You are here

"Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Заңы

 

Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы

 

Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы

№ 1787-ХІІ Заңы


МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Қазақстан Республикасының аталмыш Заңының күшi 1997 жылғы 1 сәуiрге дейiн тоқтатылды: төтенше, ең жоғары, жоғары, ең төмен радиациялық қауiптi аймақтарда және жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақта тұрған және тұратын азаматтарға бiр жолғы ақшалай өтемақылар төлеуге қатысты бөлiгi, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерiн ұстауға арнап республикалық бюджеттен бөлiнетiн қаржыны 1,5 есе көбейтуге қатысты бөлiгi - ҚР Президентінің 1994.03.20. 1612 Жарлығымен.

      Ескерту. 12-баптың бір тармақшасының 1, 2, 3, 4, 5, 6 бөліктерінің күші қайта қалпына келтірілді - ҚР Заңының 1994.12.07. 119.

      Семей ядролық сынақ полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық қаруды сынау адамдардың денсаулығына және айналадағы табиғи ортаға орны толмас зиян келтірді, халықтың жалпы аурулары мен өлімін көбейтті. Бүкіл Семей аумағы мен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға жақын жатқан аудандары экологиялық апат аймағы деп танылды.

      Ядролық сынақтардың апатты зардабының қатерлі әсері уақыт озған сайын күшейе түсіп, ұрпақтан-ұрпаққа, ауысып, барған сайын қатерлі әсер етуде.
      Бұл зардаптарды жою халықты емдеу, сауықтыру, денсаулығын қалпына келтіру, әлеуметтік қорғау жөніндегі арнаулы мемлекеттік бағдарлама мен кешенді шаралардың жүзеге асырылуын талап етеді.

1-тарау


Жалпы ережелер

1-бап. Заңның мақсаттары мен міндеттері

      Бұл Заң Семей ядролық сынақ полигонындағы ұзақ уақыт ядролық сынақтар жүргізудің салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау iсiн қамтамасыз етуге арналған.

      Заң көп жылдық ядролық жарылыстар әсерiнен зардап шеккен азаматтардың мәртебесi мен аумақтардың түр-түрiн белгiлейдi, өтемдер, жеңілдiктер түрлерiн және аумақты әлеуметтiк-экономикалық дамыту жөніндегi шараларды айқындайды.

2-бап. Азаматтардың өз денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның орнын толтыруға құқығы

      Осы Заңның 10-бабында аталған азаматтар категориясының өз денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның орнын осы Заңның 12, 13, 14, 15-баптарымен айқындалған мөлшерде толтыртуға құқығы бар.
      Бұл Заңның күшi Семей облысының аудандары мен қалаларында және Павлодар , Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарының ядролық қарулы сынау салдарынан радиоактивтi заттармен ластануға ұшыраған тиiстi аудандарында тұратын азаматтарға қолданылады.
      Аталған аудандар мен қалалардан басқа жерге тұру үшiн кетiп қалған, осы Заң қолданылатын және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын азаматтар осы Заңмен көзделген жеңiлдiктерді пайдаланады.
      Аталған аудандар мен қалалардан басқа жерге тұру үшiн кетiп қалған, осы Заң қолданылатын және Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерде тұратын азаматтар халықаралық келiсiмдерге сәйкес осы Заңда көзделген жеңiлдiктердi пайдаланады.

 3-бап. Мемлекеттің ядролық сынақтар салдарынан
             зардап шеккен азаматтар құқықтарын қамтамасыз
             ету жөнiндегi міндеттерi

      Республикалық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың өз денсаулығы мен мүлкіне келтiрiлген зиянның орнын толтыртуға құқықтарын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Осы Заңды iске асыру жөнiндегi қажеттi шараларды жүзеге асыру және азаматтарды құқықтық қорғау жөнiндегi мiндеттердi мемлекет өз мойнына алады.

2-тарау

 
Ядролық сынақтардың әсерiне ұшыраған аумақты түр-түрге бөлу

  4-бап. Ядролық сынақ жүргiзген кезде радиоактивтi
             шөгiндiлердiң әсерiне ұшыраған аумақты
             түр-түрге бөлу

      Сәулеленудiң әсерлi эквиваленттi мөлшерi бүкiл сынақ кезеңiнде халық үшiн 0,1 бірден асатын аумақ ластанған деп есептеледi.
      Залалданған аумақтар әсерлi эквиваленттi мөлшерiнiң шамасына қарай:
      - төтенше радиациялық қауiптi аймақ;
      - ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ;
      - жоғары радиациялық қауiптi аймақ;
      - ең төмен радиациялық қауiптi аймақ;
      - жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ деп бөлiнедi.
      Шаруашылық қызметiнiң түрлерi мен оны ұйымдастыру тәртiбiн, табиғат пайдалану көлемi мен аумақты экологиялық жағынан қалпына келтiрудi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейдi. K030442, K070212
      Бұдан былай аймақтар шекарасы мен оларға кiретiн аудандарды Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi бекiтедi.

     

5-бап. Төтенше радиациялық қауiптi аймақ

      Төтенше радиациялық қауiптi аймақ - аумақтың бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 100 бэрден жоғары әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған, ең жоғары сейсмикалық әсер белдеуiне кiретiн бөлiгi. Бұл аймаққа Семей облысының Абай ауданындағы Сарыжал селолық Кеңесiнiң, Бесқарағай ауданындағы Долон және Бөденелi селолық Кеңестерiнiң, Жаңасемей ауданындағы Сарыапан және Иса елдi мекендерiнiң аумақтары жатады.

 

6-бап. Ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ

      Ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ - аумақтың бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 35-тен 100 бэрге дейiн әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған бөлiгi.
      Бұл аймаққа Семей облысының Абай, Абыралы, Бесқарағай және Жаңасемей аудандарының елдi мекендерi, Павлодар облысының Май ауданындағы Ақжар және Малдар селолық Кеңестерi жатады.

 

7-бап. Жоғары радиациялық қауiптi аймақ

      Жоғары радиациялық қауiптi аймақ - аумақтың бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 7-ден 35 бэрге дейiн әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған бөлiгi. Бұл аймаққа Семей облысының Шұбартау, Новошульба, Бородулиха, Шар, Жарма, Аягөз аудандарының елдi мекендерi, Семей және Курчатов қалалары, Қарағанды облысының Егiндiбұлақ ауданы, Павлодар облысының Май ауданы, Шығыс Қазақстан облысының Таврия, Глубокое, Шемонайха, Ұлан аудандары, Өскемен және Лениногорск қалалары жатады.

     

8-бап. Ең төмен радиациялық қауiптi аймақ

      Ең төмен радиациялық қауiптi аймақ - аумақтың бүкiл сынақ кезеңiнде халыққа 0,1-ден 7 бэрге дейiн әсер ететiн мөлшерi бар радиациялық ластануға ұшыраған бөлiгi.
      Бұл аймаққа Семей облысының Мақаншы, Yржар, Таскескен, Көкпектi, Ақсуат аудандарының, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының, Павлодар облысы Лебяжi ауданының, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Тарбағатай аудандарының елдi мекендерi жатады.

 

9-бап. Жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық
             мәртебесi бар аумақ

      Жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ - бүкiл сынақ кезеңiнде тиiмдi эквиваленттi сәулелену мөлшерi әртүрлi себептерден 0,1 бэрден төмен болған, бiрақ радиациялық қауiптi және сейсмикалық қауiптi аудандарға жақын тұруға байланысты елеулi психикалық-эмоциялық терiс әсерi бар ең төмен радиациялық қауiптi аймаққа таяу жатқан аумақ (әкiмшiлiк аудандардың шекарасы шегінде).
      Бұл аймаққа Павлодар облысының Баянауыл ауданы жатады.

 

3-тарау
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар
салдарынан зардап шеккен азаматтардың мәртебесi

      10-бап. Заңның күшi қолданылатын, ядролық сынақтар
              салдарынан зардап шеккен азаматтар категориясы

      Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға мыналар жатады:
      әуеде және жер үстiнде ядролық жарылыстар жасаған кезеңде (1949-1965 жж.) радиоактивтi заттармен ластануға ұшыраған аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар;
      1966 жылдан 1990 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi аралықта жерасты ядролық жарылыстарын жасау кезеңiнде осы аумақтарда тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар;
      1949 жылдан 1990 жылға дейiнгi аралықта жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақта тұрған, жұмыс iстеген немесе әскери қызмет (соның iшiнде мерзiмдi) атқарған азаматтар;
      осы баптың екiншi және үшінші абзацтарында аталған, мүгедек деп танылған аурулары бар адамдардың балалары, олардың денсаулық жағдайы мен Заңда аталған аймақтарда ата-аналарының бiрiнiң болу факторы арасындағы себепті байланыстар анықталған ретте.

 

      11-бап. Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен
              азаматтардың куәлiгi

      10-бапта аталған адамдарға куәлiк берiледi, ол осы Заңда көзделген жеңiлдiктер мен өтемдерге құқықты растайтын құжаттар болып табылады.
      Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды тiркеу және оларға куәлiктер беру Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлегентәртiппен жүзеге асырылды.

4-тарау

 
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар
салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау

      12-бап. Ядролық сынақтар салдарынан зардап
              шеккен азаматтардың жеңiлдiктерi
              мен өтемдерi

      5, 6, 7, 8, 9-баптарда аталған аймақтарда жұмыс істеген, тұрған және тұрып жатқан азаматтарға:
      ядролық сынақтар келтiрген зиян үшін мына аймақтар бойынша:
      - төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1949-1965
жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн 5 ең төмен жалақы және 1966-1990 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн бiр ең төмен жалақы мөлшерiнде;
      - ең жоғары радиациялық қауіпті аймақ бойынша 1949-1965 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн екi жарым ең төмен жалақы және 1966-1990 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн бiр ең төмен жалақы мөлшерiнде;
      - жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1949-1965 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн бiр жарым ең төмен жалақы және 1966-1990 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн 0,75 ең төмен жалақы мөлшерiнде;
      - ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1949-1955 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн ең төмен жалақы мөлшерiнде және 1966-1990 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн 0,5 ең төмен жалақы мөлшерiнде;
      - жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша - 1949-1990 жылдардағы кезеңде сол жерде тұрған әр жыл үшiн 0,25 ең төмен жалақы мөлшерiнде бiр жолғы ақшалай өтемге кепілдiк берiледi.
       Ең төмен жалақыдегенiмiз - өтем берген кездегi ең төмен жалақы болып табылады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді, ол заңды күшіне 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап енеді - ҚР Заңымен 1997.06.19 134; ҚР Заңымен 1999.07.04. 374.

 

      13-бап. Халықты әлеуметтiк жағынан қолдау

      Осы заңның 5 және 6-баптарында аталған аумақтарда тұрып жатқан және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетке шыққан азаматтардың аймақтар бойынша мынадай мөлшерде үстемақы алуға құқығы бар:
      төтенше радиациялық қатер аймағы - 2 айлық есептiк көрсеткiш;
      ең жоғары радиациялық қатер аймағы - 1,75 айлық есептiк көрсеткiш.
      5, 6, 7, 8, 9-баптарда аталған аумақтарда тұратын халық:
      1) Мына аймақтар бойынша төмендегiдей қосымша еңбекақы алуға:
      төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 2 айлық есептік көрсеткіш;
      ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1,75 айлық есептік көрсеткіш;
      жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1,5 айлық есептік көрсеткіш;
      ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 1,25 айлық есептік көрсеткіш;
      жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша - 1 айлық есептік көрсеткіш алуға құқылы.
      2) Алынып тасталды
      3) Мына аймақтар бойынша төмендегiдей жыл сайын ақысы төленетiн қосымша демалыс алуға:
      төтенше радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 14 календарьлық күнi бар;
      ең жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 12 календарьлық күнi бар;
      жоғары радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 10 календарьлық күнi бар;
      ең төмен радиациялық қауiптi аймақ бойынша - 7 календарьлық күнi бар;
      жеңiлдiктi әлеуметтiк-экономикалық мәртебесi бар аумақ бойынша 5 календарьлық күнi бар демалыс алуға құқылы.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді, ол заңды күшіне 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап енеді - ҚР 1997.06.19 134; 1999.11.16. 480Заңдарымен.

 

      14-бап. Әйелдерге, балаларға және жасөспірімдер
              мен олардың ата-аналарына берілетін
              қосымша жеңілдіктер мен өтемдер

      Ядролық сынақтар әсеріне ұшырған аумақтарда тұратын әйелдердің қалыпты босану жағдайында 170 күнтізбелік күн, босануы ауыр болған реттерде және екі немесе одан да көп бала туған жағдайда 184 күн жүкті болуы мен босануы бойынша демалыс алуға құқығы бар.
      Ядролық сынақтар әсерінен зардап шеккен аумақтарда тұратын балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің санаторий-сауықтыру мекемелерінде тегін сауығуға (медициналық көрсеткіштер бойынша) құқығы бар.
      Сырқат баланы күту жөніндегі жұмысқа жарамсыздық парағына Қазақстан Республикасының заңдарынасәйкес ата-ананың біреуіне немесе олардың орнындағы адамдарға, жұмыс стажына қарамастан, бүкіл сырқаттанған кезеңге ақы төленеді.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда және өзгерістер енгізілді - ҚР Заңымен 1998.12.17 №323(1999.01.01 бастап күшіне енеді), ҚР 1999.07.04   № 374Заңымен.

 

      15-бап. Әскери қызметшiлерге берiлетiн
              жеңiлдiктер туралы

      Әскери қызметшiлер ластанған аумақтарда әскери қызмет атқарған жағдайда осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнесәйкес құқықтар мен жеңiлдiктердi пайдаланады.
      Ескерту. орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР 2007.05.22 255Заңымен.

 

5-тарау


Аумақты экологиялық жағынан сауықтыру және халыққа
медициналық көмек көрсету

 

      6-бап. Ядролық жарылыстар әсерiне ұшыраған аумақты
             экологиялық жағынан сауықтыру

      Семей полигонындағы ядролық жарылыстар әсерiне ұшыраған аумақтарда айналадағы табиғи ортаны сауықтыруға бағытталған мынадай кешендi шаралар жүзеге асырылады: айналадағы ортаны ғылыми тұрғыдан зерттеу, сыртқы орта объектiлерiн және жергiлiктi жерде өндiрiлетiн тамақ өнiмдерiн тұрақты бақылауды жүзеге асыру, шаруашылық және өзге қызметке мемлекеттiк және қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу, радиациялық ластанған аумақтарды шаруашылық айналысына қайтару жөнiнде шаралар жүргізу.

 

      17-бап. Халыққа медициналық көмек ұйымдастыру

      Осы Заңда аталған адамдар кешендi медициналық тексеруден өткiзуге жатады.
      Оларды жеке есепке алу iсiн қамтамасыз ету үшiн Мемлекеттiк регистр құрылады.
      Семей полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету және оларға кешендi медициналық тексеру жүргiзу iсiн солар тұратын немесе жұмыс iстейтiн жердегі денсаулық сақтау мекемелері жүзеге асырады. Бұл адамдарға кезектен тыс мамандандырылған медициналық қызмет көрсету iсiн Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерi жүзеге асырады.
      Республика бюджетiнде жыл сайын республикалық орташа деңгеймен салыстырғанда бiр тұрғынға 1,5 еседен келетiндей есеппен медициналық мекемелердi ұстауға арналған қаржыларды қамтамасыз ететiн қаражат көзделедi. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi ядролық сынақтар әсерiне ұшыраған аумақтарда орналасқан денсаулық сақтау мекемелерi үшiн жыл сайын медициналық техника мен дәрі-дәрмекті нысаналы түрде бөлудi қамтамасыз етеді.

 

      18-бап. Аурулардың Семей ядролық сынақ полигонындағы
              ядролық сынақтарға байланыстылық себептерiн
              анықтау тәртiбi

      Ядролық сынақтарға байланыстылық себептерi бар деп танылуы мүмкiн аурулар тiзбесiнжәне байланыстылықты анықтау тәртібінҚазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi айқындайды.

 

6-тарау


Азаматтарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етудің
экономикалық негіздері және лауазымды адамдардың
жауапкершілігі

 

      19-бап. Азаматтарды әлеуметтік қорғау жөніндегі
              шараларды қаржыландыру және
              материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Азаматтарды осы Заңда көзделген әлеуметтік қорғау жөніндегі шаралар:
      республикалық және жергілікті бюджеттердің;
      кәсіпорындардың қаражаты;
      қайырмалдықтардың, қайырымдылық көмектің, сондай-ақ халықаралық қорлардың қаражаты есебінен қаржыландырылады.
      Халықты медициналық сауықтыру және аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту нысаналы мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.07.04 374Заңымен.

     

20-бап. Осы Заңның бұзылғаны үшiн жауаптылық

      Осы Заңның бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік, материалдық, әкiмшiлiк,  қылмыстықжауапқа тартылады.

 

7-тарау
 

Халықаралық шарттар

      

21-бап. Халықаралық шарттар

      Бұл Заң шетел азаматтарына халықаралық келісімдерге сәйкес қолданылады.
      Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының осы
Заңда жазылғаннан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

     

 

Қазақстан Республикасының

Президенті

  

29 наурыз, 2011 - 09:41 өзгертілді
ҚР тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері
Атаулы әлеуметтік көмек
АӘК есептеу бойынша онлайн калькулятор
Статусын тексеру
Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар
«Еңбек жолы» Республикалық конкурсы
Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталаңдыру
ҰБЖ
Жаңа ұлттық қызметтер жіктеуіші