You are here

Тамара Дүйсенова Маңғыстау облысы басшылығы мен активіне әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі жаңашылдықтар туралы айтып берді

семинар

Бүгін, Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру, алдағы зейнетақылар мен жәрдемақыларды өсіру және атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілін енгізу мәселелері жөнінде семинар-кеңес өткізді.

       Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, қалалар мен аудандар және ауылдық округтер әкімдері, «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар өкілдері, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтары басшылары, тағы да басқа тараптар қатысты.

       ҚР ЕХӘҚМ басшысы, өз сөзінің басында, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде сұранысқа ие кәсіптерге және кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту және дағдыларды үйрету, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту көзделетін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын (әрі қарай – бағдарлама) жүзеге асыру қолға алынғанын еске салды.

        Бағдарламаның алғашқы бағыты аясында 2,5 жыл оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіби-техникалық білім беру ұйымдастырылып, бұл жерде бәрінен бұрын, мектепті аяқтаған соң оқу орнына түспеген жастар назарға алынбақ. Биыл техникалық және кәсіби оқуға 21 мыңнан астам жас қазақстандық ілігеді деп күтілуде.        

       «Мемлекет, оқуға кететін шығындарды толық жауып, шәкіртақы төлейтін болады. Жол мен тұру қаражаты да өтеліп, техникалық және кәсіби білім беру нысандарында оқитындарға бір реттік ыстық ас беріледі», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

       Сонымен қатар, колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары аясында кәсіби оқытуға арналған қысқа мерзімді курстар өткізілмек (1-ден 6 айға дейін).

       Алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін, мобильді оқу орталықтары ұйымдастырылмақ: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында арнайы дәрісханалары бар жылжымалы кешендер түрінде; шалғай ауылдық жерлердегі аз сыйымдылықтағы мектептер ауқымында; жұмыс берушілер мүмкіндігін пайдалана отырып.

       «Назар аударарлық жайт, егер бұрын тек жұмыс берушілердің өтінімдері арқылы оқытып келсек, енді тәжірибесі мол өз ісінің шеберлерін оқу үдерісіне тарта отырып, сұранысқа ие кәсіптерге оқытатын боламыз. Үлес салмағы келесідей түзіледі: оқу уақытының 30%-ы теория, 70% - тәжірибелік сабақтар», - деді ҚР ЕХӘҚМ басшысы. 

       Тамара Дүйсенова, Бағдарлама қатысушыларына несие, қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларды Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетінін хабарлады. Несие сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өскен (18 млн теңгеге дейін) және мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін). Жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Осымен бірге, несие беру кезінде Аграрлық несиелік корпорациясы арқылы несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында.

       Бағдарламаның үшінші бағытында жекелеген азаматтар санатын жұмысқа орналастыруда нақты қолдауды күшейту, еңбек ресурстарын жұмылдыруды көтеру және еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту мақсат тұтылуда.    

       «Біз, жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар тәрізді жастар мен әйелдер және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында сұранысқа ие құралдарды қолдануды жалғастыратын боламыз. Еңбек ресурстарын жұмылдыруды арттыру мақсатында, ҚР Үкіметі анықтаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарды мемлекеттік қолдау межеленуде. Анығырақ тоқталсақ, оларға, жол мен жүк тасу шығындарын өтеуге арналған және бастапқы бейімдеу қаражаты беріледі. Биыл 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу жоспарлануда», - деп ақпараттандырды министр.

        Осы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға арналған бюджет қаржысы 85,3 млрд теңгені құраса, оның ішінде 2,2 млрд теңге Маңғыстау облысына бөлінген. Өңірде бағдарламаны жүзеге асыру аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 5,6 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

       «Жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. Біздің министрлік, ресми статистика мағлұматтарын арқау ете отырып, ауылдық елдімекендер бойынша осы санатқа жататын адамдар тізімін жасақтады. Сәйкес тізімді барлық өңірге жібердік. Ауылдық елдімекендер әкімдері қысқа уақыт аралығында олардың мәртебесін анықтау жөнінде жұмыс жүргізуі, яғни аталған адамдардың жұмыссыздар немесе өнімсіз жұмыспен қамтылғандар екенін бағамдауы керек. Әр азаматтың мәртебесін анықтау арқылы, жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтығандарды белсенді жұмыспен қамту шараларына тартып, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мемлекет жарна аударатын адамдар санын нақты анықтай аламыз», - деп нығарлады Тамара Дүйсенова.

        Министр, бұдан тыс, алдағы зейнетақылар мен жәрдемақылардың көтерілуі жайлы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

       Оның сөзіне қарағанда, ынтымақты зейнетақы жыл басынан 9%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 11%-ға артатын болады. Базалық зейнетақы жыл басынан 7%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 13%-ға артады. Нәтижесінде 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшерінің 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін жоғарылауы қамтамасыз етіледі.

       «Бұл өсім барлық зейнеткерлерді немесе 2 миллионнан астам адамды қамтиды. Бұл санаттағы 45 мың адамның Маңғыстау облысында тұратынын айта кеткен абзал. Анығырақ тоқталсақ, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 40 950 теңгені құрайтынын ескерсек, 2017 жылдың 1 шілдесінен 45 711 теңгеге дейін көтеріледі. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 60 167 теңгеден (2017 жылдың 1 қаңтарындағы) 2017 жылдың 1 шілдесінен 66 676 теңгеге дейін жоғарылайды», - деді Тамара Дүйсенова.

        Бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 2017 жылдың 1 қаңтарынан 7%-ға артқан болса, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 20%-ға ұлғаймақ. Нәтижесінде, 2016 жылмен салыстырғанда, 2017 жылы өсім 27%-ды құрамақ.

         «Егер 2016 жылы бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 66 621 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 71 270 теңгені, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 86 222 теңгені құрайтын болады. Бала туғанға байланысты төленетін мемлекеттік жәрдемақы төртінші және одан кейінгі балаларға ағымдағы жылы 111 035 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 118 783 теңгеге дейін жоғарылады, ал 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 142 947 теңгеге тең болады», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

        ҚР ЕХӘҚМ басшысы 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің қалай тағайындалатынын да айтып өтуді ұмытпады.

        «Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек (әрі қарай ­ - АӘК) көрсетудің жаңа тәртібі енгізіліп, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен (қазір  40%) отбасылардың әрбір мүшесіне, еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу шартымен берілетін болады. АӘК қолданыстағы үш әлеуметтік төлемнің орнына тағайындалады: көпбалалы отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (АМЖ); 18 жасқа дейінгі балалар арналған мемлекеттік жәрдемақы; табысы аз үй шаруашылықтарына тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек», - деді министр.

       Жаңа форматтағы АӘК шартсыз және шартты ақшалай көмек болып екі түрге бөлінеді.

      Шартсыз ақшалай көмек отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ (мысалы, мүгедектер отбасы немесе егде жастағы зейнеткерлер), немесе жұмыспен қамтудың белсенді шараларына объективті себептер бойынша қатыса алмайтын отбасы құрамында еңбек етуге қабілетті мүшелері бар отбасыларға (мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғыз басты ана) тағайындалады. Осындай отбасылар үшін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу міндетті болып табылмайды.

      Шартты ақшалай көмек отбасы құрамында кем дегенде бір еңбек етуге қабілетті адам бар отбасыларға, әлеуметтік келісімшарт жасау және еңбек етуге қабілетті отбасының барлық мүшелерінің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу шартымен тағайындалатын болады.

      Әлеуметтік келісімшартқа отырған азаматтарға шартты қаржылай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» пилоттық жобасы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа әдістерін сынап көру мақсатында 2014 жылы Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында іске қосылды. 2015 жылғы 1 шілдеден бастап, ұқсас өңірлік пилоттық жобалар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша 38 аудан мен қалада жүргізіле бастады. Осы орайда, 2015 жылы, «Өрлеу» жобасына 20,2 мың адам қатысты. 

      2016 жылы «Өрлеу» жобасына 38,8 мың адам қатысты. Жобаның іске асуы қатысушылардың жан басына шаққандағы табысының 2 есе артуына ықпал етті; еңбекке қабілетті қатысушыларының жалпы санынан 90,5 %-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды; пилоттық аймақтарда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 24,7 %-ға төмендеді.

      Жобаны әрі қарай жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2017 жылға жалпы сомасы 7,1 млрд. теңге қарастырылған. Осы жылы «Өрлеу» пилоттық жобасына еліміздің барлық аудандары мен қалаларынан табысы аз 150 мың азаматты қамту жоспарлануда.

       Бүгін, министр, «е-Халық» ақпараттық жүйесі мен «Жаңа серпін» өңірлік жұмыспен қамту бағдарламасын таныстыру жоспарланған Ақтау қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысына назар аударып, қалалық жұмыспен қамту орталығында болмақ.

       Сонымен қатар, Тамара Дүйсенова, Маңғыстау облысы Мұнай ауданындағы жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарында болып, «Е-халық» ақпараттық жүйесін енгізуге дайындық шаралары бойынша Басқұдық ауылы әкімінің қызметімен таныспақ.

       Жұмыс сапарының қорытындысында, ҚР ЕХӘҚМ басшысы, еңбек ресурстарын жұмылдыруды арттыру мен еңбек күші тапшы аймақтарға азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуына арналған «Өркен» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында тұрғызылып жатқан 500 орындық жатақхана құрылысының мән-жайына қанығады.

       Еске сала кетсек, «Ауылдық округ әкімінің автоматтандырылған жұмыс орны» (әрі қарай – «АРМ АСО») бағдарламасы қанатқақты тәртіпте 2015 жылдың мамыр айында Ақмола облысында іске қосылды. Аталған ақпараттық жүйе ауылдық округ деңгейінде жұмыссыз, өзін жұмыспен қамтыған, аз қамтылған жандар және жалдамалы жұмыскерлер есебін жүйелендіруге; еңбек ресурстарының қорын шоғырландыруға; халықтың нысаналы топтары бойынша жұмыспен қамтудың нақты шараларын айқындауға; ішкі еңбек көшін анықтауға; өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтар қатарын реттеуге; әр отбасындағы жеке қосалқы шаруашылықтар жайлы деректерді дұрыстауға мүмкіндік бермек. «АРМ АСО» жобасы 2016 жылдың қазан айынан Ақтөбе облысында жүзеге аса бастады.

       Бүгінгі таңда, «АРМ АСО» жобасы, Ақмола облысындағы Аршалы ауданының 13 ауылдық округінде (25 мың 382 адам қамтылған) және Қорғалжын ауданының 8 ауылдық округінде (7 мың 585 адам қамтылған) қолданысқа енгізілген. Ақтөбе облысында, тиісті бағдарлама, 12 ауданда кәдеге жарауда (150 ауылдық округте 402 мың 139 адам қамтылған). 

        Табысты сынақ кезеңдерінен соң, «АРМ АСО» жобасы аясында ауылдық округтерден тыс, қалаларды да қамтуға жол ашатын неғұрлым ауқымды «е-Халық» ақпараттық жүйесі жасалды.  

17 наурыз, 2017 - 13:12 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
«ӨРЛЕУ» жобасы
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші