You are here

"Әлеуметтiк жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерiн айқындау ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1339 қаулысы

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексiнiң 159-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса берiлiп отырған Әлеуметтiк жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерiн айқындау ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2007 жылғы 28 желтоқсандағы
N 1339 қаулысымен 
бекiтiлген     

Әлеуметтiк жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерiн айқындау ережесi

      1. Осы Әлеуметтiк жәрдемақы тағайындау және төлеу, сондай-ақ оның мөлшерiн айқындау ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексiнiң 159-бабына сәйкес әзiрлендi.

      2. Осы Ереже жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтiк жәрдемақы (бұдан әрi - жәрдемақы) тағайындаудың және төлеудiң тәртiбi мен оның мөлшерiн айқындайды.

      3. Жәрдемақы заңнамада көзделген еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайларында еңбекке уақытша жарамсыздық фактiсiн куәландыратын тиiстi құжаттарды ұсынғаннан кейiн тағайындалады және төленедi.

      4. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлегентәртiппен берiлетiн еңбекке жарамсыздық парағы, ал ол жоғалған кезде - телнұсқа жәрдемақыны тағайындау және төлеу үшiн негiздеме болып табылады.

      5. Жәрдемақы еңбекке қабiлетсiздiгiнiң алғашқы күнiнен бастап еңбекке қабiлетi қалпына келген күнге дейiн немесе мүгедектiгiн белгiлегенге дейiн жұмыс iстейтiн орны бойынша төленедi.

      6. Айлық жәрдемақының мөлшерi осы Ережеде белгiленген жағдайларды қоспағанда, он бес еселенген айлық есептiк көрсеткiш шамасынан аспауға тиiс.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008.08.29 N 793 (2008 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.

      7. Нақты қызметкердiң айлық жәрдемақысының мөлшерi оның орташа күндiк жалақысын еңбекке уақытша жарамсыздық парағына сәйкес төленуге жататын жұмыс күндерiнiң санына көбейту жолымен айқындалады.

      8. Егер еңбекке уақытша жарамсыздық алдыңғы жылда басталып, ағымдағы жылда аяқталатын болса, онда жәрдемақыны есептеу мен оның мөлшерiнiң айлық шектеуi тиiстi жылдағы айлық есептiк көрсеткiш қолданыла отырып екi бөлiнiп жүргiзiледi.

      9. Ұлы Отан соғысының жұмыс iстейтiн қатысушыларына, мүгедектерi мен оларға теңестiрiлген адамдарға жәрдемақы еңбек қабiлетiн жоғалтқан алғашқы күннен бастап орташа айлық жалақының бiр жүз пайызы мөлшерiнде төленедi.

      10. Қызметкердiң еңбек жарақатына немесе кәсiби науқастануына байланысты жәрдемақыны жұмыс берушi еңбекке жарамсыздық басталған алғашқы күннен бастап жұмысқа шыққанға немесе мүгедектiк белгiленгенге дейiн орташа жалақының бiр жүз пайызы мөлшерiнде төлейдi.

      11. Қызметкердi протездiк-ортопедиялық ұйымның стационарына жатқызған кезде жәрдемақы стационарда болған барлық уақытына және стационарға бару-қайту уақытына, бiрақ 30 күнтiзбелiк күннен аспайтын мерзiмге берiледi.

      12. Балаларды стационарда емдеу кезiнде анасына (әкесiне) немесе дәрiгерлердiң қорытындысы бойынша қосымша күтiмге мұқтаж үш жасқа дейiнгi балаға күтiмдi тiкелей жүзеге асыратын өзге де адамға үш жасқа дейiнгi ауырған бала күтiмiне байланысты жәрдемақы осы Ережеде белгiленген тәртiппен берiледi.

      13. Кезектi немесе қосымша демалыста, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлерге отбасының уақытша еңбекке жарамсыз қалған мүшесiне күтiм жасау бойынша жәрдемақы берiлмейдi.

      14. Жұмыстан заңсыз босатылғаннан кейiн қызметкердi жұмысқа қайта алған жағдайда, жәрдемақы алуға құқығы пайда болған алғашқы күннен бастап жәрдемақы төленедi.

      15. Қызметкер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан (лауазымнан) шеттетiлген кезеңде еңбекке уақытша жарамсыздық туындаған кезде жәрдемақы төленбейдi. Егер еңбекке уақытша жарамсыздық жұмысқа жiберiлгеннен кейiн де жалғасатын болса, жәрдемақы қызметкердi жұмысқа жiберiлген күннен бастап төленедi.

      16. Дипломатиялық қызмет персоналы шетелде болған кезеңiнде науқастанған жағдайда:
      1) ұлттық валютада - ауырған барлық уақытына, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мөлшерде;
      2) шетелдiк валютада - шетелдiк валютадағы орташа айлық жалақысы есебiнен, бiрақ екi айдан аспайтын мерзiмге жәрдемақы алады.
      Егер ауруы екi айдан артық уақытқа созылса және денсаулық жағдайы бойынша науқас Қазақстан Республикасына жол жүре алмаса (көлiк қиындығын көтере алмаса), онда жәрдемақы дәрiгерлердiң Қазақстан Республикасына эвакуациялау мүмкiндiгi туралы шешiмi шыққанға дейiн шетелдiк валютада оның емдеу мекемесiнде болған барлық уақыты үшiн төленедi.

      17. Уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы:
      1) заңды күшiне енген сот үкiмiмен кiнәлi екендiгi анықталған жағдайда оның қылмыс жасау кезiнде алған жарақаттарының салдарынан еңбекке уақытша жарамсыздық туындаған қызметкерге;
      2) соттың шешiмiмен қызметкердi мәжбүрлеп емдеу уақытына (жүйке ауруларынан басқа);
      3) қызметкердiң кiнәсi заңды күшiне енген сот үкiмiмен немесе қаулысымен белгiленген жағдайда, оның қамауға алынған уақытына және сот-медициналық сараптама уақытына;
      4) қызметкердiң алкогольдi, есiрткiнi және уытты заттарды тұтынуы салдарынан болған ауруына немесе жарақатына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық кезiнде төленбейдi.
       Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009.07.03 N 1028 Қаулысымен.

      18. Негiзгi жұмыс орнындағы жалақысы толық немесе iшiнара сақтала отырып, басқа ұйымда жұмыс iстеуге жiберiлген, маусымдық жұмыс iстейтiн қызметкерлерге, үй шаруасымен айналысатындар мен үйге жұмыс алып iстейтiн қызметкерлерге, кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру курстарының тыңдаушыларына, егер оларды курсқа ұйым жiберген және оқу кезеңiнде олардың жалақысы сақталған болса, осы кезеңде болатын жәрдемақы осы Ережеге сәйкес олардың жұмыс орны бойынша тағайындалады және төленедi.

      19. Қызметкердiң еңбекке уақытша жарамсыздығы еңбек жарақаты немесе кәсiби науқастануы салдарынан болған кезде жәрдемақы қызметкердiң өндiрiстегi жазатайым оқиға немесе денсаулығына өзге де зақым келуi туралы актi болған кезде тағайындалады.

      20. Қызметкерлер жұмыс берушiге еңбекке жарамсыздық парағын еңбекке уақытша жарамсыздығы аяқталғаннан кейiн, жұмысқа шыққан күнi ұсынады. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, егер еңбекке жарамсыздық әлi жалғасқан жағдайда да төлемге ұсынылуы мүмкiн.

      21. Жәрдемақы төлеу үшiн ұсынылған еңбекке жарамсыздық парағы мен басқа да құжаттар ұйымның бухгалтериясында ақша құжаттарымен бiрдей сақталады.

      22. Жәрдемақы жалақы төлеу үшiн белгiленген мерзiмдерде төленедi.

      23. Қызметкердiң қайтыс болуы себебiнен ол алмаған жәрдемақы мұрагерлерiне немесе ондай адамдар болмаған кезде жерлеу ұйымдастыруды өз мiндетiне алған адамдарға төленедi.

      24. Қызметкердiң өтiнiшi бойынша жәрдемақы оның шотына аударылуы не жәрдемақыны алуға тиiстi сенiмхатты ұсынған сенiмдi адамға берiлуi мүмкiн.

      25. Ұйымның бас (аға) бухгалтерi жәрдемақы төлеуге арналған қаражаттың дұрыс жұмсалуы үшiн жауапты болады.

      26. Жұмыс берушi жәрдемақыны төлеу жөнiндегi өзiнiң мiндеттемелерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жауапты болады.

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң    
2007 жылғы 28 желтоқсандағы
N 1339 қаулысына 
қосымша     

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң күшi жойылған кейбiр
шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiндегi жәрдемақыларды жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен тағайындаудың және төлеудiң тәртiбi туралы" Нұсқаулықты бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 11 маусымдағы N 731 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 27, 249-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгiзу және кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 28 маусымдағы N 703 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстердiң 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 20, 214-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 11 маусымдағы N 731 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 4 желтоқсандағы N 1278 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 44, 437-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 11 маусымдағы N 731 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 7 шiлдедегi N 707 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 28, 357-құжат).

      5. "Шет елдердегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 6 қаңтардағы N 23 қаулысының 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 3, 22-құжат).

Бөлімдер:
18 сәуір, 2011 - 15:42 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші