You are here

Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері 1 миллионнан астам қазақ атажұртына қоныс аударды

көші-қон

Этникалық қазақтар үшін келу және және азаматтық алу рәсімдерінің оңайлатылуына байланысты, өткен жылы, елімізге 16 мыңнан астам оралман отбасы көшіп келді. Бұл 2015 жылы Отанына оралғандарға қарағанда 8 есеге артық көрсеткіш.

Дегенмен, келген қандастарымыздың басым бөлігі тұрғылықты жері ретінде Астана мен Алматы қалаларын және оңтүстік өңірлерді таңдағандықтан, бұл ретте солтүстік өңірлерге қоныстанудың теріс сальдосы ұлғайды. 

Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, 1991 жылдан 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін 1 миллионнан астам этникалық қазақ тарихи атамекеніне оралып, оралман мәртебесін алды. 2016 жылы - 16,4 мың отбасы (33 754 адам), 2017 жылдың 1 тоқсанында - 2,6 мың отбасы (4,9 мың адам).

“Осы орайда 2016 жылы елімізге қоныс аударған тұлғалардың еңбекке жарамды үлесі 56 пайызды құраса, 18 жасқа дейінгі балалар - 39% және зейнеткерлер - 47% болды. 2017 жылы елге оралғандардың 26,4%-ын 18 жасқа дейінгі балалар, 67,3%-ын еңбекке жарамды жандар, 6,3%-ын зейнеткерлер иеленді”, - деп атап өтті министр.

Көш бет түзеген негізгі елдердің ішінде былтыр және биыл Өзбекстан (тиісінше 2016 жылы 62% және 2017 жылы 54,5%), Қытай ( 2016 жылы 14% және  2017 жылы 33,4%), Моңғолия (2016 жылы 9% және  2017 жылы 2,1%), Түркіменстан ( 2016 жылы 6,7% және 2017 жылы 4,6%) мемлекеттері ерекше көзге түседі.

2016 жылы, қоныс аударушыларды қабылдауда 7 өңір (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) және көштің қайнар көзі ретінде 4 өңір (Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары) белгіленген. Жоғарыда келтірілген өңірлерге қоныс аударуды ұйғарған отандастарымызға көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін қаржы бөлінеді. 2017 жылы 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу көзделген.

Биылғы 3-5 сәуір аралығы Оңтүстік Қазақстан облысының екі ауданы мен Шымкент қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, онда Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының 636 жұмыс берушісі өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару, ауылшаруашылық, құрылыс салаларынан 1785 жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңке қорытындысында 672 отбасы еліміздің теріскей аймақтарына қоныс аударуға шешім қабылдады. Осымен бірге еңбек ресурстарына сұранысты қанағаттандыру мен еңбек нарығының мобильділігін арттыру мәселелері бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Үстіміздегі жылы Министрлік тарапынан 2017-2021 жылдарға арналған Көші-қон саясаты тұжырымдамасын жасау қолға алынып, онда көші-қон үдерісін тиімді түрде реттеу, орнықты демографиялық өркендеу мен елдегі білікті жұмыс күшіне сұранысты қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздікті нығайту мәселелері көрініс табатын болады.

16 маусым, 2017 - 16:18 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші