You are here

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік мәселелер туралы әңгімеледі

С.Жақыпова-брифинг

Светлана Жақыпованың айтуынша, Үкіметтің әлеуметтік сала бойынша жүргізіп жатқан жұмысы мемлекет көмегін алушы барлық тараптар үшін міндеттер ауқымын жүзеге асыруда кешенді әрі жүйелі көзқарасты қажет етеді.

"Мәселен, бүгінде екі миллион қазақстандық зейнеткер өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен зейнетақы алып үлгерді. Нәтижесінде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері 14 466 теңгені, ең төменгі зейнетақы 31 245 теңгені құрады.

Келесі жылы ынтымақты зейнетақыны болжамды инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғары көтеру жоспарлануда.

Сонымен бірге, ең төменгі күнкөріс деңгейі құрылымын қайта қарастыру мен оны келесі жылы 16 пайызға өсірумен қатар, мүгедектік пен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша да жәрдемақы мөлшері көбейтілетін болады. Бұл аталған жәрдемақы түрлерін алушы 570 мың адамға қатысты дүние.

Жекелеген азаматтар санатына жәрдемақыны өсіруден бөлек, әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғыртуды және де көбінесе есімдері жария айтыла қоймайтын, өмірінде қиын жағдайға ұшыраған жандармен жан-жақты жұмыс істеуді жөн көріп отырмыз. Басымдық оларға сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге беріледі», - деді вице-министр.     

Зейнетақы жүйесінің жаңғыруы  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндіру тұрғысында белсенді жұмыс атқаруда.

Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнет жасына жеткендерге бәріне бірдей еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуды ескерусіз тағайындалады. Келесі жылдан базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтіліне қарай берілетіні көзделуде. Осы орайда 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарының түсу аралығы ғана есептілініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынатыны болжануда.     

Мұндай әдіс, 30-40 жыл еңбек өтілі болса да, төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділдік орнататыны күтілуде. 1998 жылға дейін және одан кейін де 33 жылдан асатын өтілі бар тұлғаларға, базалық зейнетақы ағымдағы көлемімен салыстырғанда екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 14 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыға қоса, 28 мың теңгені иемденетін болады. 

Жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек

2018 жылдың 1 қаңтарынан, Елбасының Ұлт жоспары аясындағы тапсырмасына сай, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті көрсетудің жаңа сипаты енгізіледі.

Бұл тұста ең төменгі күнкөріс деңгейінен жан басына орташа шаққанда кірісі 50 пайыздан төмен, яғни аз қамтылған отбасылар (тұлғалар) 2018 жылдың 1 қаңтарынан сомасы көбейген жәрдемақы алатыны жоспарлануда. Осы орайда бұл жәрдемақы жұмыс істемейтін еңбекке жарамды отбасы мүшелерінің мемлекет ұсынған жұмыспен қамту шараларына қатысу жағдайында төленетін болады. 

Осылайша мұқтаж отбасыларға әлеуметтік қолдаудың 2 пакеті қамтамасыз етіледі – бұл ақшалай жәрдемақы және жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу талабымен мемлекет есебінен оқу, шағын несие алу, еңбек ресурстары тапшы өңірлерге қоныс аудару мүмкіндіктерінен тұратын қызметтер кешені.

Жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекке дайындық шеңберінде, Қазақстанда міне төртінші жыл «Өрлеу» жобасы іске асырылуда. Қанатқақты өңірлерде жоба өз тиімділігін дәлелдегендіктен, бүгінде онымен барлық облыстар қамтылуда.

Барлығы бюджетте «Өрлеу» жобасын жүзеге асыруға биыл 7,1 млрд теңге қарастырылған. Жылдың алғашқы жартысында жобаға қатысқан еңбекке жарамды 107 мың адамның 95%-ы жұмыспен қамтылды. Жобаға қатысушылардың жан басына шаққандағы орташа табысы 4949 теңгеден 15 325 теңгеге өсті.

Осы арқылы жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу арқылы, әлеуметтік жәрдемді алушылардың жауапкершілігі күшейіп, жұмыс іздеу мен өзін қамтудағы ынтасы жоғарыламақ. Сондай-ақ, аз қамтылған азаматтардың ел экономикасы мен қоғам өмірін жақсартуға атсалысуы ширамақ. Нәтижесінде бұның бәрі азаматтардың тұрмыс-тіршілігін көркейтуге септігін тигізетіні көзделуде.

Әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту

Әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту 2009 жылдан бері жүргізіліп келеді. Реформа жемісі төмендегідей кейпін аңғартуда:

- азаматтардың қызмет көрсету ұйымын таңдау мүмкіндігі. Бұған дейін адамдарды 100-600 адам өмір сүретін интернат-үйлерге жіберетін болса, қазір аталған қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар көрсетуде. Бүгінде 106 үкіметтік емес ұйым 6 мыңнан астам адамды қамтуда. Бұл қадамсыз мемлекет тағы 60 жаңа интернат-үй салуға мәжбүр болар еді; 

- көптеген ата-аналар балаларын отбасында сақтап қалуға ниетті болғандықтан, мамандандырылған күндізгі бөлімшелер ашылды. Бүгінде бұрындары интернат-үйлерде болған алты жүзден астам бала отбасыларына оралып, қызметті күндізгі бөлімшелерді алуда;

- арнаулы әлеуметтік қызметтердің тегін көлемін алу құқығы жоқ азаматтар үшін қоса қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылуда.

Қазіргі сәтте сұраныс күшейгендіктен, адам саудасы мен зорлық-зомбылық құрбандары, белгілі бір тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғалар сынды санаттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер ауқымын кеңейту қажеттілігі туындады.

Осыған байланысты, «Болашаққа көзқарас: Қоғамдық сананы жаңғыруы» бағдарламалық мақаласы аясында, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі бағыттарды қамтитын жаңа Әлеуметтік қызметтер жүйесін әрі қарай дамыту тұжырымдамасын әзірледі:

- ауылдағы қызметтер қолжетімділігін қамтамасыз ету. Себебі бүгінде үкіметтік емес ұйымдар негізінен қалаларда жұмыс істеуде. Бұл түйткілді тарқату үшін жеке секторды тарту көзделуде.

- жеке секторды тартуға қатысты қызметтер тарифі мен стандарттарды қайта қарастыру. Бұл қағидаттар мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелермен бірге, үкіметтік емес ұйымдардың нақты шығындарын ескере отырып жасалмақ.

Нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі арқасында, Еңбекмині көрсетілетін қызметтердің сапасы көтерілетінін болжауда. Осыған қатысты жаңа стандарттар жасалып, кадрлар даярлау мен қайта даярлау жүйесі қайта сүзгіден өтпек. Бұдан тыс, қаржыландыру тетігінің өзгеруі арқасында, еңбекақыны ұлғайту мәселесі көтерілуде.

Еңбек министрлігі сарапшыларының талдауынша, алдағы уақытта әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңаша ұйымдастырылуы мемлекеттің, азаматтың және отбасының ынтымақтаса әрекеттесуіне арқа сүйемек.

11 тамыз, 2017 - 19:12 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші