– Біржан Бидайбекұлы, алдымен еліміздегі көші-қон саясаты жөнінде, соның ішінде ішкі көші-қонның жағдайы туралы айтып берсеңіз?
– Соңғы үш жылда еліміздегі көші-қон саясаты ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1593 қаулысымен бекітілген «Көші-қон проблемаларын шешу, шектес мемлекеттерден көші-қон ағындарын бақылауды күшейту, отандық білікті кадрлардың шетелдік еңбек нарығына шамадан тыс кетуін болдырмау үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспардың» мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес іске асырылды. Жауапкершілігі үлкен бұл сала ең алдымен экономиканың сұранысына сай, демографиялық жағдайды ескере отырып дамып келеді. Оның негізгі бағыты халықты өңірлер бойынша қоныстандыру проблемасын шешу және сыртқы көші-қонда этникалық репатрианттарды ынталандыру мен өңірлерге жоғары білікті мамандарды тартуға негізделген. Ресми деректерді сөйлетсек, Қазақстан ішінде жыл сайын орта есеппен 418 мың адам көшіп-қонады (облыс арасында – 228 мың адам болса, бір облыстың ішінде – 190 мың адам). Әсіресе, көші-қонның оң сальдосы Астана, Алматы қалаларында және Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында байқалды.
Былтыр республика ішінде 610 мың қоныс өзгертті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 25,3%-ға артық көрсеткіш.
– 2011 жылдан бастап, елімізде жұмыс күші тапшы өңірлерге азаматтарды өз еркімен қоныстандыру мәселесі белсенді қолға алынды. Бұл жұмыстар қаншалықты сәтті жүргізіліп жатыр?
– Жұмыс күші мол өңірлердегі азаматтарды еңбек күші тапшы мекендерге қоныстандыру саясаты біраз жыл бұрын басталған еді. Мемлекеттің қолдауының арқасында 2011 жылдан 2016 жылға дейін 19 мыңнан астам адам еңбек күші аз мекендерге қоныстандырылды. Қоныс аударған 9 мың еңбекке жарамды адамның 7 мыңы жұмыспен қамтылды. Көшіп келушілерге шамамен 5,4 мың қызметтік пәтер мен жатақхана бөлмелері берілді.
Биыл Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде оралмандар мен ішкі қоныстанушылар арасынан 2,7 мың адамды әлеуметтік қолдау шараларымен қамту жоспарланып отыр. Жаңа бағдарлама аясында қоныс аударуға субсидиялар бөлінеді. Соның ішінде жаңа қонысқа көшіп келушілерге бір жылға баспана жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге кететін шығындарды өтеу үшін қаржылай көмек беру жоспарлануда. Нақтырақ айтқанда, қоныс аударған отбасының әр мүшесіне 35 АЕК көлемінде (79,4 мың теңге) біржолғы жәрдемақы қарастырылған. Оған биыл республикалық бюджеттен 269 млн теңге бөлу көзделіп отыр.
Бағдарлама бойынша 4 облыс – Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары «көші көлікті» аймақтар ретінде айқындалды. Соңғы 10 жылда бұл облыстарда халықтың орналасу тығыздығы бір шаршы метрге 6,4 адамнан асты. Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары секілді 7 аймақ қоныс аударушылар мен оралмандарды қабылдайтын өңір болып айқындалды.
– Дегенмен де еліміздің солтүстік өңірлеріне қазақтарды қоныстандыру мәселесінде әлі де қиындықтар бар сияқты…
– Әрине, ішкі көші-қонда кездесіп отырған түйткілді жайттар бар. Айталық, қолға алынған шараларға қарамастан, еліміздің ішкі қоныстандыру мәселесінде біраз теңгерімсіздіктер байқалады. Оның біріншісі – демографиялық теңгерімсіздік. Бүгінгі таңда солтүстік өңірлерді мекендейтін халықтың саны еліміздің оңтүстік өңірлеріне қарағанда аз. Егер осы екпінмен кете берсек, онда 2050 жылға қарай солтүстік өңірдің халқы 0,9 млн адамға қысқарып, оңтүстік өңірлердің халқы керісінше 5,2 млн адамға өсуі мүмкін. Іс жүзінде оңтүстік өңір халқының қоныстану тығыздығы солтүстік өңірдің тиісті көрсеткішінен 4 есеге асатын болады.
Экономикалық теңгерімсіздік тұрғысынан қарасақ, қазіргі кезде оңтүстік өңірлерде (Алматы қаласын есепке алмағанда) 38% халық тұрады, солай бола тұра, олардың жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) үлесі 17%-ды ғана құрайды. Солтүстік өңірде 17% халыққа 13% ЖӨӨ келеді (Астана қаласын есепке алмағанда). Әлемдік тәжірибеде, негізінен, халық тығыз орналасқан аудандарда экономикалық өсім жоғары болуы тиіс. Өйткені негізгі инвестиция сол өңірлерге құйылады, талантты, білікті азаматтар да сонда баруға ұмтылады. Бізде керісінше.
Үшінші теңгерімсіздік – халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірде өнімділік өте төмен (2015 жылы 2,3 млн теңге), есесіне халықтың тығыздығы төмен батыс өңірлерде өнімділік жоғары (7,5 млн теңге). Қолға алынған мемлекеттік қолдаулар осы жайттардың күрмеуін шешіп, ішкі көші-қондағы тепе-теңдіктің сақталуын қамтамасыз ететін болады.
– Шартарапқа тарыдай шашылған қазақтарды тарихи Отанына әкелу, оларға жағдай жасау – мемлекеттік көші-қон саясатының негізгі бағытының бірі. Алайда бір жылдары этникалық қазақтардың елімізде азаматтық алу мәселесі қиындап, бұл біраз дауға ұласқаны белгілі. Бүгінде елге оралған қандастарымызға қандай жағдай жасалып отыр, олардың азаматтық алу мәселесінде кедергілер бар ма?
– Этникалық репатрианттармен жұмыс – көші-қон үдерістерін реттеудің басты бағыттарының бірі. Еліміз тәуелсіздік алғалы этникалық қазақтардың елімізге ерікті түрде оралуын ынталандыру саясатын жүргізіп келеді. Сол жылдардан бері тарихи Отанына 284 361 отбасы, яғни, 1 006 473 этникалық қазақ қоныс аударып, оралман мәртебесін алды. Оралмандардың 61,6%-ы – Өзбекстаннан, 12,1%-ы – Қытайдан, 11,7%-ы – Моңғолиядан, 7,1%-ы – Түркіменстаннан, 3,8%-ы – Ресейден және 3,7%-ы – өзге де елдерден көшіп келгендер. Олардың ішінде еңбекке қабілетті жастағы азаматтар – 56,1%, 18 жасқа дейінгі балалар – 39,3% және зейнеткерлер – 4,6%.
Былтыр елімізде оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы іске асырылды. Квота шеңберінде 2422 оралман және 793 ішкі көшіп-қонушы мемлекеттік қолдау шараларына ие болды. Соңғы жылдары оралмандарға қатысты әлеуметтік пакет қарастырылып, мемлекет тарапынан жаңа қолдаулар пайда болуына байланысты елге оралушылардың саны
6,5 есе артты. 2016 жылы 33 754 этникалық қазақ немесе 6 417 отбасы оралман мәртебесін алса, 2015 жылы – 4890 этникалық қазақ немесе 1920 отбасы, 2014 жылы 8247 этникалық қазақ немесе 3792 отбасы осы мәртебеге ие болды.
Шетелдегі қазақтардың атамекеніне кедергісіз оралу және олардың азаматтық алу рәсімдерінің жеңілдетілуіне байланысты тек былтырдың өзінде елімізге 16 мыңнан астам оралман отбасы көшіп келді. Бұл 2015 жылға қарағанда 8 есеге артық көрсеткіш.
– Оралмандардың көбі еліміздің қай өңірінде тұрғысы келеді?
– Қандастарымыздың көбі тұрғылықты жері ретінде Астана мен Алматы қалаларын және оңтүстік өңірлерді таңдайды. Нақтырақ айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облысына – 6017 отбасы (11469 адам), Алматы облысына – 4445 отбасы (8583 адам), Жамбыл облысына – 1040 отбасы (1962 адам) қоныстанса, Маңғыстау облысына – 766 отбасы (3597 адам) және Шығыс Қазақстан облысына 719 отбасы (1679 адам) көшіп келді.
–Атамекеніне оралған қандастарымызға мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, оралмандар Қазақстан аумағына келген кезде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлкіне кедендік төлемдерді төлеуден және визаның түріне қарамастан, Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алған кезде жеңілдетілген тәртіпте өзінің төлем қабілеттілігін растаудан босатылады. Оралмандар ортаға тез сіңіп кету үшін оларды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтары ашылған. Онда қандастарымыз тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiмен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ қызметтік немесе өзінің тұрғын үйі болмаған кезде бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында, уақытша орналастыру орындарында бір жылдан аспайтын мерзімге уақытша тіркелуге құқы бар. Бұған қоса, азаматтығын әлі алмаса да Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде жұмыспен, мектеппен, балабақшамен қамтамасыз етіліп, медициналық көмек ала алады. Квота шеңберінде техникалық, кәсіптік және басқа да оқу орындарында білім алуға мүмкіндігі бар. ҚР азаматтарымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек, балаларына мемлекеттік жәрдемақы және арнаулы жәрдемақылар мен зейнетақы да ала алады.
– Біржан Бидайбекұлы, елімізге шетелден жұмыс күшін тарту жайына да тоқтала кетсеңіз. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Үкімет жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. Соңғы кездері оларды ресімдеу құжаттары жеңілдетілді деп естідік. Бұл жөнінде тарқатып айтып берсеңіз?
– Былтыр біздің елде жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 29 мыңнан астам шетелдік жұмыс істеді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 5%-ға аз көрсеткіш. Негізінен, жұмыс күші Қытай, Түркия және Өзбекстан елдерінен келеді. Ұлыбритания мен Үндістаннан келіп жұмыс істейтіндер де бар. Олардың барлығы – жоғары білікті мамандар. Бұл ретте шетелдіктердің басым бөлігі құрылыс секторына (54,7%), басқа да қызмет түрлерін көрсету саласына (14 %) тартылғанын айту керек.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартудың жаңа жеңілдетілген тәртібінің енгізілуіне байланысты жұмыс рұқсаттарын беру мерзімі қысқартылды. Жұмыс берушілерге қатысты әкімшілік талаптар алынып тасталды. Ерекше шарттардың орнына жұмыс беруші жергілікті бюджетке төлейтін жаңа салық алымы енгізілді. Алым мөлшерлемесі шетелдік жұмыс күшінің санаты мен саласына қарай 137 АЕК-ден 250 АЕК аралығын құрайды, яғни, 290 мың мен 530 мың теңге шамасында белгіленді. Бұл ретте жұмыс берушілерге қойылатын кадрларға жергілікті қамтылым жөніндегі шарттарды сақтау талаптары өзгермейді. Яғни, басшылар мен олардың орынбасарлары бойынша кемінде – 70%, мамандар мен білікті жұмысшылар бойынша кемінде 90% болу керек. Биылдан бастап, шетелдік жұмыс күшінің Қазақстандағы экономиканың басым салаларында өз бетінше жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар. Ол үшін сұранысқа ие кәсіптерге біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама алу қажет. Мұндай анықтамалар дүниежүзі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие және Қазақстанда тапшы мамандарға ғана беріледі. Мәселен, авиациялық инженер-конструктор мамандығы деген секілді. Аталған анықтаманы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі береді. Мұндай шетелдік жұмыскерлердің біліктілігіне жоғары талаптар қойылып, ол балдық жүйемен бағаланады. Жоғарыда аталған анықтама Қазақстанға келген күннен бастап, алғашқы үш айға жарамды. Шетелдік азамат осы үш айдың ішінде тұрақты жұмыс табуы керек және ол туралы жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органды, яғни, біздің министрлікті хабардар етуі тиіс. Мұндай жағдайда, анықтама оған еңбек шартының мерзіміне қарай ұзартылатын болады, бірақ 3 жылдан аспайтын уақытқа беріледі. Сөз соңында бұл бастамалар еліміздің көші-қон саласын одан әрі жетілдіре түсу үшін қолға алынғанын атап өткім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!