You are here

Министр Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды

Қарағанды облысы

Аймақтағы жұмыс сапарын ведомство басшысы Осакаровка аудан орталығынан бастады.

Алдымен министр Осакаровка ауданындағы жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты және жаңа форматтағы Атаулы әлеуметтік көмектің жүргізілуіндегі дайындық деңгейіне баға беріп, материалдық-техникалық жабдықталуына және орталық кеңесшілері мен көмекшілерінің кәсіби дайындығына баса назар аударды.   

«Атаулы әлеуметтік көмек тек ақшалай төлем ғана емес, кедейліктен шығудың кешенді шарасы.  Сондықтан бүгінгі таңда еңбекпен қамту орталықтары осы өзгеріс нәтижесінде бұрынғыдан гөрі қолжетімді болуы, ал оның мамандары  халыққа бір терезе  қағидасы бойынша қызметтің барлық түрлерін сапалы көрсетуге дайын болуы үшін дер кезінде қажетті шаралар қабылдау аса маңызды», - деп  түйіндеді өз сөзін министр.

 «Өрлеу» пилоттық жобасы туралы өз пікірімен Наталья Федулова бөлісті. Жалғыз басты ана Наталья Федулова 2015 жылы  150 мың теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болып, өзінің жеке кәсібін ашқан болатын. Бүгінде бұл отбасының сүйікті ісі  - шаштараз қызметі отбасының негізгі табыс көзіне айналған. 

«Осы бірегей бағдарламаның көмегімен шағын бизнесімді аштым және өз жоспарларымды сенімді түрде жүзеге асыра аламын. Енді мен экономиканың дамуына барынша үлесімді қосып, өзімнің ауылдастарыма пайда тигіземін»- деп Наталья Федулова өз әсерімен бөлісті.

 Бір айта кетерлігі,  Қарағанды облысы бойынша алғашқылардың бірі болып, Осакаровка ауданында  2015-жылдың шілдесінде «Өрлеу» пилотты жобасы қолға алынған болатын. Жоба жүзеге асырыла бастаған екі жылда 50-ден астам отбасы немесе 270-ке жуық адам тартылды. Жалпы сомасы  8 млн. теңгеден астам  мөлшерде шартты ақшалай көмек  көрсетілді.

Бұл шаралар әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың жан басына шаққандағы табыс мөлшерін екі есеге  (6 358,0 теңгеден  12 572,0 теңгеге дейін) көбейтуге мүмкіндік берді 

 2017-жылы «Өрлеу» жобасын жүзеге асыру үшін   13 млн. теңге шамасында қаражат қарастырылған,  оның   2,5 млн.теңгесі –  аудан  бюджетінен,   қалғаны  - республикалық бюджеттен бөлінді.

Аудан орталығына сапар қорытындысы бойынша, министр ауылдық округ әкімдерімен, аудандық жұмыспен қамту орталықтары басшылары және қызметкерлерімен  кездесті.

Кездесуде негізінен АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) пен зейнетақы жүйесінде болатын өзгерістер талқылады.     

Бүгінгі таңда басты міндет ретінде Тамара Дүйсенова жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізу маңыздылығын атап өтті.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов: «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек біздің аймақ үшін таңсық емес. "Өрлеу" пилотты жобасы екі жылдан астам уақыттан бері Қарағанды облысында жүргізіліп келеді. Біз іс жүзінде жобаның барлық қыр-сырына қанықтық және ол өзін ақтай алады деп айтуға болады. "Өрлеу" жобасына 2,5 жыл ішінде шамамен 2,5 мың адам қатысты. Олардың біразы, қайта оқытудан өтіп, жұмысқа орналастырылды немесе жеке ісін ашты. Олар бұрын кедейлік дегейінен төменгі адамдар қатарында болатын» - деді өз кезегінде.  

Сондай-ақ, Министр халықты жұмыспен қамту тақырыбына да тоқталды. Бұл бағытта министрлік жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер үшін үлкен алаң бола алатын Электронды Еңбек биржасы мен enbek.kz сайтын әзірледі.

Министрдің іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, «Нұр Отан» партиясы мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен  кездесуі тиісті деңгейде болды.

Бастысы, зейнетақы жүйесін жаңғырту жағдайы талқыланды. Бұл реформа -  әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған шара. Жиынға қатысушылар осыған көңіл аударып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.

Оларға базалық зейнетақы көлемінің қалай өзгеретіні туралы Тамара Дүйсенова түсіндіріп  берді.

«Келесі жылдан бастап базалық зейнетақы - зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай тағайындалады. Яғни, 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жарна төлеу кезеңі ғана емес, сонымен бірге 1998 жылға дейінгі мерзім де ескеріледі», - деді Тамара Дүйсенова.  

Министрдің пікірінше, мұндай көзқарас 30-40 жыл еңбек өтілі бар төмен зейнетақы алып отырған зейнеткерлер үшін әділетті болады. 33 жылдан астам тәжірибесі бар адамдар үшін, 1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейін, базалық зейнетақының мөлшері қазіргі кездегімен салыстырғанда екі есеге өседі. Егер бүгінгі таңда ол 14 мың теңге болса, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнеткерлердің бұл тобы 28 мың теңге алады.

Еске сала кетейік, әлеуметтік қорғау саласындағы реформаларды жүзеге асыруда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ел өңірлерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Соның ішінде Осакаровка министрдің жұмыс сапармен барған алғашқы ауданы болды.

 

 

9 қараша, 2017 - 20:53 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
ҚР әлеуметтік қызметкерлерінің форумы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші