You are here

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қоғамдық кеңес алдында есеп берді

қоғамдық кеңес

Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Министрлік жанындағы Қоғамдық кеңестің есеп беру кездесуі өтіп, оның барысында Тамара Дүйсенова 2016 жылы атқарылған жұмыс жайынан баяндап, министрлік қызметін әрі қарайғы жаңғырту жолындағы мақсат-міндеттер туралы әңгімеледі.

2016 жылдың қорытындысында Жұмыспен қамту бағдарламасына 198 мыңнан астам қазақстандық қатысып, оның 170 мыңдайы тұрақты жұмысқа орналастырылса, 28 мыңы уақытша еңбекпен қамтылды. 7,3 мың адам кәсіби оқуды меңгеріп, 10 мың адам өз ісін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алды. Осы ретте қосымша 8,8 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды. 5,7 мың іске асырылған инфрақұрылымдық жоба кезінде 41 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, экономикалық әлеуеті жоғары елдімекендерге 1 мыңнан артық адам көшірілді. 

Жергілікті жерлерде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің Кешенді жоспары жалғасын тауып, соның арқасында 2016 жылы 474 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды. Бұл тұста жартысынан көбі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды (255 мың адам).

"Болашақ бағындырар басты белестердің бірі - Қазақстан экономикасын білікті әрі бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету болып саналады. Бұл стратегиялық қадамдар аясындағы негізгі бағыттардың қатарында жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған азаматтарға тегін кәсіп алуға мүмкіндік туғызатын оқыту мәселесіне ерекше назар аударылады. Осылайша, біз, ұзақ мерзімде орнықты даму, қысқа уақыт аралығында қазірдің өзінде жұмыссыздық деңгейін қысқарту сынды бірнеше түйткілдің күрмеуін тарқатамыз", - деп атап өтті ведомство басшысы.  

Осы орайда, ағымдағы 2017 жылдың қыркүйек айында 21 мың қазақстандық азамат, шәкіртақы төлеу мен біржолғы ыстық тамақпен қамтуды қосқанда, 2,5 жылға колледждердегі тегін оқуға жіберілмек. Сондай-ақ, қала сыртынан қатынайтындарға жол мен тұру шығынын жабуға да қаржылай көмек ұсынылатыны жоспарланып отыр. Тағы 26 мың адам қысқа мерзімдегі курстарда көкжиегін кеңейтпек. 5 өңірде пилоттық тәртіпте (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстары) шалғай елдімекендерде тұрып жатқан жандарды оқыту үшін мобильді оқу орталықтары қолданылмақ.

Оқу шараларынан тыс, Еңбек мині өзін жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтарға шағын несиелеуді қолжетімді етіп, кәсіпкерлік негіздеріне үйретпек. Сонымен қатар, жекелеген азаматтар санатын жұмысқа орналастыруда атаулы қолдау жағы күшейіп, еңбек ресурстарының ұтқырлығы көтерілмек және еңбек нарығының инфрақұрылымы кең қанат жаятыны күтілуде.

Бүгінгі таңда уақытша мемлекеттік қолдаудың саналуан сипаттарымен 77 мың адам қамтылған. Мәселен Қазақстанның солтүстік облыстарына қоныс аударған 672 отбасыға (2019 адам) еңбек ресурстарының ұтымдылығын арттыру бағдарламасы бойынша көш, баспана жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу мақсаттарына субсидия қарастырылған.

Осымен бірге, еңбек нарығын жаңғырту шеңберінде, министрлік тарапы барлық бос жұмыс орындары мен елдімекендерді қамтитын электрондық Еңбек биржасы түріндегі біртұтас онлайн-алаң құруда.

Электрондық Еңбек биржасы бірыңғай әлеуметтік-еңбек саласы жүйесін, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін, жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерінің, интернет порталдардың деректер қорын өзіне шоғырландырмақ. Биылғы күз айларында қызмет ете бастайтын биржаның өңірлердегі барлық жұмыспен қамту орталықтарын байланыстыру арқылы өрісі ұзара түспек.

Есептік кездесуде әлеуметтік қызмет көрсету мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Бұл ретте, Еңбек минінің тындырымды әрекеттерінің арқасында, 6 мыңнан астам адам арнаулы әлеуметтік қызметке ие болып, 626 бала интернат-үйлерден отбасыларына оралды және тиісті ерекше балалардың аналары еңбекпен қамтылды. 

Министрлік мұқтаж жандардың тұратын жерінде қызметтердің қасынан табылуын ойластыруда. Мысалға, елімізде, әлеуметтік қызмет көрсету үйлерін қолданыстағы медициналық-әлеуметтік ұйымдардың филиалдары немесе Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында даярланатын кеңесшілер мен әлеуметтік қызметкерлер ашатындай сипатта азаматтардың тұратын жерлерінде салу межеленуде. Аталмыш жобаны жүзеге асырудың жемісінде әлеуметтік жәрдемге зәру және ауылда өмір сүретін адамдардың тыныс-тіршілігі айтарлықтай жақсармақ. Бұдан бөлек, зейнеталды жастағы әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға серпін берілмек.

Өткен жыл қорытындысы мен үстіміздегі жылға жоспарларға қаныққан, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева төрағалық еткен Қоғамдық кеңес мүшелері Министр баяндамасына қолдау танытты.

14 маусым, 2017 - 11:00 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
ҚР әлеуметтік қызметкерлерінің форумы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші