You are here

Еңбекмині өкілдері әлеуметтік саланы жаңғырту қадамдары бойынша аралық қорытынды шығарып, алдағы жоспарларымен бөлісті

брифинг

Астана қаласында,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Анархан Дүйсенованың қатысуымен брифинг болып өтті.

Светлана Жақыпованың сөзінше: «Министрлік жоспарлы түрде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру, әлеуметтік қызмет көрсетудің инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жүргізуде.

2009-2017 жылдар аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастамасымен жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары жасалып, қолданысқа енгізілді. Мұндай стандарттар 2010 жылы аталған ауру түрлерімен ауыратын 18 жастан асқан азаматтарға, 2011 жылы қимыл-қозғалысы бұзылған балалар мен егже жастағы адамдарға, 2012 жылы белгілі бір тұратын мекен-жайы жоқ адамдарға, 2016 жылы адам саудасы құрбандарына және 2017 жылы  тұрмыстық зомбылыққа тап болған азаматтарға байланысты әзірленді.

2008 жылы интернат-үйлерде жүйке жүйесі сырқатына шалдыққан 2,5 мың бала болса, тағы 2 мың бала кезекте тұрған болатын.

Бүгінгі таңда, 110 стационарлық интернат-үй аясында 5 мыңнан астам баланы және 18 жастан асқан азаматтарды қабылдауға қауқарлы 50-ден астам күндізгі стационар ашылды. Үйге барып әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелерінің саны бір жарым есеге артты. Олар бүгінде 43,7 мың қария мен мүгедекке және 13 мыңнан астам мүгедек балаға қызмет көрсетеді. 3 мыңға жуық  мүгедек бала арнаулы әлеуметтік қызмет негізіндегі жартылай стационар қызметі мен үйде көмек алу қызметін әлеуметтік тапсырыс бойынша үкіметтік емес ұйымдардан алып келеді. Әлеуметтік қызмет көрсету үшін жекеменшік сала тартылып, еріктілердің белсенділігі артқаны байқалды».

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі атқарған жұмыс нәтижесінде  қаржыландыру тәсілі өзгерді. 2009 жылға дейін мамандандырылған мекемелер нормативтік шығындар бойынша емес,  шығындар сметасы тұрғысында қаржыландырылып келді. Қаражат жергілікті бюджет мүмкіндігіне байланысты аймақтық ерекшелікке орай бөлінді (интернат-үйлерде жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан балаларға  қызмет көрсету құны Маңғыстау облысында 1 164 теңгеден Астана қаласында 3 781 теңгеге дейін  құбылып тұрды). Бүгінде, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілген қызмет көлемі мен түріне байланысты қаржыландырылады.  Бұл аймақтық ерекшелік бойынша туындаған сұрақтарды жоюға сеп болып, мемлекеттің халық алдындағы міндетті әлеуметтік қызметін жүзеге асыруда арнаулы мекемелердің ресурстарды ұтымды жоспарлап, мақсатты түрде бөлуіне септігін тигізді.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, толық мемлекет қамқорлығындағы  азаматтардың зейнетақы мен жәрдемақысының  70%-ы, интернат-үйлерде оларды асырап-бағу үшін бағытталады. Алайда, емделушіде қалатын зейнетақы мөлшері төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмауы тиіс. Ал мүгедектердің жәрдемақысының мөлшері ең төменгі күнкөріс шегінен кем болмауы қажет. Азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарын өздері таңдау құқығы беріліп, қоса қаржыландыру жүйесі енгізілді.

«Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласы аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамытудың жаңа тұжырымдамасын жасап шығарды. Аталған тұжырымдама кадр мәселесін ескере отырып, 7 негізгі жаңғырту бағытын жүзеге асыруды көздейді.  Мамандарды іріктеу ісін жетілдіру мақсатында Министрлік Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби стандартын жасап шығаруды жоспарлауда. Кәсіби стандарттар негізінде мамандарды даярлайтын және қайта даярлайтын білім беру ұйымдарының жұмысы қайта қаралатын болады.

Сондай-ақ,  Әлеуметтік қызметкерлердің  біртұтас дерекқорын әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл қызмет алушылардың маманды таңдау құқығы мен мамандардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады. Дерекқорда әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі мен ұсынылатын қызмет түрлері және жұмыс нәтижелері жайлы ақпарат орналастырылады.

Жұмысқа деген белсенділікті арттыру мақсатында қаржыландыру тетігі өзгертіліп, мамандарға еңбекақы төлеу мәселесі жетілдіріледі. Яғни,  әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктілігінің нәтижесін көрсететін жүйе құрылады. Еңбекақы маманның біліктілігі мен шеберлігіне, жүктелген міндеттерді орындауына байланысты байланысты төленетін болады. 

Цифрлық жүйеге көшу мақсатында алтыншы бағыт бойынша әлеуметтік-еңбек саласының 6 тармақтан тұратын бірыңғай ақпараттық жүйесін жасап шығу жоспарланып отыр. Жүйеде қызмет алушының қажеттілігі мен қызмет көлемі турасында, қызметті жеткізуші турасында, олардың жұмысына берілген баға, әлеуметтік қызметкерлердің еңбек өтілі мен біліктілігі және әлеуметтік мекеменің атқарған жұмыс нәтижесі мен шығыны туралы бар ақпарат енгізіледі.

Әлеуметтік қызмет көрсетудың бірыңғай ақпараттық жүйесі орталық және жергілікті мекемелердің ақпараттық жүйелерімен біріктірілетін болады. 

Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін әрі қарай жаңғырту тұжырымдамасы ағымдағы жылдың 22 қыркүйек күні Астана қаласында өтетін Әлеуметтік қызметкерлер форумында талқыланады.

Форумның мақсаты халықты әлеуметтік қорғау саласында жинақталған тәжірибені қорытындылау және саладағы басты назар аударатын жайттар мен әлеуметтік қызметкерлердің қоғамға қосып жатқан үлесін баяндау болып табылады.

Форумға, Ұлыбритания, Сербия, Хорватия, Чехия, Ресей, Грузия және де өзге елдердің сарапшыларын қосқанда, 600-ге жуық қатысушы жиналады. Шараға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламенті, орталық және жергілікті атқарушы органдар, білім беру орындары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысады.

Форумда әлеуметтік саясатты жүзеге асырудағы түрме, денсаулық сақтау саласының жаңалықтары, ведомствоаралық және сектораралық салалардың өзара қарым-қатынасты жүзеге асыру жайы талқыланады деп күтілуде.

Әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы форумының күнтәртібінде әлеуметтік саладағы менеджмент, әлеуметтік сала қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру, арнаулы әлеуметтік қызметтер саласына коммерциялық емес ұйымдардың қатысуын кеңейту, еріктілер қозғалысы мен қайырылымдылық бастамаларын қолдау сияқты өзекті тақырыптар қарастырылған.

Форум аясында бесінші мерейтойлық «Қазақстанда жүзеге асып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмесі өтеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық аймағында үздік әлеуметтік жобаларды іріктеу аяқталды. Өңірлерден келіп түскен 155 өтініштен биыл 20 жоба үздік деп танылды. Олардың барлығы Астанада өтетін Республикалық көрмеде таныстырылады.

Көрме жұмысына халықты әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер саласына қатысы бар үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мүгедектер бірлестіктері, жеке тұлғалар қатысады.

Аталған шараның мақсаты – қиындыққа тап болған азаматтардың мәселелеріне қоғам назарын аудару.

Жалпы соңғы 5 жылда Үздік әлеуметтік жобалар байқауына 650 өтініш қабылданып, 114 әлеуметтік жоба жеңімпаз деп танылды.

Тиісті уақыт аралығында байқауға қатысушылар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен қаражат түрінде қолдау тапты. Нәтижесінде, өңірлердегі қиын жағдайға тап болған үш жүз мыңнан астам азамат дер кезінде көмек алды.

«Біз мұны жақсы нәтиже деп танып, барша отандастырымызды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сайтындағы үздік әлеуметтік жобаларға белсенді түрде дауыс беруге шақырамыз», - деп түйіндеді Еңбекмині өкілдері.

8 қыркүйек, 2017 - 16:52 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
ҚР әлеуметтік қызметкерлерінің форумы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші