check

You are here

Жеті баланы өмірге әкелген 27 жастағы Батыр ана жоғары білім алуды армандайды - www.nur.kz, 2016 жылғы 19 қыркүйек

Қызылорда облысында 27 жастағы келіншек жеті баланы дүниеге әкеліп, Батыр ана атанды. Жастығына қарамай, жеті баланы өмірге әкелген ана бүгінде жоғары білім алуды армандайды.

Динара Манатбекқызы 1988 жылы 10 желтоқсанда Қызылорда облысы Белкөл кентінде дүниеге келген. №189 орта мектептің түлегі. Жиырма жеті жасында жетінші перзентін сүйген алтын құрсақты ең жас Батыр Ана. Жары Ренат Әбдібайұлымен бірге үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп отыр.

NUR.KZ порталы Батыр ананың жергілікті басылымға берген сұхбатын қысқартып, оқырман назарына ұсынып отыр.

– 17 жасыңызда келін болып түстіңіз. Содан бері ата-енемен тұрасыз. Қазір енесімен бір шаңырақ астында тұрғысы жоқ кейбір келіндер бар...

– Иә, 17 жас балалықтан ересек өмірге енді қадам басқан кезім ғой. Содан бері әулетке келін, балалардың анасымын. Енем келген күннен қолдаушым. Қайын атам да туған әкемдей қамқорлық көрсетіп келеді. Біздерді таршылық көрмесін деп тынымсыз еңбек етіп жүреді. Ата-енемен бірге тұрғаннан жаман болғаным жоқ. Үлкендерден үйренеріміз көп қой.

– Бүгінгі қазақ әйелінің ең қиын мәселесі не?

– «Бір-екі баладан артық туудың керегі жоқ» деп ойлауы. «Ұрпағыңмен мың жаса» дейтін халқымыз үшін нағыз мәселе осы. Бала тууға шектеу қойылған ел қытайлықтардың өзі күн санап көбеюде. Әрбір қазақ әйелі «мен қазақты дүниеге әкелемін. Мен – ұлттың анасымын» деп өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінсе деймін. Мұнан бөлек, көп келіншектер «батысқа қарап бой түзегеніміз осы» деп түрленген бет әлпет, киім-киіс, тіпті жүрістерін өзгертіп жіберген. Көрген кезде «мынау шет елден келген келін бе?» деп қаласың. Әңгімелессең, соңғы сән үлгісі деп мақтанады. Қазақ әйелі қашанда ақ жаулығымен, алтын құрсағымен қасиетті.

– Қиындықты қалай жеңуге тырысасыз?

– Аллаға шүкір, жалғыз қиналып көрмеппін. Жарым бар. Қайын атам мен енем де қасымда. Отбасылық мәселе болса, бірге шешеміз. Біздің үйде қайын атамның әр сөзі заң. Үлкендердің айтқанын істеп, кеңестерін қабыл аламыз. Барлық мәселені сабырмен қабылдауға тырысамын. Көп балалы отбасы деп бізге көмектесіп тұратын мейірімді жандар да бар. Жеке кәсіпкер Нұрсәуле Ырысбайқызы жаңа оқу жылына барлық баланы аяқ-киіммен қамтамасыз етті. №257 орта мектептің ұжымы да қарайласып тұрады. «Көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек бола ма?» деп Тасбөгет кенті әкімдігіне барғанмын, Сағира есімді қызметкері «мемлекеттен тегін көмек берілсін деген» заң жоқ деп салқын шығарып салды. Содан қайтып бармадым.

 - «Ерім – пірім» дейтін келіншектер азайып барады. Неге деп ойлайсыз?

– Дұрыс айтасыз. Қоғамға қарау қорқынышты кейде. Бұл әйелі ерін сыйламаудан, ері әйелін бағаламауынан шығып жатқан шикілік шығар. Әйел жарын «отағасы» деп алға оздырып отыру үшін ақылды болу керек. Келген жерінде көрген тәрбиесі бар қыз еріне қарсы сөйлемес те еді. Тұрмыстағы тапшылық, «сен аз ақша табасың» деген ерлі-зайыптылардың бір-біріне айтатын сөзі емес. Ер адам отбасындағы өзінің орнын, әйел өз міндетін білсе материалдық қиындықтарды екеуі бірге жеңер еді.

– Әйел болып әйел бақыты ұғымын қалай түйдіңіз?

– Әйелдің бақыты – иығына басыңды сүйеп, «жаным» дейтін жары. Тәңір тарту еткен тәтті балалары. Есті әңгімесін айтып, жол көрсеткен енесі, ардақты әкесі. Қазақ әйелі барын бағалай білген. «Барға қанағат, жоққа тәубе» деп тіршілік еткен. Біз сол аналардың жалғасымыз. Бақытын отбасынан тапқан келіншекпін.

– Құлазыған, мұңайған шақта бірінші кімді іздейсіз?

– Күйеуімді. Ішкі сырымды оңашада соған ақтарамын. Ақылдасамын. Екінші балаларым. Алла берген ұл-қызым – менің шаттығым. Әркез жұмыстан шаршап келгенде алдымнан жүгіріп шығып, құшағыма ұмтылғанда мен бәрін ұмытып кетемін. Періштенің тәтті жұпар иісі мені бақытқа бөлейді.

– Шаңырақтың бақыт кілті неде?

– Ауызбіршілікте. Үйімізде үлкендеріміз бар. Солардың айтқанын істеп, бір-бірімізбен ақылдасып тіршілік етіп жатырмыз. Ерлі-зайыптылардың да өз ара ауызбіршілігі мықты болу керек. Әрқайсымыз әр жаққа тартсақ, үйде не береке болсын? Балалар осы шақтан бір нанды бөліп жеуді үйренуде. Тәттілер әкелсек ортаға қойып, «бәрің бөліп жеңдер» деп отырамыз.

– Соңғы рет қашан қуандыңыз?

– Жетінші перзентімді аман-есен құшағыма алғанда. Қызымның іңгәләп құшағымды жылытқаны ерекше әсерге бөледі. «Аллаға шүкір, жетінші рет ана болдым» деп қатты қуандым.

– Өмірден не күтесіз?

– Қазір мектепте еден жуушы болып еңбек етіп жүрмін. Кезінде соңғы курстың оқу ақысын төлей алмай, диплом ала алмай қалғанмын. Оқуға түсіп, білім алғым келеді. Бұрын мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттар болушы еді. Енді қазір қалай оқып аларымды білмеймін. Отбасымның амандығын күтемін. Балаларымның бақытын күтемін.

Бөлімдер:
27 қыркүйек, 2016 - 10:08 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші