You are here

ҚР Парламенті Мәжілісі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерді қабылдады

Мәжіліс

Бүгін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында, депутаттар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында әзірленген ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын мақұлдады.

Аталған заң жобасында:

    - 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақылардың мөлшерін 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттыру;

   - 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшерін 20%-ға өсіру;

       - жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы жарна төлеуін енгізу қарастырылған мерзімді 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыру көзделген.
  «Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, 2017-2018 жылдар аралығы, республикалық бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшері біртіндеп көтерілетін болады. Ынтымақты зейнетақы жыл басынан 9%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 11%-ға артатын болады. Базалық зейнетақы жыл басынан 7%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 13%-ға артады. Нәтижесінде 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшерінің 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін жоғарылауын қамтамасыз етеміз. Бұл өсім барлық зейнеткерлерді немесе 2 миллионнан астам адамды қамтиды», - деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Жоғарыда келтірілген өзгерістерді есепке ала отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшері, 2016 жылдағы 37 789 теңгеден (базалық зейнетақыны есептегенде) 2017 жылдың 1 шілдесінен 45 711 теңгеге дейін көтеріледі. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін жоғарылайды.  

Бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 2017 жылдың 1 қаңтарынан 7%-ға артқан болса, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 20%-ға ұлғаяды. Нәтижесінде, 2016 жылмен салыстырғанда, 2017 жылы өсім 27%-ды құрайды.

«Егер 2016 жылы бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 66 621 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 71 270 теңгені, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 86 222 теңгені құрайтын болады. Бала туғанға байланысты төленетін мемлекеттік жәрдемақы төртінші және одан кейінгі балаларға ағымдағы жылы 111 035 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 118 мың теңгеге дейін жоғарылады, ал 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 142 947 теңгеге тең болады», - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.

Жалпы, зейнетақылар мен аталған жәрдемақы түрін ұлғайтуға, республикалық бюджеттен 81,6 млрд теңге қарастырылған.

Заң жобасында 11 ҚР заңына түзету енгізу көзделген.

Құжатты қабылдаған жағдайда құқықтық және әлеуметтік-экономикалық теріс салдарларға әкеп соқтырмайды деп болжануда.

17 мамыр, 2017 - 11:43 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Министр Т.Дүйсенованың халық алдында есеп беру кездесуі 21.06.2017 ж.
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Әр адамға қамқорлық
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші