check

You are here

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымованың Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде сөйлеген сөзі

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!

Құрметті депутаттар!

Сіздердің назарларыңызға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ұсынылады. 

Заң жобасы Елбасының тапсырмасын іске асыру мақсатында және Қазақстанның халықаралық  шарттардағы міндеттерін орындау  үшін әзірленді. 

Атап айтқанда:

Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы бала кезден бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізуді;

сондай-ақ, «Бес әлеуметтік бастамада» жалақысы аз жұмысшылардың салық жүктемесін азайтуды;

Мүгедектердің құқығы туралы конвенцияны және 2030 жылға дейінгі Қазақстанның әлеуметтік даму Тұжырымдамасын іске асыруды;

сонымен бірге, Елбасы «Рухани Жаңғыру» бағдарламасында туған жерге қайырымдылық қызмет жасауды заңнамалық тұрғыдан бекітуді тапсырды.

Осы айтылған міндеттерді орындау үшін ұсынылып отырған Заң жобасы бойынша 5 Кодекс пен 22 Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қарастырылды. 

Атап айтсақ, Заң жобасында келесі бастамалар қамтылды. 

Біріншіден. «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңға 18 жастан асқан, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға арналған жаңа жәрдемақы енгізу нормалары бекітілді.   

Бұл жәрдемақыны 14 мыңға жуық отбасы алады. Ал жәрдемақы көлемі күнкөріс деңгейінің ең төменгі

1,05 (1 бүтін жүзден 5) мөлшерін құрайды. Бұл жәрдемақы  өтініш берген күнінен бастап бала кезінен бірінші топтағы мүгедектіктің барлық кезеңіне тағайындалады.  

Бұл ретте, осы заң жобасының бір жаңалығын атап өткім келеді. Ол бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке қарап отырған аналардың күтім жасаған кезеңі еңбек стажына қосылады. 

Осы мақсаттарға 2018 жылдың 1-ші шілдесінен бастап 2,7 млрд. теңге қарастырылды. 

Екіншіден. Елбасының екінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру үшін Салық кодексіне өзгерістер енгізіледі. 

Ұсынылып отырған салық өзгерістері жалақысы төмен қызметкерлерге салық жүктемесін он есе азайтуға мүмкіндік береді.  

Бұл ретте, жеке табыс салығының кезеңі бір жыл болғандықтан, аталған механизм 2019 жылғы                   1 қаңтардан бастап жұмыс жасайтын болады.

Үшіншіден. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту мақсатында бірқатар өзгертулер қарастырылып отыр.

Бұл үшін «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңға уәкілетті органның құзыретін нақтылау көзделіп отыр. Оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мониторинг жүргізу тәртібін және   қаржыландыру тәртібін әзірлеу және бекіту құзыреттері бойынша түзетулер бар.  

Бұл түзетулер әлеуметтік қызмет көрсетуге тек қана мемлекеттің емес, сонымен қатар азаматтардың, отбасы мүшелерінің, жеке сектордың және үкіметтік емес ұйымдардың бірдей қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары жаңғыртылып, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің ұйымдары мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың бірыңғай регистрін қалыптастыру көзделіп отыр.

Нәтижесінде жеке секторды кеңейту арқылы  әлеуметтік қызмет көрсету сапасы арттырылады.   

Төртінші. Бұдан басқа, нормативтік-құқықтық базаны жаңарту үшін әлеуметтік саладағы заңнаманы инвентаризациялау нәтижесінде бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. 

Осылайша, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңға міндетті әлеуметтік төлем төлеушілер  санаттарын нақтылайтын түзетулер енгізілді.

Яғни, «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңдағы міндетті зейнетақы жарналарын төлеушілер және Қазақстан Республикасының Салық кодексіндегі жеке табыс салығын төлеуге арналған агенттер сияқты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде аударым жасайтын адам санаттары реттеліп отыр. Оларға әлеуметтік аударымдарды төлеуші - жұмыс беруші, жеке кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, заңгер, кәсіби делдал, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтары жатады.

Келесі өзгеріс әлеуметтік қолдау көрсету бойынша бірыңғай тәсіл енгізуді көздейді. 

Қазіргі қолданыстағы төрт заңнамалық актіде, яғни «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде, «Ветеринария туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» және «Білім туралы» Заңдарда ауылдық жердегі әлеуметтік қызметкерлердің отын сатып алуға және коммуналдық қызметтерге кететін шығындарын өтеуге құқық беретін нормалар біркелкі емес.   

Сондықтан, төрт заңнамалық актіде әлеуметтік қолдау көрсету нормаларын сәйкестендіру қарастырылып отыр.  

Осылайша, көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдаудың атаулы болуы күшейтіледі.

Бесінші. Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңға «еңбекке қабілетті адам» ұғымын нақтылау бойынша өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер отбасының объективті себептермен еңбекке қабілетсіз болуы мүмкін мүшесіне, мысалы, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек адамдарға және еңбекке уақытша жарамсыз адамдарға міндеттеме қоймауға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары өзгертілген жағдайда әлеуметтік келісімшарттың мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылып отыр.  

Алтыншы. Елбасының Қарулы Күштер Жоғарғы қолбасшылығының Президенттік резерві институтын енгізу тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға түзетулер енгізу көзделеді.

«Қарулы Күштердің Жоғарғы қолбасшылығының Президенттік резерві» түсінігі енгізіледі және оны қалыптастыру тәртібі заңнамалық тұрғыдан бекітіледі.

Президент Әкімшілігінің ұсынысы бойынша заң жобасында арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты өзгерістер қарастырылған.

Мәселен, «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңға арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері қатарындағы зейнеткерлерді жерлеуге біржолғы төлемнің мөлшерін     3 айлық зейнетақысына дейін арттыру қарастырылған (шамамен 360 000 теңге).

Қазіргі уақытта бұл төлем 80 айлық есептік көрсеткішті (192 400 теңге) құрайды.  

Осы мақсаттарға республикалық бюджетте қосымша 9,2 (тоғыз бүтін оннан екі) млрд. теңге қарастырылған. 

Жетінші. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыру үшін «туған жер» түсінігін және оған қолдау көрсету тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекіту жөнінде «Қайырымдылық қызмет туралы» Заңға түзетулер әзірленді. Бұл нормалар қайырымдылықты ерікті түрде жасаудың тиімділігін  арттыруға бағытталған.

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!

Құрметті депутаттар!

Заң жобасы әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыруға, оның ішінде мемлекеттік органдардың функцияларын айқындауға, әлеуметтік кепілдіктерді және құқықтарды жүзеге асыруға, әлеуметтiк қолдау шарттарын нақтылауға мүмкіндік береді. 

Жалпы алғанда, қаралып отырған заң жобасын іске асыру үшін 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте қажетті шығыстар қарастырылған.

Назарларыңызға рақмет!

21 мамыр, 2018 - 17:18 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші