check

You are here

Ұлттық бұйымдардың салмағы артты – шебер (ФОТО) - http://bnews.kz, 2016 жылғы 18 қазан

Ақтөбе қаласының Қарғалы ауылында тұратын Айгүл Төлеубаева ою ойып, құрақ құрап қыз жасауын түгел дайындайды. Бесік құралын әзірлеп, келін, күйеу көрпе тігеді. Қазақы сәнмен әсемделген көрпені алғашында базарға барып саудалады. «Көрпе алыңыз» деп өткен-кеткенге өз қолынан шыққан әсем дүниелерін ұсынған шебер арада 7 жыл өткенде шағын тігін шеберханасын ашуды жоспарлап қойған. «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарламасына құжаттарын тапсырып, 1,5 миллион теңге несиені күтіп отыр. Қаржыға қажетті тігін құрал-жабдығы мен мата алуға рұқсат бар, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Айгүл Төлеубаева өзге қазақ қыздары секілді бар білетінін анасынан көрген. «Көз майыңды тауыспа» деген анасы оған ине мен жіп ұстап, тігін тігуге рұқсат бермеген екен. Дегенмен, ынталы әрі алғыр шебер бар көргенін 2009 жылы қайта еске түсіріп, бала күтіміне берілетін жәрдемақы мерзімі аяқталған соң күнкөріс қамымен көрпе тігуді бастады. Қазір бұл жетістігі үшін алғашқы тапсырыс берушілеріне ризашылығын білдіреді.

«Алғаш кезде базарға кіріп, «көрпе алыңдар» деп келушілерге ұсыныс жасадым. Кейін жылыну үшін ет павильонына кіріп, сол жердегі сатушыларға айттым. Олар маған көп тапсырыс беріп, танылуыма септігін тигізді. Қазір дайын көрпе, жастықты базарға көтерме бағамен тапсырамын. Олар өз бағаларын қойып, келушілерге ұсынады. Негізінен, тапсырыс берушімен тіке жұмыс істеген ыңғайлы. Мен үшін ұлттық бұйымдардың салмағы артқаны қуантады», - дейді шебер.

Қыз жасауы түгел дайындалады. Мұның бәрін ол қазір өз үйінің ең үлкен бөлмесінде жасап жүр.

«Үйімнің іші бір жиналған емес. Үнемі мата қиындысы, мақта, жіп шашылып жатады. Сондықтан, «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарламасына өтініш жазып қойдым. Шағын шеберхана салып, сол жерде жұмыс істегім келеді. Бағдарлама бойынша бөлінетін қаржы тігін машинасы мен мата алуға мүмкіндік бар. Ақша бөлінсе, бірнеше адам жұмысқа орналасар еді», - дейді шебер.

Қазіргі уақытта шебер өз құрбысы Айгүл Сарбасованың көмегіне жиі жүгінеді. Құрақ құрайтын, әлеуметтік желіде тапсырыс қабылдайтын көмекшілері де бар.

«Оюды өз ойымнан шығарамын. Бірақ, қошқар мүйіз оюы басылған көрпеге тапсырыс көп. Теңдік пен байлыққа шақыратын оюды «төрт құбылаң тең болсын» деп тігіп береміз. Бағасы 8-12 мың теңге. Одан қымбаты жоқ. Өзім «Нұр шашу» құрағын құрап шықтым. Кішкентай баламның тұсауын кескен адамға сыйлық ретінде беріп, кейін тапсырыс қабылдадым. Бұл – «жапырағың жайылып, көгеріп, көкте, құлыным» деген мағынада тігілді. Таяуда «Алты қанатты» оюы жасалды. Бата шумақтарында «6 бөлмелі үйің болсын, қонақ жайлар күйің болсын» шумақтары бар. Қыздарға арналды», - дейді А.Төлеубаева.

Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдайтын шебер кейде қарапайым халықтың сыны жұмысқа нәтиже береді деген ойда. Себебі, бұған дейін мақпалдан бесік жабдығын жасаған ол ескертуден соң шілтер қосып, баланың еркін тыныстауына бар жағдай жасаған.

«Бесікті жабатын матаға ою ойып, баланың қазақы тәрбиемен өсуі үшін бар шеберлігімді салдым. Қазіргі уақытта бұл дүниелерге тапсырыс берушілер көп қызығады. Қазақ қыз ұзатып, ұлын үйлендіреді. Дәстүрлер жалғасы үзілмейді, яғни, оюлы көрпе мен түрлі жабдыққа тапсырыс берушілер саны азаймайды. Мен әр затты ұқыптылықпен жасаймын. Сондықтан болар, сатып алушылардың көбі сенеді, қайта айналып, тапсырыс береді»,- дейді ол.

Айта кетейік, «Геолог» мәдениет үйі шеберге ұсыныс жасады. Енді ол ауыл қыздарын ине мен жіп ұстап, әсем дүниелер тігудің қыр-сырын үйретуі мүмкін.

Бөлімдер:
19 қазан, 2016 - 17:12 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші