You are here

"Орташа жалақыны есептеудiң бiрыңғай ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1394 қаулысы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Орташа жалақыны есептеудiң бiрыңғай ережесi бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Қызметкерлердiң орташа жалақысын есептеу тәртiбi жөнiндегi нұсқаулықты бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 29 желтоқсандағы N 1942 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 56, 624-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 29 желтоқсандағы N 1942 қаулысына толықтыру енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 11 шiлдедегi N 657 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 25, 262-құжат).

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2007 жылғы 29 желтоқсандағы
N 1394 қаулысымен   
бекiтiлген   

Орташа жалақыны есептеудiң бiрыңғай ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орташа жалақыны есептеудiң бiрыңғай ережесi Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексiне (бұдан әрi - Еңбек кодексi) сәйкес әзiрлендi және орташа жалақыны есептеудiң бiрыңғай тәртiбiн (бұдан әрi - Ереже) айқындайды.

      2. Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
 

      1) орташа жалақы - қызметкер жалақысының сақталуына кепiлдiк берiлетiн кезең үшiн жұмыс берушi есептейтiн және қызметкерге төленетiн ақша қаражатының сомасы;
 

      2) орташа күндiк (сағаттық) жалақы - уақыт бiрлiгi (күн, сағат) үшiн есептелген жалақы сомасы;
 

      3) есеп айырысу кезеңi - төленуi тиiс ақымен (төлеммен) байланысты оқиғаның алдындағы ұзақтығы он екi күнтiзбелiк айға тең кезең, не егер қызметкер жұмыс берушiде он екi күнтiзбелiк айдан кем жұмыс iстеген болса, орташа жалақыны есептеу үшiн пайдаланылатын нақты жұмыс iстеген кезең
 

      4) оқиға - Еңбек кодексiне сәйкес орташа жалақының сақталуымен немесе төленуiмен байланысты жағдайлар.

      3. Орташа айлық жалақыны айқындаудың барлық жағдайлары үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мереке күндерi есеп айырысу кезеңiнен алынып тасталады.

      4. Орташа жалақыны есептеу кезiнде есеп айырысу кезеңiнен жұмыс iстелмеген уақыт және осы кезеңде Еңбек кодексiне сәйкес қызметкерге орташа жалақысы төленген немесе сақталған кездегi жұмыс iстелмеген уақыт үшiн есептелген сомалар алынып тасталады.

      5. Ұжымдық шартта орташа жалақыны есептеу үшiн қызметкерлердiң жағдайын нашарлатпайтын өзге кезеңдер көзделуi мүмкiн.

2. Орташа жалақыны есептеудiң бiрыңғай тәртiбi

      6. Бес күндiк, сондай-ақ алты күндiк жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеу белгiленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекақы төлеу жүйесiнде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдерi ескерiле отырып, тиiстi кезеңдегi орташа күндiк (сағаттық) жалақының есебiнен нақты жұмыс iстелген уақыт үшiн жүргiзiледi.
      Орташа жалақыны есептеуде қосымшаға сәйкес тұрақты сипаттағы емес төлемдер ескерiлмейдi.

      7. Қызметкердiң орташа жалақысы орташа күндiк (сағаттық) жалақыны оқиға кезеңiне сәйкес келетiн жұмыс күндерiнiң (жұмыс сағаттарының) санына көбейту жолымен есептеледi.

      8. Орташа күндiк (сағаттық) жалақы барлық жағдайларда есептi кезеңде есептелген жалақы сомасын жұмыс уақыты теңгерiмiн негiзге ала отырып, тиiсiнше бес күндiк немесе алты күндiк жұмыс аптасының жұмыс күндерi (сағаттары) санына бөлу жолымен анықталады.

      9. Егер есеп айырысу кезеңi жұмыспен толық өтелмесе, онда орташа күндiк (сағаттық) жалақы жұмыс iстелген уақыт үшiн есептелген жалақының сомасын осы жұмыс iстеген уақытқа сәйкес келетiн бес күндiк немесе алты күндiк жұмыс аптасының жұмыс күндерi (сағаттары) санына тиiсiнше бөлу жолымен анықталады.

      10. Егер есеп айырысу кезеңiнде қызметкерге жалақы есептелмеген болса, онда орташа күндiк (сағаттық) жалақыны есептеу есеп айырысу кезеңiнiң алдындағы он екi айдағы жұмысы, не есеп айырысу кезеңiнiң алдындағы осы жұмыс берушiде нақты жұмыс iстеген уақыт кезеңi үшiн есептелген жалақы сомасын жұмыс iстелген уақытқа сәйкес келетiн бес күндiк немесе алты күндiк жұмыс аптасының жұмыс күндерi (сағаттары) санына тиiсiнше бөлу жолымен жүзеге асырылады.

      11. Толық емес жұмыс аптасы (жұмыс күнi) кезiнде орташа күндiк (сағаттық) жалақы осы Ереженiң 8, 9, 10-тармақтарына сәйкес есептеледi.

      12. Қызметкер жұмысқа орналасқан кезде оқиға орын алған жағдайда есептелген жалақы сомасы болмағанда, не оқиға алдындағы 24 ай бойы қызметкердiң жалақысы болмаған жағдайда, орташа күндiк (сағаттық) жалақы қызметкердiң күндiк (сағаттық) тарифтiк ставкасын (лауазымдық жалақысын) негiзге ала отырып есептеледi.

      13. Жұмысты вахталық әдiспен орындайтын қызметкерлердiң еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтiк жәрдемақыны есептеуге арналған орташа жалақы орташа сағаттық жалақыны Еңбек кодексiнде белгiленген жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан аспайтын, жұмыс берушi жасаған кесте бойынша еңбекке жарамсыздығы салдарынан болмаған жұмыс сағаттарының санына көбейту жолымен анықталады.

      14. Лауазымдық жалақы арттырылған жағдайда орташа жалақыны есептеу арттыру коэффициентiн ескере отырып, мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
 

      1) егер арттыру есеп айырысу кезеңiнде жүргiзiлсе, арттырудың алдындағы әрбiр ай үшiн орташа жалақы арттыру коэффициентiн ескере отырып есептеледi;
 

      2) егер арттыру есеп айырысу кезеңiнен кейiн оқиға болғанға дейiн жүргiзiлсе, есеп айырысу кезеңi үшiн орташа жалақы арттыру коэффициентiн ескере отырып есептеледi;
 

      3) егер арттыру оқиға кезеңiнде жүргiзiлсе, орташа жалақының бiр бөлiгi лауазымдық жалақы (ставка) арттырылған күнiнен бастап көрсетiлген кезең аяқталғанға дейiн арттыру коэффициентiн ескере отырып есептеледi.
      Арттыру коэффициентi оқиға басталған айда белгiленген лауазымдық жалақыны (ставканы) арттыруға дейiн белгiленген лауазымдық жалақыға (ставкаға) бөлу жолымен есептеледi. Қызметкердi бiр лауазымнан екiншiсiне ауыстырған кезде арттыру коэффициентi қолданылмайды.

      15. Өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша төленетiн жылдық сыйлықақыларды, сыйақыларды қоспағанда, тұрақты сипаттағы және жұмыс берушiнiң еңбекақы төлеу жүйесiнде көзделген сыйлықақылар мен еңбек нәтижелерi үшiн төленетiн басқа да ынталандыру төлемдерi орташа жалақыны есептеу кезiнде есептелген уақыты бойынша қосылады.
      Жұмыс берушiнiң еңбекақы төлеу мен сыйлықақы беру жүйесiнде көзделген жұмыс қорытындысы бойынша төленетiн тоқсандық, жарты жылдық сыйлықақылар тиiсiнше есеп айырысу кезеңiнiң әрбiр айына тиiсiнше 1/3, 1/6 мөлшерiнде есептеледi; айлық сыйлықақылар есеп айырысу кезеңiнiң әрбiр айы үшiн бiреуден аспауға тиiс.
      Ағымдағы жылда төленетiн өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша төленетiн жылдық сыйлықақылар, сыйақылар орташа жалақыны есептеу кезiнде әрбiр айға 1/12 мөлшерiнде, өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша төленетiн жылдық сыйлықақыны, сыйақыларды төлеу сәтiне дейiн жүргiзiлген төлемдердi қайта есептеудi жүргiзусiз, нақты төлеу сәтiнен бастап есептеледi.
      Есеп айырысу кезеңiне сәйкес келетiн уақыт жұмыспен толық өтелмеген жағдайларда, сыйлықақылар мен тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдерi орташа жалақыны есептеген кезде есеп айырысу кезеңiндегi жұмыс iстелген уақытқа барабар ескерiледi.

Орташа жалақыны  
есептеудiң бiрыңғай
ережесiне қосымша 

Тұрақты сипаттағы емес, орташа жалақыны есептеу кезiнде ескерiлмейтiн төлемдер

      1. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлiгi үшiн өтемақы.
 

      2. Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтiк жәрдемақы, сондай-ақ жұмыс берушi белгiлейтiн әлеуметтiк жәрдемақы мөлшерiне қосымша төлемдер.
 

      3. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезiнде қызметкерлерге төленетiн сауықтыру жәрдемақысы.
 

      4. Қызметтiк iссапарға жiберiлетiн қызметкерлерге берiлетiн өтемақы.
 

      5. Тұрақты жұмысы жол үстiнде немесе жүрiп-тұру сипатында не қызмет көрсететiн учаскелер шегiнде қызметтiк сапарлармен байланысты болған жағдайларда тәулiкақы орнына белгiленетiн қосымша ақылар мен үстемеақылар, өтемақы төлемдерi.
 

      6. Дала жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге берiлетiн далалық жабдықталым.
 

      7. Қызметкердi ұйыммен бiрге басқа жерге ауыстырған кезде берiлетiн өтемақы.
 

      8. Қызметкердiң (жеке тұлғаның) жеке мүлкiн тараптардың келiсiмi негiзiнде жұмыс берушiнiң мүдделерi үшiн пайдаланған кездегi шығыстарды өтеу.
 

      9. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес берiлген арнайы киiмнiң, арнайы аяқ киiмнiң және басқа да жеке қорғаныш құралдарының, алғашқы дәрiгерлiк көмек құралдарының, жуу және зарарсыздандыру материалдарының, сүттiң, емдеу-профилактикалық тамақтандырудың және басқа да құралдардың құны.
 

      10. Қызметкер еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде оның өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi төлемдер (жоғалтқан жалақысы бөлiгiндегi төлемдерден басқа).
 

      11. Қызметкерлерге жұмыс берушi көрсететiн материалдық көмек (ақшалай жәрдемақы) (бала туған кезде, дәрiгерлiк қызметтiң ақысын төлеу үшiн, жерлеуге және басқа жағдайларда).
 

      12. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгiленген мерекелiк күндерге, мерейтой күндерiне байланысты, лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны үшiн, мiнсiз еңбек қызметi үшiн, зейнетақыға шығуына орай жұмыс берушi еңбекақы төлеу қоры есебiнен беретiн бiржолғы көтермелеу төлемдерi (бiржолғы ақшалай сыйақыларды қоса алғанда).
 

      13. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жалақы төлемдерi кешiктiрiлген кезде және мiндеттi зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаны үшiн жұмыс берушi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерге төлейтiн өсiмақылар.
 

      14. Қызметкерлердi оқытуға және бiлiктiлiгiн арттыруға байланысты жұмыс берушiнiң шығыстары.
 

      15. Жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен ұжымдық шартта және (немесе) жұмыс берушiнiң актiсiнде қосымша көзделген өтемақылар мен әлеуметтiк кепiлдiктер төлемдерi.
 

      16. Спорттық байқауларда, конкурстар мен жарыстарда жүлделi орындар үшiн берiлетiн ақшалай наградалар.
 

      17. Қызметкерге мемлекеттiк және қоғамдық мiндеттердi орындайтын жерi бойынша төленген жалақы.
 

      18. Қызметкерлерге күнделiктi жұмысын (жұмыс ауысымын) бөлiктерге бөлу кезiндегi жұмысы үшiн өтемақы төлемдерi.
 

      19. Үйде жұмыс iстейтiн қызметкерлерге төленетiн өтемақы төлемдерi.

Бөлімдер:
18 сәуір, 2011 - 15:47 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші