You are here

2015 жылдағы ҚР ДСӘДМ 14 маңызды шаралары

 
 
 
11 ақпанда Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) алғашқы медициналық санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі әлемдегі тұңғыш кеңсесінің ашылу салтанаты болды.  
Іс-шараға ДДҰ Еуропалық бюросының директоры Жужанна Жакаб, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі Салидат Қайырбекова, ДДҰ Қазақстандағы тұрақты өкілі Мелита Вуйнович және т.б. қатысты.    
Медициналық санитариялық алғашқы көмек (МСАК) бойынша алғашқы кеңсе ДДҰ атқарушы директорының шешімімен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен елімізде ашылды. Осылайша, Алматы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңіріндегі МСАК жөніндегі орталығына айналады.
Алматығы Кеңсе ғаламдық деңгейде де, әлемнің 54 елі кіретін ДДҰ Еуропа аймағы үшін де денсаулық сақтаудың бастапқы буынын дамыту саласында жетекші рөл атқаратын болады.    
 Мұндай кеңсенің ашылуы Еуропа аймағында енгізіліп жатқан озық технологияларды меңгеруге, еліміздегі денсаулық сақтаудың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға және МСАК бойынша үздік әлемдік тәжірибелерді Қазақстанда дағдыландыруға мүмкіндік береді. Бірлесе атқарып отырған жұмыс нәтижесінде: денсаулық сақтаудың бастапқы буынының қолжетімділігі мен сапасы, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындары үшін, алдын алу бағдарламаларының тиімділігін арттыру, жұқпалы емес аурулардың туындау қаупінің белгілі факторларымен күресті күшейтуге қол жеткізілуі тиіс. 
Жаңа құрылым медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту жөніндегі ұсыныстарды тек Қазақстанда емес, ДДҰ бүкіл Еуропа аймағы үшін әзірлеумен, зерттеумен, өңдеумен айналысатын болады. 
 
 
20 ақпан күні Мемлекет басшысы «Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Аталған Заң мүгедектерге ҚР Конституциясымен, сондай-ақ, Қазақстан қатысушысы боп табылатын халықаралық келісімдермен бекітілген азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және өзге де құқықтары мен еркіндіктерін өзге азаматтармен теңдей қамтамасыз етуге бағытталған.      
Заңның негізгі міндеті мүгедектер мен халықтың қауқары аз топтары үшін басым салаларда нысандар мен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оңалту саласында қызметтер ұсыну тетігін жетілдіру, мүгедектерге өмірде және қоғамға ықпалдастыруда теңдей жағдай жасау болып табылады.  
Қазіргі уақытта Конвенцияны әлемнің 151 мемлекеті, оның ішінде ТМД елдерінен - Армения, Әзірбайжан, Грузия, Молдова, Ресей Федерациясы, Украина ратификациялаған.
Конвенцияны ратификациялау Қазақстанда тұратын 627 мың мүгедек жанға және олардың отбасыларына конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін іске асыруда және қорғауда қосымша кепілдік береді. 
 
 
17 наурыз күні Президент әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруға, аталған саладағы ақпараттық жүйелер мен дерекқорларды біріктіруге бағытталған «Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 
Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының «электрондық үкіметті» дамыту және мемлекет көрсететін қызметтерге азаматтардың қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленді.
Құжатта азаматтарға мемлекеттік және жергілікті органдарда немесе зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтарда әлеуметтік-еңбек саласындағы 36 мемлекеттік қызметтің 16-сы бойынша өтінім беру және қызмет алу мүмкіндігін беруді, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО), «Электрондық үкімет» порталы арқылы, медициналық-санитариялық сараптама (МСС) бөлімдерінде қызмет көрсетуді қарастырады. Осылайша, ХҚКО көрсетілетін қызметтер саны - 27-ге, eGov.kz арқылы – 8-ге, МСС – 3-ке жетті.    
Атап айтқанда, келесі қызметтер бойынша рәсімдеуге қажетті құжаттарды тапсыруды ХҚКО-на беру жоспарланып отыр:  
-        мүгедектік, асыраушысынан айырылғанда, жұмыстан босағанда және жасына қарай берілетін базалық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді (қазіргі уақытта бұл төлемдерді 700 мыңдай азамат алады;
-        азаматтардың 20 санатына арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар (мұндай қызметті шамамен 1 млн. азамат, негізінен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көп балалы аналар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар);
-        мемлекеттік базалық зейнетақы және № 1, 2 тізім бойынша берілетін мемлекеттік арнаулы жәрдемақылар (базалық зейнетақы шамамен 2 млн. зейнеткерге, ал мемлекеттік арнаулы жәрдемақы шамамен 32 мың азаматқа беріледі).
Заң жобасына сәйкес азаматтар «электрондық үкімет» порталы арқылы жасына қарай мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік арнаулы жәрдемақыларды, жұмыстан босаған жағдайда және бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге қажетті құжаттарын өткізе алады.
Үкіметтің бірыңғай ақпараттық жүйесін пайдалану талап етілетін құжаттар санын және көрсетілетін мемлекеттік қызмет мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Мысалы, базалық зейнетақы рәсімдеу барысында азаматтар 5 құжаттың орнына тек жеке куәлігін көрсете алады, ал қызмет мерзімі 7 күннен 30 минутқа дейін қысқарады.  
Оған қоса, бір өтініммен екі мемлекеттік қызмет алуға мүмкіндігі туады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтар МСС бөліміне хабарласып, мүгедектігін анықтау қызметімен қатар, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны рәсімдей алады. 
Алға қойылған мақсаттарға және күтілген нәтижелерге жету үшін Қазақстан Республикасының келесі 7 Заңына толықтырулар енгізу керек: 
1)      «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы»
2)      «Қазақстан Республикасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы»
3)      «Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы»
4)      «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы»
5)      «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы»
6)      «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы»
7)      «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы».
 
 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 4 тамызда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 
Заң жобасы мыналарды көздейді:
1. Базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібін өзгерту
2017 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және зейнеткерлік жасқа (58-63/63) жеткен кезде ғана тағайындалатын болады.
Бұл ретте, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне ынтымақты жүйесінде (1998 жылғы 1 қаңтарына еңбек өтілі) істеп шыққан өтілін, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналар аударылған кезеңін (зейнетақы жарналары аударылған нақты өтілі) қосады.
Егер де, азаматтың еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе еңбек өтілі мүлде болмаса онда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің (КД) 50 %-ын құрайды.
Базалық зейнетақының мөлшері 10 жылдан артық әрбір жыл үшін 2 пайызға ұлғайтылады, өтілі 35 жыл және одан көп болған жағдайда КД 100 %-ын құрайды (өтілі 20 жыл болса базалық зейнетақының мөлшері – КД 70 %-ын, ал 30 жыл болса – КД 90 %-ын құрайды).
Бұл өзгерістер бір жағынан, еңбек өтілі көп болғанымен, табыстары туралы мәліметтердің болмауы себепті төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлерге қатысты әлеуметтік әділдік орнатуға, екінші жағынан, бүгінгі және болашақ қызметкерлер буынын еңбек қатынастарын заңдастыруды ынталандыру үшін мүмкіндік береді.
Аталған норманы іске асыру үшін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап қазіргі зейнеткерлердің зейнетақы істеріндегі құжаттардың негізінде базалық зейнетақы механизмі өзгертіледі.
2. Жұмыс берушінің қосымша 5 %-дық міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) белгілеу есебінен зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу.
Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен 5 %-дық міндетті зейнетақы жарналарын аударған қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауыштың қатысушылары болып табылады.
Бұл жарналар азаматтардың меншігі болып саналмайды және әрбір қызметкердің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған шартты зейнетақы шотында тіркелетін болады.
ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдеріне құқық атына шартты зейнетақы шоты ашылып, кемінде 60 айға жарналар аударылған жағдайда зейнеткерлік жасқа (58-63/63) жеткен адамдарға, сондай-ақ мүгедектік мерзімсіз болып белгіленген I және II топтардағы мүгедектерге беріледі.
ЖМЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойы төленеді және мұраға қалдырылмайды. Зейнетақылардың мөлшері жыл сайын БЖЗҚ экономикалық мүмкіндіктеріне және демографиялық көрсеткіштеріне қарай индекстелетін болады.
3. Жекелеген санаттағы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру
Бүгінгі күні  әлеуметтік құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандырудағы негізгі проблема бірдей жағдайда әртүрлі жылдары еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлікке шыққан кезде зейнетақы төлемдерінің мөлшері бірдей болмауы.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру толық мемлекеттік қамсыздандыруға ауыстырылатын болады.
Олардың зейнетақысының мөлшері қызметтен босатылған кездегі еңбек сіңірген жылдары және ақшалай қамтылымына қарай есептелетін болады.
Бұл ретте, 2016 жылдан бастап әлеуетті құрылымдар қызметкерлерінің ақшалай қамтылымынан 20 % міндетті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша мемлекеттік бюджеттің міндеттемелері жойылатын болады.
Бұдан басқа, бюджеттің кірісіне олардың пайдасына 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналарының 50 % сомалары аударылатын болады.
Сондай-ақ, қызмет өткеру жағдайлары бірдей болып, әр түрлі кезеңде запасқа шыққан  әлеуетті құрылымдар зейнеткерлерінің зейнетақы төлемдері мөлшеріндегі диспропорцияларды жою үшін 2016 жылы бұрын толық емес көлемде тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін еңбек сіңірген жылдарына және зейнетақы ісіндегі қызметтен босатылған күніндегі еңбек өтіліне қарай, олардың толық көлеміне жеткізу бойынша біржолғы қайта есептеу іске асырылады.
Бұл шаралар әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыруды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді қамтамасыз етеді және әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға мүмкіндік береді.
Бұдан өзге, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің параметрлерін жетілдіру, халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту көзделіп отыр.
Жалпы ұсынылып отырған өзгерістер нәтижесінде азаматтардың зейнетақы төлемдері мынадай бөліктерден тұратын болады:
1) зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын базалық зейнетақы төлемі;
2) 1998 жылғы 1 қаңтарға кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға Орталықтан төленетін зейнетақы төлемі;
3) БЖЗҚ-дан:
- қызметкердің жеке 10 % міндетті зейнетақы жарналары;
- жұмыс берушінің қосымша 5 %-дық зейнетақы жарналары;
- 5 %-дық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын) (2023 жылдан бастап) есебінен зейнетақы төлемдері;
4) ерікті зейнетақы жинақтары.
Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған шаралар ауыстыру коэффициентін Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған (40 %-дан кем емес) деңгейді қамтамасыз етеді және одан әрі сақтай алады.
 
 
Ағымдағы жылдың 2-5 қыркүйегі аралығында Астанада «Әлеуметтік қамсыздандырудың мақсаттарына жетудегі АКТ саласының стандарттары мен бірыңғай шешімдерін қабылдау жолдары» атты ХӘҚҚ-ның ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы Халықаралық XIV конференциясы өтті.
Шараны Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы (әрі қарай - ХӘҚҚ) ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі және ҚР Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Конференцияға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, ХӘҚҚ Президенті Эррол Франк Стуве, ХӘҚҚ Бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов, Дүниежүзілік банктің бас экономисі Алексей Случинский, Халықаралық еңбек ұйымының еңбек миграциясы бойынша бас техникалық кеңесшісі Али Циссе, сонымен қатар Парламент депутаттары, ҚР мемлекеттік органдар мен ұйым өкілдері, ХӘҚҚ басшылары мен мүше ұйымдарының бас қызметшілері, ақпараттық технологиялар бөлімдерінің басшылары, АКТ бойынша менеджерлер мен сарапшылар, халықаралық ұйым өкілдері мен АКТ индустриясының мамандары қатысты.
Үш күндік конференция барысында әр аймақтан келген әлеуметтік қамсыздандыру саласының ұйымдары өз жетістіктерімен бөлісті. Шараға қатысушылар бірқатар елдердің, оның ішінде Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы АКТ-ны қолданудағы тәжірибе мен практиканы саралады. Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы АКТ-ға негізделген жалпы стандарттар мен шешімдерді талқылауға басты назар аударылды.
Сонымен қатар, конференцияда ХӘҚҚ-ның басқару және әлеуметтік қамсыздандырудағы негізгі мәлімет қорымен алмасу бағыты бойынша АКТ саласындағы басқарудың жаңа ережелері қарастырылды.
Конференция аясында «Қазақстанның әлеуметтік саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» атты көрме ұйымдастырылды. Көрме барысында республикада тұңғыш рет қолданушы өзінің дене қимылы арқылы технологиямен әрекеттесетін байланыссыз сенсорлы бейне-қабырға - Kinect (кинект) ұсынылды. Экранда адамның өмірлік кезеңдері – қазақ мәдениетіне сәйкес мүшел жас шақтары мысалға келтірілді (Сәби, бала, Жігіт, Азамат, Аға, Ақсақал), сонымен қатар, олардың әрқайсысына «электронды үкімет» жүйесімен, әрбір кезең өзінің қызмет түрлерімен (мысалы, Сәби кезеңі үшін – туылған баланы тіркеу, төлемақы алу т,б,) бірге қоса ұсынылды.
 
 
23 қазанда Астана қаласында «Қазақстанда жүзеге асырылатын ең үздік әлеуметтік жобалар» көрмесінің аясында аталған байқаудың жеңімпаздары марапатталды.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының» ұйымдастырумен және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен өткен шараға Парламент депутаттары, мемлекеттіік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Мүгедектер, жасы ұлғайған адамдарға және тағы басқа халықтың ерекше тобының өмірін жақсартуға негізделген әлеуметтік жобаларды қолдау – ҚР ДСӘДМ қызметінде басымдыққа ие. 
Қазақстанда әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың көмегімен өмірдің қиын жағдайларына тап болған 200 мыңнан астам азаматқа көмек пен қолдау көрсетілді. Олардың арасында өмірдің қиындығына тап болып, мойымай, қиындықты жеңе білген мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны басым. Ауыртпалыққа қарамастан, олар өз өмірлерін толыққанды әрі батырлықпен, асқан ұстамдылықпен жалғастырып қана қоймай, өзгелердің де мәселелерін шешіп, олардың тіршілік алаңында өз орындарын орнықты табуына көмектесіп келеді.
Биылғы жылы аймақтық комиссия 124 өтінішті қарастырып, 26 әлеуметтік жоба байқаудың іріктеу кезеңінің жеңімпаздары атанды.
Құрамына министрліктің, БАҚ-тың өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері кірген іріктеу комиссиясының мүшелері ҚР ДСӘДМ сайтындағы берілген дауыстардың нәтижесін есепке ала отырып, 3 инновациялық жобаны анықтады.
Байқау жеңімпаздары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның ақшалай сыйлығына ие болды.
1 орын «Жарайсың!» қазақстандық маркасын оңалту техникалық құралдарын өндіру» авторлық жобасының иесі астаналық Бану Искаковаға берілді. Қаржылай сыйлықтың көлемі – 2 млн. теңге. 2 орын «Training-Кафе» әлеуметтік жобасының авторы, алматылық Анна Кудияроваға беріліп, оған 1,5 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды. 3 орынды павлодарлық «Аналар қолдарының туындысы» жобасының авторы Гауһар Омарова еншіледі (1 млн. теңге).
Сонымен қатар, онлайн дауыс берудің нәтижесінде ең көп дауысты (5042) Павлодар облыстық Жанна Жанжігітованың «Жан күйзелістері бар адамдар үйі» жобасы жинады. Жоба авторына құнды сыйлық берілді.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстанда жүзеге асырылатын ең үздік әлеуметтік жобалар» көрмесі 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Үш жылдың ішінде «Үздік әлеуметтік жоба» атағын алу үшін байқауға 317 өтініш қабылданып, оның 64-і жеңімпаз атанған болатын. Жеңімпаздардың жалпы санынан 10 жоба өз қаражатының есебінен орындалып жатса, 25 жоба демеушілер мен қарастырылған қаражаттың көмегімен, 28-і мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жүзеге асырылып келеді. 
 
 
29 қазанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Бұл Заң Мемлекет басшысы ҚР Үкіметінің 2015 жылдың 5 мамырындағы кеңейтілген отырысында айқындаған бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру шеңберінде әзірленді.
Аталған Заңның аясында төмендегі мәселелер қарастырылады:
1. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бүгінде – 40%) 50%-нан төмен отбасына жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде қазіргі таңдағы қолданыстағы жұмыспен қамту шараларын алмастыратын белсенді шараларға қатысуымен шартталған атаулы әлеуметтік көмекті (әрі қарай - АӘК) әрбір отбасы мүшесіне көрсетудің жаңа тәртіптерін енгізу: 
- көпбалалы отбасыларына арнайы мемлекеттік жәрдемақы (әрі қарай - АМЖ);
- аз қамтылған отбасыларына арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдеамақысы;
- аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмек.
АӘК жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып 2 түрге бөлінеді.
Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларына (мәселен, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыларына (мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасыларынан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.
Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасына әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.  
Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара жауапкершілікті мойындарына алады: әлеуметтік қызметтер жұмыспен қамту шараларын қарастырып, жәрдемақы төлесе, отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына адал ниетпен қатысады.
Тұлғаларға тектен тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі. Осылайша, отбасының кедейлік жағдайынан шығу мүмкіндігі ынталандырылады.
1. 2018 жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін АМЖ өзгерістері келесі мәселелерді қарастырады:
- ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, қарт адамдар, тыл еңбеккерлері (барлығы 14 азаматтар санаты) тәріздес санаттағы азаматтарға арнайы мемлекеттік жәрдемақыны сақтау;
- Мүгедектерге арналған арнайы мемлекеттік жәрдемақыны мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақымен біріктіру. Бұл жәрдемақыны тағайындау шараларын жеңілдетпек. Аталған шараларды қолдану мүгедектердің құқығын шектемейді, өйткені, төлемақы көлемі азаймайды (мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақы қазіргі АМЖ-ның сомасына ұлғаяды);
- «Алтын алқа», «Күміс алқа», бұрындары «Батыр ана» атағын алғандар, I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көпбалалы аналар үшін АМЖ-ны «Балалары бар отбасыларына арналған мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңымен реттелетін көпбалалы аналарға арналған жәрдемақыға өзгерту.
Заң арқылы Бюджеттік кодекс пен 7 заңға (1995 жылдың 12 желтоқсанындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы», 1997 жылдың 16 маусымындағы «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы», 1999 жылдың 5 сәуіріндегі «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы», 2001 жылдың 17 шілдесіндегі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», 2001 жылдың 17 шілдесіндегі «Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы», 2005 жылдың 28 маусымындағы «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы», 2010 жылдың 2 сәуіріндегі «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы») өзгерістер енгізілмек.
Заңды жүзеге асыру 2018 жылы республикалық бюджеттен 11,8 млрд.теңге көлеміндегі қосымша қаржыны талап етеді.
 
 
18 қарашада Мемлекет басшысы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына қол қойды. 
   Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудегі мақсат – медициналық қызмет көрсетуддегі міндеттемелер мен кепілдемелердің тұрақты жүйесін құру болып табылады. 
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңын Мемлекет басшысы айқындаған бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру шеңберінде әзірледі. Заңды дайындау барысында үздік халықаралық тәжірибе мен әлеуметтік әділеттілік қағидалары қолданылды.
Заңға сәйкес, азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады:
Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Пакеттің құрамына жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді.
2020 жылға дейін өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған.
Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру Қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған абулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік маңызды ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру емдік шаралары, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғарғы технологиялық көмек кіреді.
Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы ҚР азаматтарына, ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі.
Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.
Жоғарыда аталған пакеттерге қосымша, ерікті сақтандыруға қатысқан азаматтар медициналық қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасаған келісімшарт негізінде алатын болады.
 
 
23 қарашада Мемлекет басшысы Жаңа Еңбек кодексіне қол қойды.
Еңбек кодексі Мемлекет басшысының тапсырмасы Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын жүзеге асыру мақсатында дайындалды (83 қадам).
Жаңа Еңбек кодексі тараптардың мүдделер тепе-теңдігін сақтай отырып, олардың жауапкершілігі мен рөлін айқындап, жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қатынастарына мемлекет тарапынан араласу шегін нақты анықтайды.
Мемлекет жұмыскерлерге берілетін кепілдеме мен өтемақының ең төменгі деңгейдегі еңбек стандарттарын анықтап, жұмыс беруші тараптарының бұл міндеттемелерді орындауын қатаң бақылайтын болады.
Жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қатынастары көп жағдайда жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, жұмысшыны жұмыстан босату, жұмыс уақыты, еңбек шарттары мен оның төлемақысы салаларындағы өзара келісім жасау және ұжымдық шарттардың әлеуетін күшейте отырып, өзін-өзі реттеу қағидаларына сай жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар, Кодексте жұмыс берушілер үшін жалдау, кадрлардың орнын ауыстыру, қызметкерді жұмыстан босату, еңбек шарттары мен оның төлемақысын анықтау шаралары жеңілдетілген. Сондай-ақ, негізгі еңбек кепілдемелері мен қызметкерлердің құқықтары бекітіліп, оларды ұжымдық, жеке шарттар мен келісімдерді жасау және қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын құралдар арқылы ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған.
Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында кәсіподақтардың рөлі кеңейтілді, оның ішінде жақында қабылданған «Кәсіподақтар туралы» Заңда қарастырылған мүмкіндіктер де есепке алынды.
Осылайша, юнионизация тәжірибесінің дамуына септігін тигізетін тараптардың ұжымдық шарттар мен келісімдер жасаудағы қызығушылығы арта түседі.
Еңбек қатынастарын ырықтандырудағы аталмыш үлгі ЭЫДУ стандарттарына сай келеді.
Кодексте қарастырылған негізгі жаңа ережелер:
1. Еңбек келісімінің шарттарын өзгерту шараларын жеңілдету, әсіресе экономикадағы дағдарыс жағдайында.
Бұл новелла жұмыс беруші қызметкерлер санын қысқартудың орнына толық емес жұмыс уақыты тәртібін енгізу және қызметкерлерді уақытша өзге жұмысқа ауыстыру жеңіл болғанда, қажетті жағдай жасауды қарастырады.
Мәселен, жұмыс орындарын сақтау мақсатында кәсіпорынның жұмысы тоқтатылған жағдайда (бір айдың орнына) қызметкерлерді уақытша ауыстыру мерзімін анықтау ұсынылады. Сондай-ақ, жұмыс берушінің қызметкердің денсаулығына зиян тигізбейтін кез келген бос орынға ауыстыру (кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұрған жағдайда) құқығы қарастырылады.
2. Жұмыс берушінің бастамасымен «ұйымның экономикалық жағдайының өндіріс, атқарылатын жұмыс, көрсетілетін қызмет көлемінің азаюы салдарынан нашарлауы» негізінде еңбек шарттарын бұзу негіздемесі енгізілді.
Еңбек кодексі бойынша қызметкерлерді қысқарту «қызметкерлердің штаты мен санын қысқарту» негізінде (қолданыстағы кодекстің 54 бабы 1 тармағының 2 тармақшасы) жүзеге асырылады. Бұл жағдайда қызметкерге 1 ай бұрын себебін түсіндірусіз хабарландырылады, қысқарту жағдайында бір айлық орташа еңбекақы көлемінде өтемақы төленеді.
Қазіргі таңдағы дағдарыс жағдайында жұмыс берушінің қызметкерлер санын қысқарту шараларын қолдану ықтималдығының артуы ескеріліп, жоғарыда аталған негіздеме жеке көрсетілді. Сонымен қатар, еңбек шартын бұзу мүмкіндігі келесі шарттарды бір мезгілде сақтаған жағдайда туындайды:
-  құрылымдық бөлімнің (цех, бөлімше) жабылуы;
-  қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігінің болмауы;
-  еңбек шартын бұзуға негіз болған экономикалық себептері көрсетілген кәсіподақтың кемінде бір ай бұрын берілген жазбаша ескертпесі.
Қызметкерлерге аталған негіздеме бойынша еңбек қатынастарын бұзу кезінде айлық еңбекақы мөлшерінде өтемақы төленетін болады.
Сонымен қатар, жұмыс берушіге зейнет жасына келген қызметкерлермен ҚР Заңымен белгіленген, бұзу тәртібін нақты регламенттелген еңбек шартын бұзу құқығының берілуі ұсынылады. Жұмыс берушіге жоғары деңгейдегі кәсіптілік пен біліктілікке ие, оның жұмысқа икемділігі мен денсаулығының жағдайын ескере отырып (мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге ұқсас), зейнет жасына жеткен қызметкерлермен жыл сайын еңбек шартын ұзарту құқығы беріледі.
3. Жұмыс берушіге сынақтан өту мерзімін кез келген қызметкер санатына қою құқығын беру ұсынылады. 
Бұл жаңа ереже қазіргі таңдағы жұмыс берушілерге 18 жасқа толмаған тұлғалар, ЖОО мен ТКБ-нің түлектері, мүгедектер, бірінші рет жұмысқа кіріскен азаматтар үшін сынақ мерзімін белгілеуге салынған тыйым аталмыш санаттағы азаматтардың жұмысқа орналасуына септігін тигізбеуімен шартталады. Өйткені, әдетте жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдамайды.
4. Физикалық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша шешім қабылдау үшін комплексті шаралар қолдану қарастырылады.
Қолданыстағы Заңға сәйкес, мүгедектермен еңбек қатынастарын ырықтандыру бойынша жұмыс берушінің мүгедектерді жұмысқа алу міндеттемелерімен, олардың жұмыс орындарын құралдармен (дене мен ағза функцияларының бұзылуы мен шектеулерін ескере отырып) арнайы жабдықтаумен, сонымен қатар оларға қосышма демалыс уақытын (15 күннен кем емес), қысқартылған жұмыс уақытын (аптасына 36 сағаттан көп емес) белгілеумен, шамадан тыс жұмысқа тартуға тыйым салумен реттеледі. Тәжірибеде жоғарыда аталған талаптар мүгедектерді жұмысқа орналастыруға толыққанды мүмкіндік бермейді. 
Парламентте қарастырылып жатқан «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңнамада жұмыс берушілерге қызметкерлердің жалпы санынан 2-4% құрайтын мүгедектерді жұмысқа қабылдау үшін арнайы жабдықталған жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген квоталарды енгізуді міндеттеу қарастырылады. Сонымен қатар мүгедектердің жұмыс орнын қажетті арнайы құралдармен жабдықтауға арналған жұмыс берушінің шығындарын мемлекеттің субсидиялауы ұсынылады.
Өз кезегінде, мүгедектерді шамадан тыс жұмыстарға жегуге тыйым салуды сақтау қарастырылады. Жұмыс уақыты мен қысқартылған жұмыс уақытының жалпы есебі (аптасына 36 сағаттан кем емес) өзгеріссіз қалады.
Осылайша, жұмыс берушіге жүктелген белгілі жүктемені мемлекет, жұмыс беруші және кәсіподақтарға жауапкершілікті бөлу арқылы азайту нәтижесінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселелері шешімін табуға жол ашады.
5. Жаңа Еңбек кодексінде қызметкерлерге еңбекақы төлеу мәселелері бойынша жұмыс беруші өз күшімен (жұмыс берушінің актілерін қабылдау арқылы) болмаса, қызметкерлер өкілдерінің бастамасымен (ұжымдық шарт жасасу негізінде) қызметкер жалақысының формасын, жүйесі мен көлемін таңдау мәселелерін шешу жағдайы қарастырылған. 
Осылайша, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдеріне түнгі уақыттағы, демалыс және мейрам күндеріндегі, сонымен қатар, шамадан тыс жұмыс істегені үшін төлемақы мөлшерін еңбек және ұжымдық шарттар арқылы реттеу ұсынылады. Сонымен қатар, шамадан тыс жұмыс істегені үшін төленетін төлемақы негізгі мөлшерлеме көлемінің бір жарым есесінен кем болмауы шарт.
6. Қоғамдық бақылау саласын күшейту ұсынылып отыр. Кәсіподақ ұсынатын қызметкерлер арасынан техникалық инспекторлар институтын құрып, олардың еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бойынша тепе-теңдік негізінде құрылатын өндірістік кеңестер аясында құзіреттілігін қарастыру ұсынылады.
Аталған кеңеске төмендегідей қызмет түрлерін жүктеу көзделген: еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілер мен қызметкерлердің ортақ қызметін ұйымдастыру, жұмыс орындарындағы еңбекті қорғау шарттарын тексеру, қызметкерлерге оның нәтижесі туралы хабарлау
Өндірістік кеңесті тепе-тең шарттар негізінде қызметкерлер өкілдері мен жұмыс беруші 2 жыл мезгілдік ротация негізінде басқаратын болады. Жұмыс беруші үшін өндірістік кеңестің шешімі міндетті болады. 
 
 
24 қарашада Елбасы «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Заңның мақсаты көші-қон және жұмыспен қамту саясатындағы ұйымдастырушылық және құқықтық негіздерді жетілдіру болып табылады.   
Заң елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және көші-қон үрдістерін реттеу мақсатында әлеуметтік-еңбек қатынастарын жаңғыртуға бағытталған.
Заң келесі мәселелерді қарастырады:
1. Шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты (ШЖК):
Елге жұмысқа орналасу үшін келетін шетелдіктерге жұмыс берушілер тарапынан ШЖК тарту рәсімін ырықтандыру, шетелдік жоғары білікті мамандардың еркін нарығын құру арқылы экономикадағы кадрлар қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған жүйелі шараларын енгізу.
Осылайша: 
Біріншіден, жұмыс берушілерге рұқсаттама беру идеологиясы түбегейлі қайта қаралды. Енді алымдар ел бюджетіне өндірілетін болады. Ол мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға, оны аймақтардың әлеуметтік және экономикалық дамуына бағыттауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, Қазақстанға келетін шетелдік мамандар экономиканың басым салаларында талап етілген мамандықтар тізбесі бойынша біліктілігінің сәйкестігі туралы 3 ай ішінде берілетін анықтама негізінде кез келген жұмыс орнына мамандығы бойынша орналасуына мүмкіндік алады.
Шетелдік маман оның білім деңгейін, жұмыс өтілін, практикалық тәжирибесін және де өзге де біліктілігін растайтын параметрлерін айқындайтын балдық жүйе арқылы бағаланатын болады.
Үшіншіден, ішкі корпоративтік ауыстыру процедурасын жетілдіру қарастырылып отыр. Мұндай шетелдік жұмыс күшін тарту тәсілі жалпыға бірдей әлемдік стандарттарға, Дүниежүзілік сауда Ұйымының талаптарына сәйкестендірілетін болады.
Сондай-ақ, аталған жаңалықтарды іске асыруға бағытталған ақпараттық-сараптамалық жүйені құру жоспарланып отыр. Ол жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін айтарлықтай жеңілдетіп, рұқсаттама беру процедураларын біршама жылдамдататын болады. Егер аталған шаралар қазіргі таңда 30-40 күнге созылса, ұсынылып отырған тәртіп бойынша орта есеппен 5 күнге дейін қысқаратын болады.
Шетелдік жұмыс күшін тарту, өз бетінше жұмысқа орналасу мен ішкі корпоративтік ауыстыру тәртібін өзгерту 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарастырылып отыр.
2. Этникалық көші-қонға қатысты:
2013 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңына өзгерістер енгізіліп, оралмандардың көшіп келу квотасы, сонымен бірге, барлық материалдық төлемдер алынып тасталып, отандастарымыздың оралуына қолайсыз жағдай туындаған болатын.
Заңда этникалық қазақтарды тарихи отанына оралуын ыңталандыру мақсатында:
- этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі;
- этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беру. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған.
- оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.
3. Ішкі көші-қон саласында:
Ішкі көші-қон саласындағы негізгі мәселе – республика аумағындағы әсіресе оңтүстік пен солтүстік арасындағы халықтын орналасу диспропорциясы болып табылады. Аталған мәселені шешу үшін жұмыс күші көп өңірлерден Үкімет айқындаған өңірлерге көшкен тұлғаларға көмек көрсету ұсынылады. Олар үшін көлік шығындарын өтейтін, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беру, шағын несиелер беруді қамтамасыз ететін әлеуметтік пакет қарастырылатын болады.
Білім беру инфрақұрылымдарын жетілдіру шаралары аясында Үкімет айқындаған өңірлерде жоғарғы оқу орындары мен колледждерде оқу орындарын көбейтіп, жатақханалардағы орын санын ұлғайтып, оларды жаңғыртып, ауыл жастары үшін солтүстік өңірлердегі ЖОО мен колледждерде оқуға арналған арнайы гранттарды ұйымдастыру ұсынылады.
3. Халықты жұмыспен қамту  саласында:
Мүгедектерге арналған жұмыс орындары квотасының сараланған мөлшерін жалпы жұмысшылар санына байланысты 2 пайыздан 4 пайызға дейінгі мөлшерде белгілеу нормалары енгізілді. Бұл ретте мүгедектерді жұмысқа орналастыру мақсатында мемлекет тарапынан жұмыс берушілер шығындарын субсидиялау арқылы тиісті жабдықталған жұмыс орындары құрылатын болады (бүгінгі күнге дейін тәжіриебе мұндай болмаған).
Сондай-ақ, жұмыспен қамту органдары функцияларының қосарланушылығын болдырмау мақсатында олардың құзыреті қайта қаралды. Халықты жұмыспен қамту орталықтарына бірқатар функциялар, оның ішінде: жұмыссыздарды тіркеу, оларға кәсіби оқу, жұмысқа орналасу үшін жолдамалар беру, тіркелген жұмыссыздарға тиісті анықтама беру, сондай-ақ еңбек нарығы жөнінде деректер қорын жаңарту міндеттерін беру көзделеді. 
 
 
3 желтоқсан күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. 
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, оңалту саласындағы көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру, олардың қажеттіліктерінің ерекшелігін ескере отырып, еңбек етуге, физикалық қоршаған ортасына, оның ішінде көлікке, ақпарат пен байланысқа қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдау мақсатында Заң арқылы 24 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 кодекске түзетулер енгізіледі. 
Заңда төмендегі мәселелер қарастырылған:
1. Әлеуметтік, көлік инфрақұрылымының  қолжетімділігін қамтамасыз ету:
- вокзалдар мен әуежайларда кедергісіз орта құру;
- теміржол құрамдарын мүгедектерге қолжетімді вагондармен жабдықтау;
- көлік қызметкерлерін мүгедектермен қарым-қатынас жасау дағдыларына және оларға қызмет көрсетуге, оның ішінде ымдау тіліне үйрету;
- әуежайларда, теміржол вокзалдарында, әлеуметтік-мәдени объектілерде, сонымен қатар алаңдарда, даңғылдарда, көшелерде, орамдарда, өзге де көлік құралдарын қоюға тыйым салынған,  мүгедектердің арнайы автокөліктерін қоюға арналған тегін тұрақ орындарын бөлу және т.б.
2. Әлеуметтік сала (денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау) қызметтерін жетілдіру:
- мүгедектерге медициналық көмек пен медициналық оңалтудың қолжетімдігін қамтамасыз ету;
- медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіру;
- денсаулық сақтау субъектілерінің міндетіне профилактикалық жұмысты қосу;
- естуі бойынша мүгедектерге ымдау тілінің маманы ұсынатын қызметті ұлғайту;
- инклюзивті білім беруді ескере отырып, білім беру стандарттарын әзірлеу;
- мүгедек балалардың инклюзивті білім алуын қамтамасыз ету;
- білім беру жүйесінің барлық деңгейіндегі оқу-тәрбие процесін мүгедектердің құқықтарына құрметпен қарай отырып жүзеге асыру және басқалар.
3. Ақпарат және тұрғын үйге қолжетімділік:  
- мүгедектердің қажетті ақпаратқа қызмет көрсету орындарында, телерадиохабар таратуда қол жеткізуіне жағдай жасау;
- мемлекеттік қызметтерді қолжетімді түрде көрсету;
- мемлекеттік қызмет көрсету саласының қызметкерлерін мүгедектермен қарым-қатынас дағдыларына оқыту;
- тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге берілетін тұрғын үй пәтері екінші қабаттан жоғары болмауы тиіс екенін ескеру;
- тұруға жарамды басқа тұрғын үй берместен үшінші топ мүгедектерін қызметтік тұрғын үйден шығаруға болмайтын адамдардың тізбесіне қосу;
- мүгедек медициналық-әлеуметтік мекемеде уақытша тұрған кезде оның тұрғын үйге құқығын сақтау.
4. Құқықтық көмекті жетілдіру:
- ымдау тілінде, оның ішінде сотта өз пікірін білдіру және ақпарат алу;
- мүгедегі бар отбасында жалғыз ер баланы әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру;
- мүгедектерді жазасын өтеу мерзімінде оңалту құралдарымен қамтамасыз ету;
- мүгедек болатын жерде адвокаттың құқықтық кеңес жүргізуі және басқалар.
 
 
Қазақстан Республикасы Президентінің «Бес институционалды реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасының жобасы дайындалды 
Бағдарламаның негізгі мақсаты – еліміздің тұрақты түрде әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында халықтың денсаулығын нығайту болып табылады. 
Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа дейін ұлғаятын болады.
Денсаулық сақтау саласын әрі қарай дамыту мақсатында бағдарлама аясында эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруды біріктіру негізінде қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі құрылатын болады.
Оның негізгі атқаратын қызметтері: 
- мінез-құлықтық қатерлердің, дұрыс тамақтанбау мен қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз факторларын азайту мен алдын алу шараларына халықты жұмылдыру және олардың аталған жағдайлар туралы хабардарлығын арттыру; 
- жұқпалы және негізгі жұқпалы емес аурулардың, оның ішінде психикалық ауытқулар мен жарақаттанушылықтың эпидемиологиялық бақылауын қамтамасыз ету; 
- халықтың денсаулығын нығайту мен оны қорғауға бағытталған сектораралық өзара байланысты кеңейту және үйлестіру; 
- эпидемиологиялық қауіпсіздік пен денсаулықты қорғау салаларындағы өзге де құқықтық нормалар мен заңнаманың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету; 
- аймақтық және ұлттық деңгейдегі аурулардың дамуын ұзақ мерзімге болжау және оның үлгісін қалыптастырудың халықаралық жүйесін енгізу.   
Медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесіндегі орталық буын медициналық санитарлық алғашқы көмек (әрі қарай – МСАК) болады. Оның аясында медициналық көмектің көлемі мен тегін амбулаторлық емдеуге арналған дәрілік заттар тізімін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. Іс жүзінде МСАК әмбебап, біріктірілген, әлеуметтік бағдарланған, қолжетімді және сапалы медициналық көмектің алғашқы буыны болмақ.
МСАК-тың әмбебаптылығы әрі қарай адамның белгілі бір жас ерекшеліктерінің кезеңіне қарай ағзадағы өзгерістерін ескере отырып, аурулардың алдын алу басымдылығымен денсаулығын бақылауға негізделген өмір бойы отбасылық қызмет көрсету қағидасына (әрі қарай – ОҚКҚ) көшу арқылы қамтамасыз етіледі. 
Отбасылық қызмет көрсету қағидасы профилактикалық, диагностикалық, емдеу, оңалту және сауықтыру шараларын, паллиативті көмек пен отбасын сауықтыру және бақылау жеке картасы бойынша әрбір отбасының қажеттілігіне қарай үйдегі қарауды қарастырады. 
ОҚКҚ-ні аймақтың кадрлық қамтамасыз етілуіне байланысты жалпы практика дәрігерлері немесе учаскелік дәрігерлерден тұратын (терапевтер, педиатрлар, гинекологтар) мульти-тәртіптік топтар жүзеге асыратын болады. Жалпы практика дәрігерлері санының ұлғаюы мен біліктілігінің артуына қарай олар мульти-тәртіптік топтарды алмастыратын болады.
МСАК жұмысының басты бағыттары ана мен сәбидің денсаулығын нығайту болып қала бермек. МСАК әртүрлі аурулар, сонымен қатар, перинатальді көмек көрсету барысында медициналық көмекті аймақтандыру бағдарламасының базалық кезеңі болады. МСАК мамандары денсаулық сақтау жүйесінің барлық сатысында, оның ішінде диагностикалау мен салалық мамандардың қызметі, стационарға жіберу, оңалту, паллиативті көмек пен үйден қарау (маршрутизация), медициналық көмек көрсетуді үйлестіретін болады. Олар медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңіндегі көрсетілетін қызметтердің толыққандылығы мен сапасын бақылайтын болады. 
Сонымен қатар, транспорттық медицинаны, оның ішінде жедел медициналық көмек пен телемедицина, жылжымалы дәріханалық пункттерінің жүйесін әрі қарай дамыту көзделген. 
Дальнейшее развитие получит специализированная медицинская помощь (СМП) с интеграцией всех служб здравоохранения. При этом, с учетом текущего состояния здоровья населения и прогнозируемого роста неинфекционных заболеваний предусматривается разработка и поэтапное внедрение интегрированной модели организации медицинской помощи.
 
Арнайы медициналық көмек (АМК) барлық денсаулық сақтау саласының қызметтерімен біріктірілетін болады. Сонымен бірге негізгі әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы емес аурулар мен елдің демографиялық ахуалына айтарлықтай әсері бар аурулар: 
миокардтың жіті инфаркті, 
мидағы қан айналымының ауыр ауытқулары (инсульт), 
қатерлі ісік аурулары, 
сынықтар, 
жүктілік және босандыру бойынша іс шаралар жоспарын жасау мен жүзеге асыру қарастырылған. 
Клиникалық басқару және хаттама халықаралық кәсіби ұйымдарының ұсынымына сай әрбір блок бойынша іс-шаралар жоспары жасалып, жүзеге асырылатын болады (Action Plan). Бұл қызметтің барлық түрлері: алдын алу, емдеу шаралары, оның ішінде оңалту, диспансерлік бақылау, медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады. 
Сондай-ақ, ең үздік әлемдік тәжірибені пайдалану арқылы жоғарғы білікті арнайы медициналық қызметті дамыту өз жалғасын табады. 
Бағдарламада халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетумен қатар, денсаулық сақтау саласының ресурстарын тиімді қолдану көзделген. Бұл бірінші кезекте қаржы мәселесіне қатысты.
Сапа бойынша Біріктірілген комиссия медициналық көмектің сапасын басқару ұлттық жүйесінің институционалды негізі болады. Аталған комиссия келесі қызметтерді атқарады: денсаулық сақтау саласындағы клиникалық хаттамаларды, стандарттарды бекіту; медициналық ұйымдарды аккредитациялау жүйесін жетілдіру; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Ұлттық саясатын жүзеге асыруға қолдау көрсету; ТМККБК мен МӘМС есебінен қайтарылатын дәрілік заттарды, медициналық  қызметке арналған бұйымдар мен өзге де медициналық технологияларды тариф құрылымына енгізу мен шығару; денсаулық сақтау саласындағы адам ресурстарын тиімді басқаруға ықпалдасу.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру азаматтардың, жалпы қоғамның денсаулығын жақсартуға, өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға; медициналық көмектің сапасы мен толыққандылығын, қолжетімділігін арттыруға; тегін амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз ету көлемін ұлғайтуға, денсаулық сақтау саласындағы бейресми төлемдер ауқымын төмендетуге; заманауи, қауіпсіз медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. 
Мәселен, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы ІЖӨ-нің Түркияда – 6,7, Оңтүстік Кореяда – 7,2, Норвегияда – 9,1, АҚШ-та – 17,9, ЭДЫҰ елдерінде орташа – 8, Қазақстанда 3,8%-ні құрап отыр.
Жаңа технологиялардың даму кезеңіндегі заманауи медицинаның ресурстары ұлғайып келеді. Бұл бірінші кезекте медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға бағытталмақ. Сондықтан да Бағдарлама жобасына дәрілік заттарды тиімді қолдану, медициналық техниканы, кадрлық қамсыздандыруды жетілдіру және медициналық ұйымдарды басқару турасында нақты шаралар қарастырылған.
Аталған ресурстарды тиімді басқару тараптар мүдделері тепе-теңдігін қамтамасыз ететін медициналық ұйымдарды корпоративті басқарудың жетілдірілген формаларын енгізу арқылы жүзеге асырылмақ. Жүйенің инфрақұрылымын дамыту үшін салаға инвестиция тарту мақсатында МЖӘ тетіктері кеңінен қолданылады. Медтехникамен қамтамасыз ету мәселелерінде қайтадан сатып алу мен сервистік қызмет көрсету опциялары бар тікелей өндірушілерден сатып алудың лизингтік механизміне көшу жоспарланып отыр. 
 
 

Дәрілік заттардың сапасын, қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында 2015 жылы ҚР ДСӘДМ мамандары Дүниежүзілік Банк, Еуропа және Австралияның ең үздік мамандарымен бірлесе отырып Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды (әрі қарай – ҚҰФ) жасады. ҚҰФ-қа негіз ретінде әлемде «алтын стандарт» болып есептелетін және және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының модельдік формуляры болып табылатын британдық ұлттық дәрілік формуляр алынды.  

ҚҰФ бәсекелестік ортаны кеңейтуге, дәрілік заттарды сатып алудағы қаржылық адалдықты, сонымен қатар, дәрілік қамтамасыз етудің пациентке бағдарланған моделі негізінде препараттарды таңдау мүмкіндігін береді. Осылайша, ол тек дәрігерлер үшін ғана емес, еліміздің барлық азаматтары үшін ауқымды анықтамалық болмақ. Сондай-ақ, ол әрбір медициналық ұйымға өзінің дәрілік формулярын құруға, дәрілердің бағасы мен бағдарына қарай бюджетті дұрыс жоспарлауға жәрдемдеседі.

 
 
2015 жылы ҚР ДСӘДМ мамандары Мемлекет басшысының жұмыссыздыққа жол бермеу бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын жандандыру жұмыстарын жүргізді. Ағымдағы жылдың 8 желтоқсанында ҚР Үкіметі жұмыс орындарын құру мен сақтауға негізделген «ЖҚЖК 2020» бағдарламасына енгізілген түзетулерді мақұлдады.
Кәсіпорындарда жоғары білікті мамандардың жұмыс орындарын сақтау мақсатында жұмыс уақытының қысқаруына байланысты еңбекақының 2/3 бөлігін уақытша субсидиялау тетіктері енгізіледі.
Сонымен бірге, кәсіпорын жұмыс орнын сақтаған жағдайда, қызметкерлерді, оның ішінде жұмыс істейтін жастарды жұмыс берушілер тарапынан қоса қаржыландырумен немесе, толық мемлекет есебінен оқытуды ұйымдастыру қарастырылады.
Қосымша жұмыс орындарын құру үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында қолданылатын келесі құралдарды: инфраструктуралық жобаларға жұмысқа орналастыру, барлық мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалар шеңберінде
іске асырылатын жобалардың мүмкіндіктерін қолдану және кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесие беру күшейтілетін болады.
 
7 сәуір, 2016 - 18:59 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
Көп балалы отбасыларға жәрдемақы тағайындау туралы ақпаратты тексеру
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес
"Қауіпсіз еңбек" ақпараттық науқаны
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші