайтын азаматтар жатады. Ресми деректерге қарайтын болсақ, ондай азаматтардың саны 275 мыңға жуық, алайда, жоғарыда атап өткенімдей, биыл үйлерді аралап шығудың нәтижесінде өзін жұмыспен қамтып отырмын немесе жұмыссызбын деп атаған 2,2 миллионға жуық адам анықталды. Бұған қарап, нақты көрсеткіш 10 есеге жоғары екенін көруге болады. Сондықтан да жаңа бағдарламаның тетіктері азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған. Бүгінгі күні осы бағдарлама аясында 527 мың адам жұмыспен қамту шараларынан өтті, олардың ішіндегі 133,6 мың адам - өзін нәтижесіз жұмыспен қамтып отырған азаматтар. Өзін нәтижесіз еңбекпен қамтып отырған азаматтар бірінші бағыт аясында бірінші немесе екінші кәсіпті тегін игеріп, жалдамалы жұмысшылар санатына өте алады. Ал екінші бағыт бойынша олар тиісті құзыретті органдарда тіркелу және шағын несие алу арқылы өзін нәтижелі жұмыспен қамтып отырған азаматтар қатарына қосыла алады.

 

- Бағдарлама аясында нәтижесіз жұмысбастылықпен күресу үшін қандай құралдар қарастырылған?

- Бағдарлама үш бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша техникалық немесе кәсіптік білім беру аясында білім алғысы келетін немесе дағдыларын жетілдіргісі келетін азамат Халықты жұмыспен қамту орталығының, ауылдық округ әкімінің немесе оқу мекемесінің (колледж) көмегіне жүгіне алады. Биыл 21,3 мың адам бағдарламаның қатысушысы атанды. Бұл азаматтар шәкіртақымен, біржолғы ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, олдардың жол сапар құны өтелген. Жұмысшы мамандықтарына және қызмет саласындағы жұмысшыларға артықшылық беріледі. Сондай-ақ, осы бағыт аясында біз қысқа мерзімді курстарда 69 мың адамды оқыттық. Екінші бағыт – шағын несие беру. Бұл бастама көбінесе ауылдық жерлерде сұранысқа ие және де кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Биыл 5800 шағын несие беру жоспарланған еді, алайда нақты деректер бойынша 7000-ға жуық шағын несие беріп үлгерілген. Шағын несие алғандардың 58,5%-ы немесе  4 012 адам алғаш рет өз ісін ашып отыр. Үшініші бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және де  еңбек қорларын жұмылдыру арқылы еңбек нарығын дамыту. Бұл бағыт аясында 375,1 мың адам жұмысқа орналастырылып, 21,8 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына бағытталды, 22,7 мың жас маман «жастар тәжірибесіне» қатысып жатыр және 250,1 мыңға жуық адамды Жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілердің жариялаған бос жұмыс орындарына орналастырды.

 

- Соңғы жылда  халық арасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің 0,3%-ға төмендегені байқалып отыр. Сіздің ойыңызша мұның себебі неде?

- Кәсіпкерлік қызметке деген қызығушылық төмендеп жатыр деп айта алмаймын. Алайда, мұның екінші бір тұсы бар: көптеген азаматтар бизнес бастаған кезде нарықтағы нақты жағдайды ескермейді. Мәселен, 3-5 жылдан кейін кәсіпорынның өніміне немесе қызметіне сұраныс болатын-болмайтыны жөнінде ойланбайды. Кәсіпкерлік дағдыларын үйретуге арналған «Бастау-бизнес» жобасы, сондай-ақ, өз ісін енді бастаған кәсіпкерлерді сүйемелдеуге арналған жоба осы көктемде іске қосылды. Біз 15 000 адамды қамтыдық. Бұл шаралар өз ісін енді бастаған кәсіпкерлерге нарықтағы жағдайды дұрыс танып-түсінуге көмектеседі деп ойлаймын.

 

- Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында жұмысқа орналастыру шаралары қаншалықты тиімді болып табылады және де осы бағытта қандай жетістіктерге қол жеткізілді?

- Бүгінгі күні 413 мыңнан аса адамға жұмысқа орналастырумен байланысты қызметтер көрсетілді, олардың ішіндегі 279 мың адам жұмыс берушілердің жариялаған тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 134 мың адам халықтың аз қорғалған топтары үшін мемлекет тарапынан жәрдем ақша берілетін жұмыс орындарына орналасты. Еңбек министрлігі бағдарлама арқасында жұмысқа орналасқан азаматтардың зейнетақы жарнасына мониторинг жасау арқылы жұмысқа орналасумен байланысты жағдайды тұрақты түрде қадағалап отырады. Ай сайын жүргізілетін мониторингке сәйкес үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша жұмысқа орналастырылғандардың 82%-ында Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық арқылы зейнетақы жарналары аударылып отыратыны расталған. Жекелеген аймақтарда (Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары, Астана қ.) жұмысқа орналастырылған азаматтардың 91%-ынан астамы қазір жұмысбасты екені расталған. Осы орайда бұл бағдарлама өздігінен жұмыс орындарын құрмайтынын, алайда оқыту, шағын несие беру және еңбек қорларын жұмылдыру арқылы жұмысқа орналасуға көмектесетінін ескерген жөн. Сөз орайында айтатын болсақ, қазір бірыңғай электрондық еңбек биржасы іске қосылды. Ол барлық тараптар үшін - жұмыс берушілер, жұмыспен қамту орталықтары және де жұмыс іздеушілер үшін бірдей деңгейде тиімді. Электрондық еңбек биржасы - жұмыс іздеуді жеңілдетіп, еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін тетіктердің бірі.

https://tengrinews.kz/conference/232/

1 шілде, 2018 - 21:47 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші