check

You are here

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Е. Әбілқасымованың Үкімет отрысында «Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселелері туралы» жасаған баяндамасы

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Қазақстан экономикасы цифрлық жаңғыруының басты бағыттарының бірі әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру болып табылады.

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың негізгі мақсаты – әкімшілік процедураларды жеңілдету, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетудің  ашықтығы  мен  қолжетімділігін  қамтамасыз ету,  сондай-ақ ауқымды деректер негізінде интеллектуалдық сараптама жүргізу.

Бүгінгі таңда әлеуметтік-еңбек саласында бірыңғай ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Ол еңбек, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру, көші-қон мәселелері бойынша 11 ақпараттық жүйені қамтиды.   

Бұл жүйе адам туғаннан бастап өмір бойы әрбір қазақстандықтың дербес есебін жүргізеді және өмірдің барлық кезеңдерінде автоматтандырылған қызмет көрсетеді.

Дерекқордың өзектілігі ұлттық эталондық дерекқорлармен, мемлекеттік органдардың ведомстволық ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы онлайн-режимде қамтамасыз етіледі.

Министрліктің 34 қызметінің 17-сі автоматтандырылды, 2 қызмет проактивті түрде көрсетіледі, 7 қызметті тағайындау бойынша ақпарат электронды түрде  беріледі.        

Биылғы жылы Министрлік Цифрлық Қазақстан бағдарламасы шеңберінде үш ауқымды жобаны іске қосады.

Оның біріншісі – халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға арналған Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту.  

Жаңғыртудың бірінші бағыты – бұл зейнетақымен қамсыздандыру. Әр азамат зейнеткерлік жасқа жеткен кезде төлемнің 4 түрін:

- мемлекеттік базалық зейнетақы,

- жасына байланысты ынтымақты зейнетақы,

-  жинақталған зейнетақы,

- мемлекеттік кепілдік алуға құқылы.

 Осы төлемдерді алу үшін азамат бүгінгі күні бірнеше инстанцияға жүгінеді.

Мысалы, Мемлекеттік корпорацияға 2 рет – 2 өтінішпен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін, бір айдан соң тағы да – 1 өтінішпен мемлекеттік кепілдік мәселесі бойынша барады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына – 1 өтінішпен зейнетақы төлемдерін тағайындау мәселесі бойынша  жүгінеді.

Ағымдағы жылғы шілдеден бастап осы тәртіп айтарлықтай жеңілдейді: зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін бір жерге – Мемлекеттік корпорацияға жүгінетін болады. Төлемдердің 3 түрін тағайындау жөніндегі қызметтердің барлық спектрі бар болғаны бір өтініштің негізінде композитті түрде көрсетілетін болады. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер автоматты түрде пайдаланылып, көп құжат  талап етілмейді. Ал мемлекеттік кепілдік төлемі өтініш бермей жүргізіледі, яғни төлем мөлшері автоматты түрде есептеледі және қызмет алушының шотына аударылады.

 Төлемдердің барлық түрлері бір уақытта және бір банк шотына жүргізіледі. Ал қазіргі кезде төлемдер әртүрлі көздерден алынады және алушылардың түрлі шоттарына аударылады.

Бұл жаңалық зейнеткерлік жасқа жеткен адамдардың (олардың жыл сайынғы саны шамамен     120 мың адамды құрайды) шамамен 70%-ына қатысты болады.

Жаңғыртудың екінші бағыты – бұл мүгедек адамдар үшін қызмет сапасын арттыру.

Қазіргі уақытта мүгедектікті белгілеу үшін азамат емханада тексеруден өтеді, кезек тәртібінде медициналық-әлеуметтік сараптамаға жүгінеді, арнайы комиссияда құжаттары зерделеніп болған соң, қызмет алушыға медициналық тексеріп-қарау жүргізіледі.

Медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелерін алғаннан кейін қызмет алушы жәрдемақы және оңалту іс-шараларын тағайындау үшін мемлекеттік органдарға жүгінеді.

Жаңа тәртіп бойынша мүгедек адамдарға қызмет көрсету тәсілдерін түбегейлі өзгерту жоспарлануда. Біріншіден, қызмет алушыны проактивті тәсілмен сырттай куәландыру енгізіледі.  

Денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерінен келіп түсетін деректер негізінде мүгедектік туралы шешімді өтініш берушінің тұрғылықты жеріне қарамастан, бірнеше тәуелсіз сарапшы қашықтан қабылдайтын болады.

Мүгедектердің барлық өмірлік көрсеткіштері, мысалы УЗИ-диагностика, рентген немесе электрокардиограмма және басқалар цифрлық форматта жіберіледі. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, денсаулық сақтау ұйымдарының ақпараттық жүйелері дайындалады.

Ағымдағы жылы пилот еліміздің төрт өңірінде: Қарағанды, Батыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында аяқталатын болады.   

Ал барлық өңірлерде жаңа тәртіп 2019 жылы жүзеге асырылады.

Екіншіден, мүгедек адамдарға бюджеттен кепілді мемлекеттік жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер өтініш берместен тағайындалатын болады.

Қызмет алушыға сараптаманың нәтижесі және әзірленген оңалту іс-шаралары туралы смс-хабарламалар жіберіледі. Қызмет алушының өзінен мәлімет, мысалы банк шотының нөмірі осы форматта жүргізіледі.

Үшіншіден, Әлеуметтік қызметтер порталын енгізу жолымен әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру қарастырылуда.

Қазіргі уақытта әкімшілік және мемлекеттік сатып алу процедураларының көптігіне байланысты техникалық оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету мерзімдері 7 күннен 18 айға дейін созылады.

Сонымен бірге,  мүгедек адамдар тарапынан оңалту құралдарының  сапасына да наразылықтар көп. Өйткені мемлекеттік сатып алу механизмі сапалы қызметті төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік бермейді.

Әлеуметтік қызметтер порталы әлеуметтік қызмет алушылар мен жеткізіп берушіге бірыңғай цифрлық алаңда тікелей өзара қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Яғни, мүгедек адамдар жеткізіп берушілер реестрінен қажеттілігіне қарай, техникалық оңалту құралдары мен қызметтерді жеткізіп берушіні өз бетінше таңдай алады.

Әлеуметтік қызметтерді жаңғыртудың үшінші бағыты. «Алтын алқа» немесе «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы проактивті форматта тағайындалады.    

Президент Әкімшілігі ақпарат ресурстарынан келіп түсетін көпбалалы аналарды марапаттау туралы деректер негізінде Министрлік жәрдемақыны автоматты түрде тағайындайды.

Әлеуметтік қызметтерді жаңғыртудың төртінші бағыты бұл - жұмысынан айрылған азаматтарды әлеуметтік қамсыздандырудың қолжетімділігін арттыру.

Бүгінде жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу үшін азамат Жұмыспен қамту орталығына «жұмыссыз» ретінде тіркелуі керек және төлем алу үшін өтінішпен   жүгіне алады.

Енді бұл қызмет «проактивті» форматқа ауыстырылады. 

Бұл азаматқа ресми «жұмыссыз» статусы берілген кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан  әлеуметтік төлемді тағайындау автоматты түрде іске асырылады.   

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың екінші ауқымды жобасы, бұл – Электрондық еңбек биржасы.  

Бұл цифрлық платформада азаматтарды жұмысқа орналастыру процесі электрондық форматқа көшіріліп, жұмыс іздеушілер мен вакансиялардың ірі базасы жасалды.  

Жыл басынан бері 93 мың азамат Биржада тіркелді, ал 71 мыңнан астам адам оның көмегімен (ХЖҚО енгізген резюмені қоса алғанда) жұмыс тапты. Жұмысқа орналасу саны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда (2017 жылдың 1 тоқсанында – 51 мың адам) 30%-ға өсті.

Вакансиялар мен резюмелердің бірыңғай базасының арқасында еңбек миграциясы қарқын алады.

Бүгінде Биржада 35 мың жұмыс беруші тіркелген, 31 мың өзекті вакансия бар.

Рекрутингті компаниялар, жеке жұмыспен қамту  агенттіктері және интернет-алаңдар өз қызметін жүзеге асыру үшін Биржа дерекқорын пайдалану мүмкіндігін алды. Бұған қоса, жеке жұмыспен қамту агенттіктері мемлекет тарапынан төленетін тариф бойынша   жұмыссыздарды жұмысқа тегін орналастырады.

Қазіргі кезде Биржаға 199 (жүз тоқсан тоғыз) мемлекеттік жұмыспен қамту орталығының барлығы, 45 жекеше агенттік пен 5 интернет-алаң қосылған.

Ай сайын Электрондық биржаға шамамен 141 мың адам кіреді, жыл басынан бері кіру саны айына 2,7 есеге өсті және 3 млн-нан асты (1.1 млн. болды).

Барлық тіркелген қазақстандық сайттар арасында «Жұмыс. Вакансиялар» тақырыбы бойынша Headhunter халықаралық интернет-алаңынан кейін Электрондық еңбек биржасы 2-орын алады.

Әрі қарай биржаның функционалдық мүмкіндігі кеңейтілетін болады.

Кәсіптік бағдарлау сервисі ашылады; қысқа мерзімді оқыту курстары және білім беру ұйымдары туралы мәлімет беріледі.   

Ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап Биржаның мобильді нұсқасы қолданысқа енгізілетін болады, кейіннен ол мобильді үкіметке (MGOV) қосылады.

Үшінші үлкен жоба, бұл - электрондық еңбек шарттарын есепке алу жүйесін енгізу.

Қазіргі уақытта бірқатар елдерде осындай жобалар іске асырылған. Мысалы, Эстония мен Әзербайжанда.

Электрондық форматқа көшірілген еңбек шарттары қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан және басқа да қағаз құжаттардан (мекенжай анықтамасы, медициналық анықтамалар, аттестат, диплом, паспорттық деректер, резюме, жұмыс өтілі) бас тартуға мүмкіндік береді.

Жұмыскерлер үшін бірінші кезекте, жұмысқа орналасу процесі жеңілдейді: құжат жинау қажет емес, жұмыс іздеушінің жеке ісі автоматты түрде қалыптастырылатын болады.

Әсіресе, жұмыс берушімен осындай өзара қарым-қатынас қашықта жұмыс жасайтындар мен вахталық жұмыскерлер үшін қолайлы болмақ.

Екіншіден, жұмыскер алдында жұмыс берушінің міндеттерін бекіту және әлеуметтік қатерлерден қорғау, яғни әлеуметтік сақтандыру қорларына жарналар мен аударымдарға мониторинг жүргізіледі.

Жұмыс беруші үшін: бұл – жұмыскерлерді жалдауды, олардың орнын ауыстыруды және қызметтен босатуды қоса алғанда, кадрлық іс жүргізуді жеңілдетеді және оңтайландырады.  

Мемлекет үшін бұл жоба формализациялау   шараларымен бірге, формальды емес жұмыспен қамтылған адамдардың үлесін 2 есеге төмендетуі мүмкін.

E-HR жүйесін бизнеспен бірлесіп әзірлеу жоспарлануда – жалпы қойманы Министрлік әзірлейді, ал ІТ компаниялар жұмыс берушілер үшін қосымшалар  дайындайды.

Министрлік ведомстволық бағынысты ұйымдардың және квазимемлекеттік сектордың «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Азаматтарға арналған үкімет» сияқты ірі компанияларының базасында пилоттық жобаны іске қосады.

Жүйе өнеркәсіптік пайдалануға 2019 жылы берілетін болады.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Жалпы, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мынадай нәтиже береді:

- әлеуметтік-еңбек саласында төрт жаңартылған кешенді қызмет енгізіледі;   

- еңбек шарттары электрондық форматқа көшіріледі;

- Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналастырылған адамдардың саны артады;  

- Электрондық еңбек биржасының мобильді қосымшасы іске қосылады.

Қорытындылай келе, барлық аталған шаралар елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни азаматтар мен мемлекет шығындары 600 млн. теңгеге дейін, бизнестің жыл сайынғы шығыны 1 млрд. теңгеге  төмендейтінін  атап өткім келеді.

Осылайша, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру әлеуметтік және жұмысқа орналастыру қызметін жақсарту есебінен халықтың өмір сүру сапасын арттыратын болады.

Назарларыңызға рақмет!

23 мамыр, 2018 - 11:15 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші