You are here

2017 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда электрондық еңбек биржасы іске қосылады

Нұрымбетов

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі «Электрондық еңбек биржасын құру мен жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтығандарды есепке алудың жаңа құралдарын енгізу» тақырыбындағы брифинг барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.

Ол өз сөзінің басында, елімізде, 1 наурыздан бері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғанын еске салды. Мұндағы басты межеленген міндеттер: азаматтардың өздігімен жұмысқа орналаса алу көкжиегін кеңейту үшін сұранысқа ие кәсіптерге жаппай оқыту, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау және де жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау.

Бағдарламаны жүзеге асыру сәтінен бастап, оған қатысқан 80 мыңнан астам адамның 31 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылып, 20 мыңнан астам жас маман әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесіне жіберілсе, 29 мыңға жуық қазақстандық қоғамдық жұмыстарға жолданған. 91 арнайы жобаны жүзеге асыру аясында қысқа мерзімді курстарда кадрлар даярлау бастау алып, жақын арада 5 облыста пилоттық тәртіпте мобильді оқу орталықтары қатарға қосылмақ. Жеке іс ашуға немесе бизнес өрісін ұзартуға 260 несие берілген.

«Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған тапсырмаларын орындау мақсатында, азаматтардың жұмыс табуы мен жұмыс берушілердің білікті қызметкерлер іздеу үдерісін жеңілдету үшін электрондық еңбек биржасын құруға кірістік. Бұл дегеніңіз, жұмыспен қамту орталықтары (әрі қарай – ЖҚО), ізденушілер, кәсіпорындар, түрлі меншік сипатындағы ұйымдар, персонал таңдаумен айналысатын рекрутинг компаниялары сынды еңбек нарығындағы барлық мүдделі тараптардан жиналатын тегін әрі біртұтас ақпараттар базасы жасалады. Осы арқылы, аталған онлайн-платформаны дүниеге әкелудің арқасында, дәстүрлі еңбек қатынасы бос жұмыс орындары мен персоналды дербес таңдау бағытына ауысады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, электрондық еңбек биржасы, қазір істеп тұрған enbek.kz порталының аясында жасақталады. Бүгінгі таңда қолданыстағы ғаламтор ресурсын жетілдіруге ден қойған Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметкерлері онлайн-алаңқайға тың тетіктер қосуға күш салуда. Анығырақ тоқталсақ, электрондық еңбек нарығында, белгілі бір мүдделі тұлғалар санатына әкімшілік кедергілерді азайту мен есептілік жүйесін автоматтандыру мақсатында жеке кабинеттер құру мүмкіндігі қарастырылуда.     

Сонымен қатар, электрондық еңбек биржасы, ізденушілер мен жұмысшылар жайлы толық ақпарат алу үшін мемлекеттік органдар деректері қорымен ықпалдастырылмақ.

«Электрондық еңбек биржасын 2017 жылдың қыркүйек айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, оны құру арқылы, біріншіден, бұған дейін ізденушілер мен бос жұмыс орындары туралы ғаламтордан іздемеген жұмыс берушілер мен жұмысшыларды, сондай-ақ, жеке жұмыспен қамту агенттіктерін ортақ арнада тоғыстыруға жол ашылады. Екіншіден, ЖҚО, іс жүзінде НR-қызмет, яғни насихат міндетін тегін атқармақ. Үшіншіден, электрондық биржа, жұмыс іздеу мен оны ұсынудың ең жеңіл әрі үйреншікті тәсіліне айналуы тиіс», - деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.

Вице-министр, электрондық еңбек биржасын құрумен қатар, жұмыспен қамту орталықтарын жаңғыртуда белсенді іс-қимылдар тындырылуда екенін жеткізді.

«Қызмет көрсетудің жаңа стандарттары түзіліп, жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік мекеме сипатынан шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып өзгеретіні қарастырылуда. Бұл арқылы, жекеменшік саладағыдай, орталық қызметкерлерінің еңбегі түпкі нәтижесіне қарай төленетін болады. Сонымен бірге, жұмыспен қамту орталықтары жаңа компьютерлермен жабдықталып, министрліктің барлық ақпараттық жүйесіне және эталон базаларына қолжетімділікті қамтамасыз ететін бағдарламалық кешендер орнатылады. Көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту мақсатында, үстіміздегі жылы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында электрондық кезек енгізуді көздеп отырмыз. Жыл аяғына дейін электрондық кезек еліміздің барлық облыс орталықтарында енгізілетін болады.

Азаматтардың жұмыспен қамту орталықтарының қызметіне қолжетімділігін арттыру мақсатында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен және ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен, 237 Халыққа қызмет көрсету орталығында ЖҚО мамандарына 272 жұмыс орны ұйымдастырылды», - деп мәлімдеді Біржан Нұрымбетов.

ҚР ЕХӘҚМ азаматтарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуде енгізіп жатқан тағы бір инновациялық құрал, елдімекендегі нақты халық санын анықтауды; ішкі және сыртқы көші-қон мониторингін жүргізуді; әлеуметтік әлсіз санатқа жататын және жұмыссыз, өзін жұмыспен қамтыған азаматтар есебін жасауды; барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелер мәліметін жандандыруды; тұрғындар табысын жаппай қағазға түсіруді қамтитын «е-Халық» жүйесі болуда.

«Бұл жүйені, бірінші кезекте, еңбекпен қамту мәселелерін шешу үшін енгізіп отырмыз. Онда жұмысы бар, әлеуметтік төлемдер алатын, жұмыссыз немесе өзін жұмыспен қамтыған тұлғалардың барлығы бойынша мағлұмат болады. Екіншіден, бұл жүйе, ауылда тұратын қазақстандықтарға жұмыспен қамту орталығына бармай-ақ, тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыссыз ретінде әкімдікте тіркелуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сол жерде қандай мемлекеттік қолдау түрлеріне иек артуға болатыны жайлы толық ақпарат ұсынылады», - деді Біржан Нұрымбетов.   

«е-Халық» ­- 2015 жылдың мамыр айында қанатқақты тәртіпте Ақмола облысында, 2016 жылдың қазан айынан Ақтөбе облысында іске қосылған «Ауылдық округ әкімінің автоматтандырылған жұмыс орны» жетілдірілген ақпараттық жүйесі. 

21 сәуір, 2017 - 16:02 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
үздік әлеуметтік жобалар дауыс беру
ҚР әлеуметтік қызметкерлерінің форумы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші