You are here

Ауысымдық жұмыс қызметкерлерінің жалақысы қалай айқындалады?Мереке, демалыс күндеріндегі, түнгі уақыттағы және үстеме жұмыстар қалай төленеді?

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 73-бабына сәйкес өндірістік процестің ұзақтығы күнделікті жұмыстың жол берілетін ұзақтығынан асатын жағдайларда ауысымдық жұмыс белгіленуі мүмкін.

Ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс уақытының жиынтық ұзақтығы қолданылады.

Оның шегінде жұмыскерлердің осы санаты үшін белгіленген күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орташа алғанда сақталуға тиіс кезең жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең деп танылады.

Кез келген, бірақ бір жылдан аспайтын күнтізбелік кезең немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңі жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең болуы мүмкін.

Кодекстің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмыскердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүргізуге міндетті

Жұмыскер жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақыт есепке алынуға тиіс. Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндеріндегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есепке алынады.

Жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезінде еңбекке ақы төлеу ауысымдық кесте (вахталар кестесі) бойынша нақты жұмыс істеген жұмыс сағаттарының саны бойынша жүргізіледі. Бұл ретте жалақыны есептеу тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақыты балансына сәйкес тарифтік мөлшерлеме (лауазымдық айлықақы) және жұмыс уақытының айлық нормасы негізге алына отырып есептелген сағаттық тарифтік мөлшерлеме бойынша жүргізіледі.

Сонымен бірге, Кодекстің 109-бабына сәйкес мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі.

Үздіксіз өндірістерде немесе өндірістік-техникалық жағдайлар бойынша немесе халыққа ұдайы үздіксіз қызмет көрсету қажеттілігі салдарынан демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын өндірістерде істейтін, сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерге (жұмыскерлер тобына) демалыс күндері ауысымдық кестелерге (вахталар кестелеріне) сәйкес аптаның әр күндері кезекпен беріледі.

Яғни, ауысымдық жұмыс қызметкерлеріне демалыс күндері ауысымдық кестелерге сәйкес беріледі, егер қызметкердің жұмыс ауысымы бес күндік және алты күндік жұмыс аптасымен жұмыс істейтін қызметкерлер үшін демалыс болып табылатын жұма немесе сенбі күндеріне сәйкес келсе, бұл күндер бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде төленбейді, себебі ол күндер қызметкер үшін ауысым кестесіне сәйкес жай жұмыс күндері болып табылады.

Кодекстің 110-бабына сәйкес түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағатына еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді. Бұл ретте, сағат 22-ден таңғы 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып саналады.

Қодекстің 108-бабына сәйкес еңбекке уақыт бойынша ақы төлеу кезінде үстеме уақыттағы жұмысқа еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) тарифтік мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді.

Тараптардың келісімі бойынша үстеме жұмысқа үстеме жұмыстың бір сағаты үшін тынығуға кемінде бір сағат беру есебімен тынығу сағаттарын ұсынуға жол беріледі.

Қызметкердің үстеме сағаттарының саны есеп кезңіндегі нақты жұмыс істеген сағаттары мен аталған кезеңдегі жұмыс уақытының балансы бойынша жұмыс сағаттарының арасындағы айырма ретінде айқындалады.

 

6 ақпан, 2018 - 11:52 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
Көп балалы отбасыларға жәрдемақы тағайындау туралы ақпаратты тексеру
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші