You are here

Қазақстанда жаңа Ұлттық қызметтер жіктеуіші жасалды

алқа отырысында

Бұл туралы, бүгін, Мемлекет басшысының «Болашаққа көзқарас: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мәселелеріне арналған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кезектен тыс алқа отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады. 

Шараға ҚР ЕХӘҚМ басшылары, министрліктегі Қоғамдық кеңес мүшелері, орталық мемлекеттік органдар, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, кәсіподақ ұйымдары өкілдері, ҚР ЕХӘҚМ құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық мекемелер жетекшілері және басқа да мүдделі тараптар қатысты.                    

«Елбасы өзінің мақаласында негізгі алты бағыт бойынша Қазақстанның үшінші жаңғыру кезеңіне арқау болатын басты қадамдарды атап көрсетті. Бұл тұста, біз, әлеуметтік-еңбек саласын әрі қарайғы дамытудың маңыздылығы мен аса қажеттілігін тағы бір мәрте ұғынып отырмыз. Мәселен, «Бәсекеге қабілеттілік» аталатын алғашқы бағытта ұлт табысының негізгі діңгегі ретінде еңбек ресурстарының сапасына ерекше назар аударылған. Бүгінде мамандарымыз жіті жұмыс істеп жатқан еңбек ресурстарының ұтымдылығын қолдау мәселесі «Прагматизм» аталатын екінші бағытта көрініс тапқан. Мемлекет басшысы дәл нұсқағандай, нақты мақсаттарға қол жеткізуге арқа сүйеген, білім мен салауатты өмір салтына, кәсіби табысқа ден қойған оңтайлы өмір сүру қағидаты – осы тармақты қамтитыны анық. Аталған белестерден ой түйген райда, бүгін біздің министрлік әзірлеген әрі Ұлттық біліктілік жүйесінің тұтас келбетін түзуге қажет Ұлттық қызметтер жіктеуішін талқыламақпыз», - деп байыптады жиынды ашқан ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.   

Жиналғандарға жаңа қызметтер жіктеуіші жайлы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов айтып берді. Сөз басында, ол, Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында технологиялық саладағы төңкеріс талпыныстары жақын арадағы онжылдықтар көлемінде қазіргі қолданыстағы кәсіптердің тең жартысының жоғалуына әкеп соғатынын ескерткенін еске салды. Осы орайда, білімі жоғары дәрежедегі және кәсібін ауыстыруда қатты қиналмайтын сауатты адамдар ғана табыс кілтін қолына ұстай алмақ. 

«Бүкіл әлемде бәсекеге қабілетті азаматтар легін қалыптастыру үшін еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің тиімді түрде өзара әрекеттесуі Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу арқылы жүргізілуде. Қазақстанда бұл іс 2012 жылдан бері қолға алынып келеді. Тиісті аралықта мемлекеттік органдар 400-ден астам кәсіби стандарт жасақтады. ҚР ЕХӘҚМ «Еңбек ресурстарын дамыту мен жұмыс орындарын ынталандыру» жобасын жүзеге асыру аясында, 2017-2020 жылдар аралығы, тағы 550 кәсіби стандарт әзірленіп бекітіледі. Бұлардың негізінде білім беру жүйесіне оқу бағдарламалары дайындалатын болады», - деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзіне қарағанда, болашақта білім беру, жұмыспен қамту, көші-қон және шетелдік жұмыс күшін тарту саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін еңбек нарығын назарда ұстап, жүйелі талдауға мүмкіндік беретін қызметтер жіктеуіші Ұлттық біліктілік жүйесінің ажырамас бөлігі есептеледі. Жіктеуіш нақты қызмет түрлері шегінде кадрларға мұқтаждықты болжау жүйесін әзірлеуге ықпал етіп, бұл өз кезегінде нарықтағы нақты сұраныс шамасына қарай білім беру тапсырысын қалыптастыруға жол ашпақ. Сонымен бірге, тиісті қадам жұмыспен қызмет қамту орталықтарына жұмыс берушілер мен іздеушілерді ортақ арнада түйістіруге, кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізуге қажет болмақ.  

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 12 жыл бұрын жасалған қызметтер жіктеуіші кәдеге жарап келеді. Сәйкесінше оны қолдану кезінде белгілі бір қиындықтар туындауда. Бәрінен бұрын, біліктіліктің 4 сатысынан тұратын және бір қызметтер тобында түрлі кәсіптер біріктірілген аталмыш құжат жеткілікті деңгейде нақтыланбаған. Мысалы, мұнай, газ-конденсат шығару бойынша шебер мен бас металлург міндеттері мүлде саналуан болғанымен, бір топқа шоғырландырылған. Қазіргі жіктеуіш мазмұны, статистикалық ақпарат жинауда нақтылаудың жетіспеуінен еңбек нарығындағы жағдайды толыққанды зерделеуге, кадрларға сұраныс шамасын болжауды сапалы жүргізуге және тиісінше мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға мұрсат бермейді. Осыған байланысты, дүниежүзілік үздік тәжірибе мен елдегі еңбек нарығының ағымдағы ахуалын салмақтаған райда, іс жүзіндегі жіктеуішті қайта қарау жайлы шешім қабылданды», - деп атап өтті вице-министр.   

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, ҚР ЕХӘҚМ мамандары жаңа жіктеуішті жасау барысында әрқилы отандық кәсіпорындардан 2,5 мыңнан астам ұсынысты жинақтап, Қазақстанның үшінші жаңғыруы мен төртінші өнеркәсіптік революцияны ескерген қалыпта барлық кәсіптерді сүзгіден өткізген және де өндірісті автоматтандыруға қатысты сұранысқа ие болған робототехника жөніндегі техника маманы, өнеркәсіптік роботтарға қызмет көрсету бойынша техник-бағдарламашы, инженер-мехатроник сынды өзекті кәсіптерді қатарға қосқан.

«Жаңа жіктеуіштің бұған дейінгі нұсқасына қарағандағы басты айырмашылығы сонда, 5 жіктеуіш деңгейін қосудың арқасында қызметтерді 426-дан 12 мыңнан астам мүмкін қызметтердің (кәсіптер мен лауазымдар) басын біріктірген 1313 топқа дейін кеңейтіп, нақтыладық. Бұл арқылы қызмет түрлерін қамту бірнеше есеге ұлғайды. Егер осыған дейін елімізде шартты түрде 200 дәрігер керек екенін келтіргенімен, мамандандырылған салаларын айта алмай мүдірсек, бүгінде бұл кардиолог, хирург тәрізді дәрігерлер екенін айқын білеміз, яғни кадрларға сұраныс көлемін болжауды әлдеқайда жақсартпақпыз. Алайда бұл мәселеде ҚР Ұлттық экономика министрлігіндегі Статистика комитеті қажетті нақтыланған деңгейде деректерді жинауды қамтамасыз етсе абзал болатыны аян», - деді вице-министр.

Біржан Нұрымбетов, қызметтер жіктеуішімен қатар, еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің тиімді түрде өзара ынтымақтасуының негізгі құралдарына кәсіби стандарттардың да кіретінін келтірді. Өйткені салалық мекемелер нарықтағы зәрулікті елеместен, өз кәсіби стандарттарын орынсыз ұсынатын жайттар жолығуда. Сондықтан халықаралық тәжірибедегідей, кәсіби стандарттарды қызметтер жіктеуішіне сай жасаған жөн.

«Бұл жерде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлі зор. Сәйкес үдерістің негізгі қатысушысы ретінде, ҰКП, қай қызметтер бойынша кәсіби стандарттар қажет, қайсында артық екендігін анықтауы қажет. Біз, өз кезегінде, кәсіби стандарттар қажет етпейтін қызметтер тізімін жасақтап (мысалға біліктілігі жоқ жұмысшылар), ұлттық қызметтер жіктеуішінің біліктілік анықтамаларымен сәйкестілігі жағын қарастыратын боламыз. Нәтижесінде, ҰКП-мен бірлесе отырып, еңбек нарығындағы салалардың даму келешегі мен қызметтердің сұранысқа сай екендігін ескерген жағдайда кәсіби стандарттарды жасаудағы басымдықтарды айқындаймыз. 

Бұдан тыс, Білім және ғылым министрлігін жұмылдырған сипатта, қызметтер мен мамандықтар арасындағы ауыспалы мәндер кестесін жасауды қолға алуды дұрыс болады деп ойлаймыз. Қызметтер жіктеуішін бекіткен соң, деректерді жаңа жіктеуішке сай жинау үшін бірінші кезекте Статистика комитетіне көңіл бөле отырып, халықаралық стандарттар мен ескі және жаңа жіктеуіштер арасындағы ауыспалы мәндер кестесін жасап шықпақпыз», - деп тұжырымдады Біржан Нұрымбетов.

Сөз соңын, вице-министр, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық құзырлы тараптардың өзара келіскен райда іс-қимылға кіріскені абзал екенін айтып түйіндеді.

20 сәуір, 2017 - 11:06 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
үздік әлеуметтік жобалар дауыс беру
ҚР әлеуметтік қызметкерлерінің форумы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші